Әлеуметтік қамсыздандырудың конституциялық кепілдіктерін іске асыруда халықты әлеуметтік қорғау ерекше орын алады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету болып табылады.
Әлеуметтік қорғау дербестендірілген сипатта болады және Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, «Ардагерлер туралы», «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы», «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес құқығы бар адамдардың жеке-дара айқындалған тобына ғана қолданылады.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің негізгі міндеті мынадай салаларда мемлекеттік саясатты қалыптастыру болып табылады:
1) балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау;
2) жан басына шаққандағы орташа кірісі кедейлік шегінен аспайтын адамдарға (отбасыларға) атаулы әлеуметтік көмек;
3) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлеу арқылы азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек;
4) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау;
5) Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау.
Балалы адамдардың (отбасылардың) әлеуметтік қорғалу құқығы
Балалы адамдардың (отбасылардың):
1) бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
2) бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
3) бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
4) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
5) мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы түрінде әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
Жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген және өзінің туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар шетелдіктерге бала туған күннен бастап беріледі.
Атаулы әлеуметтік көмек алу құқығы
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтардың атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алуға құқығы бар.
Отбасының әрбір мүшесіне АӘК мөлшері кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы арасындағы айырма ретінде айқындалады. Кедейлік шегі халықтың медиандық табысының 35% мөлшерінде, бірақ ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен емес мөлшерде айқындалады.
АӘК көрсету тетігін енгізудің негізгі мақсаты аз қамтылған азаматтар мен отбасыларға мынадай мемлекеттік қолдау түрлерін қамтитын кешенді әлеуметтік көмек көрсету болып табылады:
біріншіден, ай сайынғы ақшалай төлем;
екіншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау. Сондай-ақ өз ісін ашуға немесе қолданыстағы бизнесті кеңейтуге микрокредит алу мүмкіндігі беріледі;
үшіншіден, АӘК алушы отбасылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қоса алғанда, әрбір балаға ай сайын 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем.
АӘК тоқсан сайын тағайындалады.
Халықтың медиандық табысы мен ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы өзгерген жағдайда кедейлік шегінің мөлшері тиісінше қайта қаралады.
Тағайындалатын АӘК мөлшері жиынтық табыс пен кедейлік шегінің мөлшеріне қарай әрбір нақты адам (отбасы) үшін жеке айқындалады.
АӘК тағайындау кезінде мұқтаждықты бағалаудың кешенді тәсілі қолданылады.
Негізгі өлшем шарт отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы болып табылады, ол белгіленген кедейлік шегінен аспауға тиіс. Бұл ретте отбасының нақты материалдық жағдайын бағалау үшін учаскелік комиссиялар институты жұмыс істейді.
Учаскелік комиссиялар тұрақты жұмыс істейтін алқалы органдар болып табылады және АӘК алуға өтініш білдірген отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізеді. Тексеру нәтижелері бойынша комиссиялар АӘК тағайындау қажеттілігінің бар немесе жоқ екендігі туралы қорытынды шығарады.
АӘК алу құқығын айқындау кезінде табыстар туралы мәліметтер ғана емес, сонымен қатар белгіленген мұқтаждық өлшемшарттары, оның ішінде отбасының мүліктік жағдайы да ескеріледі. Мұндай тәсіл мемлекеттік қолдауды шын мәнінде өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасыларға неғұрлым атаулы түрде бағыттауға мүмкіндік береді.
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алу құқығы
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы бар.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алу құқығын пайдаланады.
Бір мезгілде бірнеше негіз бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы олардың таңдауы бойынша тек бір негіз бойынша ғана төленеді.
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар азаматтарға:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
2) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
3) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар;
4) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдар;
5) Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлері;
6) Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезеңінде қаза тапқан (хабарсыз кеткен) немесе жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің отбасылары; бейбіт уақытта әскери қызметін, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің отбасылары, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасылары; Чернобыль АЭС-індегі апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезінде қаза тапқандардың отбасылары; сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль АЭС-індегі апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасылары;
7) Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы);
8) Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері, «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағына ие болған адамдар;
9) «Халық қаһарманы» атағына ие болған адамдар;
10) «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдар;
11) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар;
12) 1988–1989 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысушылар, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылғандар (өз еркімен кеткендер) қатарындағы адамдар;
13) Әлеуметтік кодекстің 177-бабының 8-тармағында көзделген жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшеріне дейін қосымша төлем алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші және үшінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жағдайда Байқоңыр қаласында тұратын бірінші, екінші және үшінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;
14) Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жағдайда Байқоңыр қаласында тұратын мүгедектігі бар жеті жасқа дейінгі балалар;
15) Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жағдайда, Байқоңыр қаласында тұратын жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтардағы мүгедектігі бар балалар;
16) саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын адамдар;
17) Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдар жатады.
Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға берілетін мемлекеттік жәрдемақы алу құқығы
Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы, онымен туыстық байланысына қарамастан, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген шетелдіктерге беріледі.
Отбасында бірінші топтағы мүгедектігі бар екі және одан да көп адам тұратын жағдайда күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы олардың әрқайсысы үшін тағайындалады және төленеді.
Сотталған адам қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бірінші топтағы мүгедектігі бар бір адамға ғана күтім жасай алады.
Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға бірнеше адам күтім жасаған жағдайда күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы осы адамдардың біреуіне тағайындалады және төленеді.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға тек қана бір сотталған адам күтім жасай алады.
Бірінші топтағы мүгедектігі бар адам және күтім жасайтын адам бір елді мекенде тұруға тиіс.
Күтімді қажет ететін бірінші топтағы мүгедектігі бар сотталғандар және оларға күтім жасайтын сотталғандар қылмыстық-атқару жүйесінің бір мекемесінде ұсталуға тиіс.
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау
1949 жылдан 1990 жылға дейiнгi аралықта ядролық сынақтар салдарынан ластануға ұшыраған аумақтарда тұрған, жұмыс iстеген, әскери қызмет атқарған азаматтар Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендер болып табылады және олар ядролық сынақтар салдарынан болған залал үшін кепілдендірілген біржолғы ақшалай өтемақыға құқылы, сондай-ақ қазіргі кезде радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқан зардап шеккен азаматтарға жұмыс берушімен мөлшері мен күндер саны жұмыскердің тікелей еңбек қызметін жасайтын радиациялық қауіпті аймаққа байланысты анықталатын қосымша еңбекақы және жыл сайын ақысы төленетiн қосымша демалыс күндері беріледі.
Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау
Қазіргі кезде экологиялық қасірет аймағында тұратын халыққа жұмыс берушімен коэффициенті және күндер саны жұмыскердің тікелей еңбек қызметін жасайтын экологиялық қасірет аймағына байланысты анықталатын қосымша еңбекке ақы және жыл сайын ақы төленетін қосымша демалыс күндері, сонымен қатар еңбек демалысын берумен бірге жыл сайын сауықтыруға арнап қолданылып жүрген төлемдердің үстіне бір айлық тариф нарқы немесе қызметтік айлықақы көлемінде материалдық көмек беріледі.