ҚР Еңбек кодексінің 139-бабының 9-тармағына сәйкес азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандарға, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшiлердiң айлықақыларымен және мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемiнде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтiк мөлшерлемелер белгiленедi.
«Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» ҚР Президентінің 2023 жылғы 15 қарашадағы № 432 Жарлығына сәйкес 2024 жылғы 9 қаңтардан бастап Алматы облысы Іле ауданының Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылды және Алатау қаласы болып өзгертілді.
Осыған орай Іле ауданының Жетіген ауылы оған Алатау қаласы мәртебесін бере отырып, облыстық маңызы бар қалаға жатқызылған күннен бастап осы өңірдің қызметкерлеріне ауылдық жерде жұмыс істегені үшін жоғары жалақы белгілеу туралы норма қолданылмайды.
Өз кезегінде Жоба Алатау қаласының мемлекеттік ұйымдарының мамандарына лауазымдық жалақысы мен тарифтік мөлшерлемесінің кемінде жиырма бес пайызға жоғарылауын сақтау үшін әзірленді.
Аталған Жобаны қабылдаудың мақсаты жаңа Алатау қаласының белсенді даму кезеңінде оның кадрлық әлеуетін қолдау болып табылады.
2025 жылғы 2-17 сәуір аралығында қаулы жобасы ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында жария талқылау үшін орналастырылған.