Қазақстан Тәуелсіздік жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай прогреске қол жеткізіп, табысы ортадан жоғары деңгейдегі елге айналды.
Дүниежүзілік Банктің[1] деректеріне сәйкес 2000 жылдан бастап мемлекетіміз жан басына шаққанда тұрғындардың табысының 7 пайызға жуық нақты өсуіне қол жеткізіп, әлем экономикасындағы ең тез дамушы 10 елдің тобына кірді.
Мұндай тұрақты өсу кедейлік деңгейін едәуір төмендетуге, тұрғындардың біршама бөлігін неғұрлым нәтижелі жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, адамдардың әл-ауқатының жақсаруына, еңбек өнімділігінің артуына және жұмыссыздардың және нәтижесіз еңбекпен айналысатын адамдардың, әсіресе, ауылды жерлердегі санын азайтуға мүмкіндік берді.
Осы проблемаларды шешу үшін «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2011 жылдан бастап жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және аз қамтылған тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту жөніндегі шаралар белсенді түрде іске асырылды. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы Мемлекет басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Үкіметтің іс-қимыл жоспарының («2009 және 2010 жылдардағы жол карталары») логикалық жалғасы болып табылды әрі дағдарысқа қарсы ден қою тетіктерін қамтиды.
Сонымен бірге, экономиканың өсуі аясында, еңбек нарығындағы елеусіз сыйымдылықпен байланысты құрылымдық проблемалардан басқа, сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамту үлесінің жоғарылығына, кәсіптік оқытудағы кемшіліктерге, кәсіпкерлікпен айналысу қолжетімділігіне және еңбек нарығындағы аумақтық теңгерімсіздікке қатысты проблемалар шешімін таппай отыр.
Еңбек нарығында қалыптасқан проблемаларды шешу және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдау мақсатында Мемлекет басшысы 2016 жылғы 9 қыркүйекте Үкімет алдына жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру және жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде міндет қойды.
Жұмыспен қамту және еңбекақы төлеу, адами капитал сапасын арттыру саясатын жаңғырту, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету «Қазақстан – 2050» Стратегиясына және Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес даму басымдықтары ретінде айқындалған.
Осыған байланысты, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік біліктілікті және дағдыларды меңгерудің тиімді жүйесін, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауды қоса алғанда, еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға бағытталған.