«Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 908 бұйрығы бойынша ақпарат
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 12 желтоқсандағы № 504 бұйрығымен «Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 908 бұйрығымен (бұдан әрі - Қағидалары) бекітілген Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Аталған өзгерістерге сәйкес жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде орташа жалақыны есептеу үшін жұмыс уақытының теңгеріміне қарай орташа күндік жұмыс сағаттарының саны қолданылады және ауысым кестесіне қарамастан оқиғаның барлық күнтізбелік күндері ескеріледі, Қағидалардың
7-1-тармағы:
«Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағы төлемінен басқа қызметкердің орташа жалақысы орташа сағаттық жалақыны орташа күндік жұмыс сағаттарының санына және оқиғаның күнтізбелік күндер санына көбейту жолымен есептеледі.
Орташа күндік жұмыс сағаттарының саны мынадай формула бойынша айқындалады:
ОртКЖС = ОртАЖС / ОртАКК * ККоқ, мұндағы:
ОртКЖС – орташа күндік жұмыс сағаттарының саны;
ОртАЖС – оқиғаның басына қолданыста болатын күнтізбелік жылдың жұмыс уақытының теңгеріміне сәйкес бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасындағы орташа айлық жұмыс сағаттарының саны;
ОртАКК – оқиғаның басына қолданыста болатын күнтізбелік жылдың жұмыс уақытының теңгеріміне сәйкес мереке күндерін есептегемегенде күнтізбелік күндердің орташа айлық саны;
ККоқ - оқиға кезеңіне сәйкес келетін мереке күндерін есептемегенде күнтізбелік күндер саны.»
Қағидаларда техникалық қателікке байланысты «оқиғаның күнтізбелік күндер саны» ұғымы екі рет қайталанады, бұл орташа жалақы сомасының екі еселенуіне әкеледі.
Осыған байланысты жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде орташа жалақыны есептегенде оқиғаның күнтізбелік күндер санын бір рет қолдану қажет.
Жіберілген қателік жуық арада жойылатын болады.
Мысалы, ұзақтығы 17 күнтізбелік күн болатын еңбек демалысын есептеу кезінде орташа жалақы келесідей есептеледі:
орташа күндік жұмыс сағаттарының саны келесідей айқындалады:
ОртКЖС = ОртАЖС / ОртАКК
165,33 : 29,42 = 5,6 жұмыс сағаттары, мұндағы:
165,33 – 2024 жылғы жұмыс уақытының теңгерімі бойынша бес күндік 40-сағаттық жұмыс аптасындағы орташа айлық жұмыс сағаттарының саны;
29,42 – 2024 жылғы жұмыс уақытының теңгерімі бойынша бір айдағы күнтізбелік күндердің орташа саны.
Қағидалардың 8-тармағына сәйкес орташа сағаттық жалақы:
1 500 000 : 2000 = 750 теңге сағатына, мұндағы:
1 500 000 – есеп айырысу кезеңіндегі нақты есептелген сома;
2000 – есеп айырысу кезеңіндегі нақты жұмыс істелген сағаттар.
Еңбек демалысына ақы төлеу:
750 тг * 5,6 (орт. күндік жұмыс сағ. саны) * 17 (еңбек демал. күнд.) = 71400 тг.