Жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттарын айқындау туралы
«Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 16) тармақшасына және 18-бабының
1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын және әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды көрсету үшін келесі жұмыспен қамтылған адамдардың санаттарын айқындалсын.
1) мыналарды:
моторлы көлік құралдарын шығаруды және өзі өсірген жүзімнен шарап өндіруді көздейтін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарлар/өнімдер шығаруды жүзеге асыратындарды;
«Мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 918 қаулысына сәйкес мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізбесіне енгізілген металлургия өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыратындарды;
қиыршықтас және құм карьерлерін игеруге арналған жобаларды қоспағанда, өз қызметін тау-кен өндіру өнеркәсібінде жүзеге асыратындарды;
құрылтайшылары (оның ішінде қатысушылары, акционерлері) мемлекеттік кәсіпорындар/мекемелер, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (жарғылық капиталына қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы шарт шеңберінде құрылған кәсіпкерлерді қоспағанда) тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдар болып табылатын ұйымдарды қоспағанда, ісін енді бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдар;
2) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген қысқартылатын жұмыскерлер;
3) дара кәсіпкерлер және (немесе) әрекет етпейтін дара кәсіпкерлер ретінде тіркелмей кіріс алу мақсатында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру (өткізу) жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар;
4) отбасылық кәсiпкерлiкте еңбекақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар;
5) жеке қосалқы шаруашылығында сату (айырбастау) үшін өнім өндірумен айналысатын қызметті дербес жүзеге асыратын, табысы ең төмен күнкөріс деңгейiнен аз тұлғалар;
6) табысы ең төмен күнкөріс деңгейiнен аз өндірістік кооператив мүшелері.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Б. Сағынтаев