Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың білімін, іскерлігі мен дағдыларын бағалаудың тәуелсіз және объективті жүйесін енгізуге бағытталған «Кәсіптік біліктілік туралы» ҚР Заңын (бұдан әрі – Заң) іске асыру үшін Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасын қалыптастыру, сүйемелдеу және жүйелі-техникалық қызмет көрсету, өзге де ақпараттық жүйелермен интеграциялау, сондай-ақ Ұлттық біліктілік жүйесі мәселелері бойынша деректерді талдау және өңдеу тәртібін бекітті (Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 18 қыркүйектегі № 391 бұйрығы).
Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы (бұдан әрі – цифрлық платформа) - Заңның 6-бабының 1-тармағында көзделген және «сareer.enbek.kz» домендік атаудағы ақпаратты қамтитын «Электрондық еңбек биржасы» жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасының порталы.
Цифрлық платформаны қалыптастыру ұлттық біліктілік жүйесінің (бұдан әрі - ҰБЖ) базалық құралдары бойынша ақпараттың бірыңғай көзін, кәсіптік біліктілікті тану саласындағы нормативтік құқықтық, ақпараттық және әдіснамалық базаны, ҰБЖ қатысушыларының қызметі туралы ақпарат пен деректерді құруға бағытталған.
Ақпаратты цифрлық платформада орналастыруды Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жүзеге асырады.