Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың білімін, іскерлігі мен дағдыларын бағалаудың тәуелсіз және объективті жүйесін енгізуге бағытталған «Кәсіптік біліктілік туралы» ҚР Заңын іске асыру үшін кәсіптік біліктілікті тану тәртібін бекітті (Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 6 қыркүйектегі № 374 бұйрығы).
Қағидаларға сәйкес кәсіптік біліктілікті тану кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіптер бойынша ерікті негізде жүзеге асырылады.
Кәсіби біліктілігін тану үшін кандидат тану орталығына қағаз нысанда немесе ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:
* белгіленген нысан бойынша өтініш;
* еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;
* кәсіптік біліктілікті тану туралы құжаттардың көшірмелері (бар болса).
Кәсіптік біліктілікті тану рәсімін тану орталығының емтихан комиссиясы жүргізеді және мынадай кезеңдерден тұрады:
теориялық білім бойынша емтихан өткізу;
практикалық дағдылар бойынша емтихан өткізу.
Кәсіби біліктілікті тану рәсімі кандидатты таңдау бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде, офлайн немесе онлайн режимінде жүргізіледі.