Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың білімін, іскерлігі мен дағдыларын бағалаудың тәуелсіз және объективті жүйесін енгізуге бағытталған «Кәсіптік біліктілік туралы» ҚР Заңын іске асыру үшін кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестерді құру тәртібін бекітті (Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 8 қыркүйектегі № 378 бұйрығы).
Салалық кеңесті өзі жетекшілік ететін мемлекеттік басқару салаларын (салаларын) ескере отырып, салалық бағыттағы мемлекеттік орган құрады.
Салалық кеңестің құрамына мемлекеттік басқарудың тиісті саласында тәуелсіз сарапшыларды қосуға жол беріледі.
Салалық кеңестің бекітілген құрамының өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды.
Салалық кеңестің құрамына екі өкілден артық емес адам мыналардан енгізіледі:
мемлекеттік орган;
ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы;
Кәсіптік біліктілік жөніндегі Ұлттық орган;
жұмыс берушілер;
салалық кәсіптік одақтар (бар болса);
жұмыс берушілердің салалық бірлестіктері (қауымдастықтары, о дақтары), олар болмаған кезде салалық ұйымдар (болған кезде);
тиісті салада білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары.
Салалық кеңестің құрамын қалыптастыру үшін мемлекеттік орган өзінің интернет-ресурсында салалық кеңес құру туралы хабарландыру жариялайды.
Мүдделі тұлғалар хабарландыру жарияланған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде құжаттарды қоса бере отырып өтінішті қолма қол береді немесе мемлекеттік органның электрондық мекенжайына жібереді:
жазбаша өтініш;
тиісті саладағы жұмыс тәжірибесін растайтын құжат.
Салалық кеңестің қалыптастырылған құрамы мемлекеттік органның бұйрығымен бекітіледі және мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырылады.