Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың білімін, іскерлігі мен дағдыларын бағалаудың тәуелсіз және объективті жүйесін енгізуге бағытталған «Кәсіптік біліктілік туралы» ҚР Заңын іске асыру үшін кәсіптік біліктілікті тану орталықтарын аккредиттеу, аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу, кері қайтарып алу, қайта жаңғырту және қолданысын тоқтату тәртібін, сондай-ақ аккредиттеуден кейінгі шарттың үлгілік нысаны мен талаптарын бекітті (Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 9 қыркүйектегі № 381 бұйрығы).
Қабылданған Қағидалар шеңберінде кәсіптік біліктілікті тану орталықтарын аккредиттеу, аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу, кері қайтарып алу, қолданылуын қайта бастау және тоқтатуға қойылатын жалпы талаптар айқындалды.
Тану орталықтарын аккредиттеуді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келісуі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үш жыл сайын ерікті және өтеусіз негізде жүргізетінін атап өткен жөн.
Бұл ретте аккредиттеу мынадай негізгі кезеңдерді қамтиды:
1) өтінімді және ұсынылған құжаттарды қабылдау, қарау;
2) ұсынылған құжаттардың сараптамасы;
3) өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексеру;
4) аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау;
5) аккредиттеу аттестатын беру;
6) аккредиттеуден кейінгі шарт жасасу.
Сонымен қатар, аккредиттеу аттестатының қолданылуы аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешім болған кезде, аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі тоқтатылған кезде, тану орталығының қызметі тоқтатылған (таратылған) кезде, кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімі болған кезде тоқтатылады.