«Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 қаулысына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
көрсетілген қаулымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларында:
1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«1-тарау. Жалпы ережелер»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Осы Үлгілік қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) атаулы күндер – жалпыхалықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
3) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
4) ең төмен күнкөріс деңгейі – мөлшері бойынша облыстардағы республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы статистика органдары есептейтіноблыстардағы мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
7) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;
8) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
9) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), қаладағы ауданның халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;
10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және «Ардагерлер туралы» 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында,
12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Үлгілік қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.»;
2 және 3-тараулардың тақырыптары мынадай редакцияда жазылсын:
«2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі»;
«3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі»;
13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкіміне мынадай құжаттарды:
1) жеке басын куәландыратын құжатты;
2) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
3) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты.
Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтері ұсынылмайды.»;
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«14. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.»;
4 және 5-тараулардың тақырыптары мынадай редакцияда жазылсын:
«4-тарау. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер»;
«5-тарау. Қорытынды ереже»;
көрсетілген Үлгілік қағидаларда1-қосымша алынып тасталсын;
көрсетілген Үлгілік қағидаларда2-қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі А. Мамин