«Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығына толықтыру мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 27 қазандағы № 397 бұйрығы

«Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

БҰЙЫРАМЫН:

  1. «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10589 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген бұйрықпен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларында:

3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) біліктілік – қызметкердің кәсіптік даярлығының дәрежесі, күрделілігі белгілі дәрежедегі жұмысты орындау үшін қажетті білімі, ептілігі мен дағдыларының болуы;

2) еңбек ету қабілетінен айырылу – қызметкердің жұмысты орындау, қызмет көрсету қабілетінен айырылуы, оның дәрежесі айырылған еңбек ету қабілетіне пайыздық қатынаста көрсетіледі;

3) еңбек қабілеті – жұмыстың орындалу мазмұнына, көлеміне және шарттарына қойылатын талаптарға сәйкес қызметті жүзеге асыру қабілеті;

4) «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – «Еңбек нарығы» ААЖ) – әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызмет көрсету мақсатында халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның, халықты жұмыспен қамтудың жергілікті органдарының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, еңбек ресурстарын дамыту және ведомствоаралық өзара іс-қимыл орталығының қызметін автоматтандыруға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

5) кәсіп – арнайы даярлықтың және жұмыс тәжірибесінің нәтижесінде алған теориялық білімі мен практикалық машықтар кешенін меңгерген адамның еңбек қызметінің (кәсібінің) түрі;

6) кәсіптік ауру - жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауына байланысты оған зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған жіті немесе созылмалы ауру;

7) кәсіптік еңбек ету қабілеті – қызметкердің белгілі бір біліктіліктегі, көлемдегі және сападағы жұмысты орындауға қабілеті;

8) кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі (бұдан әрі – КЕА дәрежесі) – қызметкердің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау қабілеті төмендеуінің деңгейі;

9) куәландыру – оңалту әлеуеті мен болжамын белгілей және ескере отырып, МӘС жүргізу;

10) куәландырылатын адам – өзіне қатысты МӘС жүргізілетін адам;

11) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – «Е-Собес» ААЖ) – материалдық және заттай мәнде әлеуметтік көмек, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің бизнес-процестерін автоматтандыруға, жергілікті атқарушы органдар жүргізетін іс-шаралардың дерекқорын қалыптастыруға, жүргізуге және пайдалануға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

12) МӘС – мүгедектікті және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілей отырып (белгілемей), организм функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған куәландырылатын адамның тіршілік-тынысының шектелуін бағалау, сондай-ақ оның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттіліктерін айқындау;

13) МӘС әдіснама және бақылау бөлімі – аумақтық бөлімшенің МӘС мәселелері бойынша әдіснаманы және бақылауды жүзеге асыратын бөлімі;

14) МӘС бөлімі – аумақтық бөлімшенің МӘС жүргізу жөніндегі бөлімі;

15) мультипәндік топ – пациент организмінің функциялары мен құрылымдарының бұзылу сипатына, оның клиникалық жай-күйінің ауырлығына байланысты қалыптастырылатын әртүрлі мамандар тобы;

16) мүгедек – тұрмыс-тіршілігінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемістіктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам;

17) мүгедек бала – тұрмыс-тіршілігінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемістіктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған он сегіз жасқа дейінгі адам;

18) мүгедектерді әлеуметтік қорғау – мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөніндегі шаралар кешені;

19) мүгедектерді оңалту – организм функцияларының тұрақты бұзылып денсаулықтың бұзылуынан туындаған тіршілік-тынысының шектелуін жоюға немесе мүмкіндігінше толық өтеуге бағытталған медициналық, әлеуметтік және кәсіптік іс-шаралар кешені;

20) «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – «МОДБ» ААЖ) – мүгедектікті белгілеу, еңбек ету қабілетінен айырылу, оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу бойынша бизнес-процестерді автоматтандыруға, сондай-ақ МӘС бөлімдерінде куәландырудан өткен адамдар бойынша деректерді сақтау мен өңдеуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

21) мүгедектік – организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығының бұзылуы салдарынан адамның тіршілік-тынысының шектелу дәрежесі;

22) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі – ОЖБ) – мүгедекті оңалтуды жүргізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімдерін айқындайтын құжат;

23) оңалту әлеуеті – мүгедек организмінің бұзылған функциялары мен қабілеттерін медициналық, психологиялық және әлеуметтік факторларды талдау негізінде қалпына келтірудің нақты мүмкіндіктерінің көрсеткіші;

24) оңалту болжамы – оңалту әлеуетін іске асырудың болжамды мүмкіндігі және мүгедекті қоғамға кіріктірудің болжамды деңгейі;

25) оңалту-сараптамалық диагностика – оңалту әлеуетінің, оңалту болжамының бағасы;

26) организм функциялары – организм жүйелерінің физиологиялық (психикалықты қоса алғандағы) функциялары;

27) организм функцияларының бұзылуы – организмнің қызметінде немесе құрылымында туындайтын, олардың нормадан едәуір ауытқуы ретінде қаралатын проблемалар;

28) өндірістік жарақат – өзінің еңбек міндеттерін орындау кезінде алған, еңбек ету қабілетінен айырылуына әкеп соққан, қызметкер денсаулығының зақымдануы;

29) тіршілік-тынысының шектелуі – адамның өзін-өзі қарап күту, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзінің мінез-құлқын бақылау, оқу және еңбек қызметімен айналысу қабілетінен немесе мүмкіндігінен толық немесе ішінара айырылуы;

30) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – әлеуметтік-еңбек саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;

31) халықты жұмыспен қамту орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;

32) цифрлық құжаттар сервисі – операторға бекітілген және мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын көрсетілген мемлекеттік қызметтерді іске асыру мақсатында, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау, электрондық нысанда қызметтер алу және көрсету кезінде электрондық құжаттарды жасауға, сақтауға және пайдалануға арналған «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектісі.»;

8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«8. Куәландырылатын (қайта куәландырылатын) адамға МӘС оның тұрақты тұрғылықты (тіркелген) жері бойынша медициналық ұйымның ДКК жолдамасына сәйкес:

1) тиісті өңірдің МӘС бөлімдерінде және (немесе) МӘС әдіснама және бақылау бөлімдерінде;

2) стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында;

3) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында;

4) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде және тергеу изоляторында;

5) үйінде көрсетіледі;

6) сырттай.»;

9-тармақта:

бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

«9. Куәландыру (қайта куәландыру) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге арналған өтінішке (бұдан әрі - өтініш) сәйкес куәландырылатын адамның, өтініш берген кезде заңды тұлғаның жеке басын куәландыратын құжатты не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін) ұсына отырып және «электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік ақпараттық жүйелерден электрондық-цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжаттар нысанында алынатын мәліметтер негізінде жүргізіледі:»;

2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«2) «Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрық) бекітілген № 031/е нысаны бойынша МӘС-ке қорытынды (бұдан әрі – № 031/е нысаны). Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 321 бұйрығымен бекітілген «Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қызметі туралы» ережеге (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11310 болып тіркелген) сәйкес № 031/е нысанының мерзімі оған қол қойылған күнінен бастап бір айдан кешіктірмейтін уақытқа жарамды;»;

12) тармақшаның екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда, куәландырылатын адамның өтінішіне № 031/е нысаны, сондай-ақ тиісті құжаттардың қағаз жеткізгіштегі көшірмелері және салыстырып тексеру үшін түпнұсқалары қоса беріледі.»;

12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«12. МӘС бөлімінің немесе МӘС әдіснама және бақылау бөлімінің сараптамалық қорытындысы осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес организмнің негізгі функциялары бұзылуының және тіршілік-тынысы шектелуінің жіктемесі (бұдан әрі – жіктеме), сондай-ақ осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес он сегіз жасқа дейінгі балаларға мүгедектік мерзімдерін белгілеу үшін медициналық көрсетілімдердің негізінде организмнің жай-күйі мен тіршілік-тынысының шектелу дәрежесін кешенді бағалауға байланысты шығарылады.»;

15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«15. Куәландыру (қайта куәландыру) куәландырылатын адамның немесе заңды өкілінің келісуімен үйде, стационарда және куәландырылатын адам тасымалдауға келмейтін және (немесе) қызмет көрсетілетін өңірден тыс жерлерде стационарлық емделуде жүрген жағдайларда сырттай, № 031/е нысаны бойынша ДКК ұсынысы негізінде жүргізіледі.

Сырттай куәландырылған (қайта куәландырылған) жағдайда № 031/е нысанды куәландырылатын адамның орналасқан жері бойынша өңірдің медициналық ұйымы рәсімдейді.»;

17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«17. № 031/е нысаны негізсіз рәсімделген жағдайда МӘС бөлімі тексерудің және ұсынылған медициналық құжаттарды талдау деректерінің негізінде сараптамалық қорытынды шығарады және сараптамалық қорытынды шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұл туралы медициналық және фармацевтикалық бақылау саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне және пациентті жіберген медициналық ұйымға № 031/е нысанының көшірмесін қоса бере отырып хабарлайды, бұл туралы МӘС актісінде және № 031/е нысанының МӘС сараптамалық қорытындысы туралы хабарламасында жазба жасалады.»;

20 және 21-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«20. Организм функцияларының бұзылуы мен тіршілік-тынысының, оның ішінде еңбек ету қабілетінің шектелуі дәрежесіне қарай мүгедек деп танылған адамға бірінші, екінші немесе үшінші топтағы мүгедектік, жеті жасқа дейінгі адамға «мүгедек бала» санаты, ал жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі адамға бірінші, екінші, үшінші топтағы «мүгедек бала» санаты белгіленеді.

  1. МӘС жүргізу кезінде мынадай мүгедектік себептері және (немесе) ЖЕА дәрежелері айқындалады:

1) жалпы ауру;

2) еңбек жарақаты;

3) кәсіптік ауру;

4) бала кезінен мүгедек;

5) жеті жасқа дейінгі мүгедек балалар;

6) жетіден он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар;

7) тиісті қызмет саласындағы уәкілетті орган себептік-салдарлық байланысты белгілеген жағдайда, қызметтік міндеттерін атқару кезінде, әскери қызмет өткеру кезінде, азаматтық немесе әскери мақсаттағы ядролық объектілердегі авариялардың зардаптарын жою кезінде не ядролық объектілердегі авариялық жағдайлар нәтижесінде алған жаралану, контузия, мертігу, ауру, әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) атқаруға байланысты емес жазатайым жағдайдың салдарынан болған мертігу не әскери және қызметтік борышын орындауға байланысты емес ауру;

8) тиісті қызмет саласындағы уәкілетті орган себеп-салдарлық байланысты белгілеген жағдайда төтенше экологиялық жағдайлар, оның ішінде ядролық жарылыстар мен сынақтар кезіндегі радиациялық әсер етудің салдарынан және (немесе) олардың зардаптарынан болған мүгедектер.

Мүгедектіктің себебі оның себептік-салдарлық байланысын анықтаған уәкілетті орган келтірген тұжырымдармен қатаң сәйкестікте шығарылады.»;

23 және 24-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«23. Егер куәландырылатын адам мүгедектік себебін ауыстырғысы келсе, осы Қағидалардың 9-тармағының 8), 9), 10) тармақшаларына сәйкес себептік-салдарлық байланысты растайтын құжаттарды МӘС бөліміне ұсынған күні мүгедектік себебін өзгерткен күн болып есептеледі.

  1. Мүгедектік мынадай мерзімдерге:

жеті жасқа дейінгі адамдарға – 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға және он алты жасқа толғанға дейін;

жеті жастан он сегіз жастағы адамдарға – 6 айға, 1 жылға, 5 жылға немесе он сегіз жасқа толғанға дейін;

он сегіз жастан асқан адамдарға – 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленеді.»;

35-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«35. Жүргізілген оңалту-сараптама диагностикасының нәтижелеріне және мүгедектің оңалту іс-шараларын жүргізуге қажеттілігіне қарай, № 031/е нысанда көрсетілген оңалту іс-шараларының жоспарын ескере отырып МӘС бөлімшесі мыналарды әзірлейді:»;

37-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«7) кезекті қайта куәландыру кезінде мүгедек деп танылмаған жағдайларда – осы Қағидаларға 17-қосымшаға сәйкес нысан бойынша толық оңалтылуы туралы хабарлама беріледі.

Сараптамалық қорытындыны шығару кезінде МӘС бөлімі және (немесе) МӘС әдіснама және бақылау бөлімі тиісті медициналық ұйымға № 031/е нысанының МӘС сараптамалық қорытындысы туралы хабарламасын амбулаториялық пациенттің медициналық картасына қосу үшін (электрондық немесе қағаз форматта) жібереді.

Алғашқы куәландыру кезінде мүгедек деп танылмаған жағдайда, ОЖБ-ны әзірлеуге медициналық-әлеуметтік көрсетілімдердің болмауына байланысты ОЖБ әзірлеуге немесе оны түзетуге негізсіз жіберген жағдайларда – куәландырылған адамға немесе заңды өкіліне № 031/е нысанының МӘС сараптамалық қорытындысы туралы хабарламасының телнұсқасы беріледі.

Мүгедектікті растау туралы ақпарат және осы тармақта көрсетілген, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде куәландырылатын адам алған құжаттардың электрондық нысандары «электрондық үкімет» www.egov.kz веб-порталының «жеке кабинеті» арқылы ЭЦҚ-ны және/немесе бір реттік парольді пайдалана отырып, куәландырылатын адамның сұрау салуы бойынша ұсынылады.»;

39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«39. Куәландырылатын адам немесе оның заңды өкілі сараптамалық  қорытындымен келіспеген кезде оны алған күннен бастап үш айдан кешіктірмей әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға шағым береді.

Шағымдану Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сотқа шағымдануға Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағымданғаннан кейін жол беріледі.»;

39-1-тармақтың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, куәландырылатын адам және/немесе оның заңды өкілі мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгінеді.»;

41, 42, 43 және 44-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«41. Тіршілік-тынысының мынадай санаттарының бірінің айқын білінетін шектелуіне не олардың ұштасуына әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттар немесе кемістіктер салдарынан болатын организм функцияларының тұрақты едәуір немесе айқын білінетін бұзылуы бірінші топтағы мүгедектікті немесе бірінші топтағы мүгедек баланың санатын белгілеу үшін негіз болып табылады:

1) үшінші дәрежедегі өзіне-өзі қызмет көрсетуге;

2) үшінші дәрежедегі жүріп-тұруға;

3) үшінші дәрежедегі еңбек қызметіне (еңбек ету қабілеті);

4) үшінші дәрежедегі оқуға;

5) үшінші дәрежедегі бағдарлай білуге;

6) үшінші дәрежедегі қарым-қатынас жасауға;

7) үшінші дәрежедегі өзінің мінез-құлқын бақылауға.

  1. Тіршілік-тынысының мынадай санаттарының бірінің айқын білінетін шектелуіне не олардың ұштасуына әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттар немесе кемістіктер салдарынан болатын организм функцияларының тұрақты білінетін бұзылуы екінші топтағы мүгедектікті немесе екінші топтағы мүгедек баланың санатын белгілеу үшін негіз болып табылады:

1) екінші дәрежедегі өзіне-өзі қызмет көрсетуге;

2) екінші дәрежедегі жүріп-тұруға;

3) екінші дәрежедегі еңбек қызметіне (еңбек ету қабілеті);

4) екінші дәрежедегі оқуға;

5) екінші дәрежедегі айналасын бағдарлай білуге;

6) екінші дәрежедегі қарым-қатынас жасауға;

7) екінші дәрежелі өзінің мінез-құлқын бақылауға.

  1. Тіршілік-тынысының мынадай санаттары бірінің шамалы білінетін шектелуіне не олардың ұштасуына әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттар немесе кемістіктер салдарынан болатын организм функцияларының тұрақты шамалы бұзылуы үшінші топтағы мүгедектікті немесе үшінші топтағы мүгедек баланың санатын белгілеу үшін негіз болып табылады:

1) бірінші дәрежедегі өзіне-өзі қызмет көрсетуге;

2) бірінші дәрежедегі жүріп-тұруға;

3) бірінші дәрежедегі еңбек қызметіне (еңбек ету қабілеті);

4) бірінші дәрежедегі оқуға;

5) бірінші дәрежедегі айналасын бағдарлай білуге;

6) бірінші дәрежедегі қарым-қатынас жасауға;

7) бірінші дәрежелі өзінің мінез-құлқын бақылауға.

  1. Аурулармен, жарақаттардың салдарымен немесе ақаулармен шартталған, өзіне-өзі қызмет көрсету, жүріп-тұру, оқу, бағдарлана білу, қарым-қатынас жасау, ойын және танымдық қызметке, өзінің мінез-құлқын бақылау, қимыл белсенділігі қабілетінің орташа, айқын немесе қатты білінетін шектелуіне әкеп соқтыратын организм функцияларының тұрақты орташа немесе айқын немесе едәуір, қатты білінетін бұзылуы 7 жасқа дейінгі балаға мүгедектік белгілеу үшін негіз болып табылады.»;

51-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«51. Мүгедектер мен еңбек ету қабілетінен айырылған адамдар белгіленген мүгедектіктің және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесінің мерзімдерін сақтай отырып қайта куәландырудан өтеді.»;

55 және 56-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«55. ОЖБ-ның медициналық бөлігінің орындалуы туралы деректерді медициналық ұйымдардың мамандары медициналық ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне енгізеді.

ОЖБ-ның әлеуметтік бөлігінің орындалуы туралы деректер «Е-собес» ААЖ-дан «МОБД» ААЖ-ға, ал ОЖБ-ның кәсіптік бөлігінің орындалуы туралы деректер «Еңбек нарығы» ААЖ-дан автоматтандырылған режимде келіп түседі.

Жұмыс берушілердің ОЖБ-ның әлеуметтік және/немесе кәсіптік бөліктерін орындауы туралы деректерді куәландырылатын адамның ақпараты негізінде МӘС мамандары «МОБД» ААЖ-ға енгізеді.

  1. МӘС бөлімі ОЖБ-ның іске асырылуына мониторингті және ОЖБ жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін бағалауды мүгедекті кезекті куәландыру кезінде жүзеге асырады.

ОЖБ медициналық бөлігінің жүргізілген кешенді оңалту іс-шараларының тиімділігін бағалауды мультипәндік топ, медициналық ұйымның ДКК жүзеге асырады.»;

2-1-қосымша осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

4-қосымша осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

  1. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
  • осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
  • осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
  1. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е. Е. Біржановқа жүктелсін.
  2. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

 

С. Шапкенов

 

 

 

 

 

«КЕЛІСІЛДІ»

Қазақстан Республикасы

Білім және Ғылым министрлігі

 

«КЕЛІСІЛДІ»

Қазақстан Республикасы

Денсаулық сақтау министрлігі

 

«КЕЛІСІЛДІ»

Қазақстан Республикасы

Цифрлық даму, инновациялар және

аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

Бұйрық
Дата публикации
30 октября 2021