Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы:

«4. «Еңбек» бағдарламасының мақсаты, міндеттері, нысаналы индикаторлары және іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері» бөлімінде:

«4.2 Міндеттер» тармағында:

мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

«2-1) мемлекеттің және «Атамекен» ҰКП қатысуымен микроқаржы ұйымдарын құру;»;

«5. «Еңбек» бағдарламасының негізгі бағыттары, мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу жолдары, тиісті шаралар» бөлімінде:

«5.2. Екінші бағыт: жаппай кәсіпкерлікті дамыту» кіші бөлімінде:

«5.2.2. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау» тармағында:

мынадай мазмұндағы бірінші және екінші бөліктермен толықтырылсын:

«Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың, микро-, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің (оның ішінде заңды тұлғалардың) қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейту мақсатында төмендетілген сыйақы мөлшерлемелері бойынша шағын қаржыландыруға қолжетімділікті оңайлату және арттыру есебінен өңірлерде қызметін жүзеге асыратын мемлекеттің және «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен микроқаржы ұйымдарын құру көзделеді.

Микроқаржы ұйымдарының орнықты жүйесін қалыптастыру мынадай іс-шараларды іске асыру есебінен жүзеге асырылады:

мемлекеттің (ӘКК) және «Атамекен» ҰКП қатысуымен барлық өңірлерде тиісінше 49% және 51% үлес арақатынасымен МҚҰ құру;

мемлекеттің қатысуымен құрылған/құрылатын МҚҰ үшін «Атамекен» ҰКП (келісім бойынша) әзірлеу:

- микрокредит берудің бірыңғай әдіснамасы (кредит саясаты, кепіл саясаты, Кредит комитеті туралы ереже, тәуекел-менеджмент туралы ереже);

- үлгілік ішкі нормативтік құжаттар (менеджменттің, Бақылау кеңесінің, кредиттік комитет мүшелерінің жауапкершілігі), бизнес-процестер регламенттерінің, постмониторингтің, есептілік;

«Атамекен» ӨКП аудандық филиалдары арқылы аудандық деңгейде өтініш берушілердің құжаттар пакетін (кредиттік өтінімін) толық қабылдауды қамтамасыз ету;

«Атамекен» ҰКП-ның қарыз алушылардың жобаларын сүйемелдеуді, оның ішінде рұқсат құжаттарын алу, мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл бойынша консультациялар беру, өндірілген өнімді өткізуді жолға қоюға жәрдемдесу және қарыз алушы кәсіпорнының тиімді қызметіне ықпал ететін өзге де шаралар арқылы ұйымдастыруға жәрдемдесуі;

«Атамекен» ҰКП-ның мемлекеттің және ҰКП-ның қатысуымен кредит берілген МҚҰ-ның қарыз алушыларына постмониторингті ұйымдастыруға жәрдемдесуі;

өтініш беруші туралы ақпаратты автоматтандырылған жинау үшін кейіннен мемлекеттік деректер базасымен интеграциялай отырып, кредиттік өтінімді қараудың бизнес-процестерін автоматтандыруды көздейтін қазіргі заманғы цифрлық технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттің және «Атамекен» ҰКП қатысуымен МҚҰ қызметінің ақпараттық-талдамалық инфрақұрылымын қалыптастыру;

мемлекеттің және «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен МҚҰ-ның өзін-өзі өтеуін қамтамасыз ету, теріс қаржылық үрдістердің туындауын, сондай-ақ банкроттық белгілерінің пайда болуын (операциялық шығындарды, пруденциялық нормативтерді сақтауды, провизиялар құруды, қамтамасыз етуді, пайданың ең төменгі нормасын ескере отырып) болдырмау;

мемлекеттің және «Атамекен» ҰКП қатысуымен МҚҰ қызметінде қаржылық және бюджеттік тәртіпті күшейту;

қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру жөніндегі құқыққа қарсы қызметке мемлекеттің және «Атамекен» ҰКП қатысатын МҚҰ-ның тартылуына жол бермеу;

мемлекеттің және «Атамекен» ҰКП қатысуымен МҚҰ қызметінің мониторингін ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды айқындау (пруденциалдық нормативтерге сәйкес)

мемлекеттің және «Атамекен» ҰКП қатысуымен МҚҰ жарғылық капиталдарын жергілікті бюджет қаражаты есебінен қалыптастыру/толықтыру;

микрокредит беру ұйымдарын қорландыру және мемлекет пен «Атамекен» ҰКП қатысатын МҚҰ-ны одан әрі жеңілдікті қайтарымды қорландыру үшін республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге 6%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша МҚҰ-ға одан әрі кредит беруді қамтамасыз ететін мөлшерлемелер бойынша бюджеттік кредиттер бөлу;

микрокредит беру ұйымдарының мемлекеттің және «Атамекен» ҰКП қатысуымен меншікті капиталға, тиісті пруденциялық нормативтерде белгіленген шектерде үшінші тұлғалар мен түпкілікті қарыз алушылардың кепіліне қорландыруы;

«Атамекен» ҰКП «Бастау Бизнес» жобасын іске асыру арқылы ШОБ субъектілері арасында қаржылық сауаттылық пен мәдениетті арттыру.»;

«5.2.3. Ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы, қалалар мен моноқалалардағы кредиттерге/микрокредиттерге кепілдік беру» тармағында:

үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

«Кредиттерге/микрокредиттерге кепілдік бергені үшін ЖАО-дан алынатын комиссиялардың мөлшері ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда кепілдік мөлшерінің 30%-ын, қалалар мен моноқалаларда – 30 %-ын құрайды.»;

бесінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

«Ісін жаңа бастаған/ісін жаңа бастаған жас кәсіпкер үшін кепілдіктердің мөлшері кредит/микрокредит сомасының 85 %-ынан аспайды (Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде кредит/микрокредит сомасының 50%-ынан аспайды), ал көп балалы және табысы аз отбасы мүшелері үшін кредит/микрокредит сомасының 95%-нан аспайды.».

  1. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

         Премьер-Министрі

А. Мамин

 

Дата публикации
25 января 2021