АӘК дегеніміз не, оны кімдер ала алады, қандай шарттармен және қандай мөлшерде?

  1. АӘК дегеніміз не, оны кімдер ала алады, қандай шарттармен және қандай мөлшерде?

Қысқаша жауап:

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) - бұл жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) берілетін мемлекеттік төлем. АӘК екі түрде көрсетіледі: шартсыз және шартты көмек. Көмек мөлшері отбасының жан басына шаққандағы табысы мен өңірлік кедейлік шегінің айырмасына байланысты жеке есептеледі.

Толығырақ жауап:

  1. АӘК дегеніміз не және кімге тағайындалады?

АӘК Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жан басына шаққандағы айлық орташа табысы өңірлік кедейлік шегінен төмен болған жағдайда беріледі.

  1. Кімдер құқылы?

АӘК-ке отбасының және жеке адамның жан басына шаққандағы айлық табысы өңірлік кедейлік шегінен төмен болған жағдайда құқығы бар.

  1. Кімдерге АӘК тағайындалмайды?

АӘК мынадай жағдайларда тағайындалмайды:

  • жан басына шаққандағы табыс кедейлік шегінен жоғары болса;
  • өтініш беруші материалдық жағдайын тексертуден бас тартса;
  • учаскелік комиссия мұқтаждық жоқ екенін анықтаса;
  • еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жұмыспен қамту шараларына қатысудан бас тартса;
  • әлеуметтік келісімшарт еңбекке қабілетті отбасы мүшесінің кінәсінен бұзылса немесе орындалмаса (6 айға дейін АӘК алу құқығынан айырылады);
  • әдейі жалған мәліметтер/құжаттар ұсынылса (6 айға дейін АӘК алу құқығынан айырылады).
  1. Көмектің түрлері:

- Шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамту шараларына қатысуға объективті мүмкіндігі жоқ адамдарға (зейнеткерлерге, І–ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға, еңбекке қабілетті мүшесі жоқ отбасыларға және т.б.) беріледі.

- Шартты ақшалай көмек – еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамту шараларына қатысқан және әлеуметтік келісімшарт талаптарын орындаған жағдайда тағайындалады.

  1. Әлеуметтік келісімшарт және жеке жоспар:

- Әлеуметтік келісімшарт – өтініш беруші мен мансап орталығы арасындағы екіжақты міндеттемелерді бекітетін келісім (шартты көмек үшін міндетті).

- Жеке жоспар – еңбекке орналастыруға және/немесе бейімдеуге бағытталған іс-шаралар жоспары; әлеуметтік келісімшарттың құрамдас бөлігі.

  1. АӘК мөлшері қандай?

АӘК мөлшері – өңірлік кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының айырмасы ретінде есептеледі (критерий – медиандық кірістің 35%-ы, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен емес).

Мысал:

5 адамнан тұратын отбасының жалпы табысы – 150 000 тг. жан басына шаққандағы табыс = 30 000 тг (150 000 / 5). кедейлік шегін мысалыға = 45 000 тг. АӘК мөлшері = 15 000 тг әр адамға (45 000 – 30 000). Жалпы АӘК = 75 000 тг айына (15 000 × 5).

  1. 1 жастан 6 жасты қоса алғандағы балаларға қосымша төлем

АӘК-пен қатар әр балаға (1 жастан 6 жасты қоса алғанда) қосымша
1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем тағайындалады (2025 ж. – 5 898 тг).

 

  1. АӘК алу үшін өтінішті қалай беруге болады және қандай құжаттар қажет?
  2. Өтініш беру тәртібі:

- тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына;

- мансап орталығы жоқ елді мекендерде – ауыл/кент әкіміне;

- электронды түрде – eGov.kz порталы арқылы.

  1. Қажетті құжаттар:

Өтініш беруші жеке басты куәландыратын құжатты ұсынуы жеткілікті:

  • ҚР азаматының жеке куәлігі;
  • ықтиярхат;
  • азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
  • босқын куәлігі;
  • қандас куәлігі.

Отбасы құрамы, табыс, мүлік туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Дегенмен, өтініш беруші қарау процесін жеделдету үшін қосымша құжаттардың көшірмелерін қоса бере алады (мысалы: алимент мөлшері туралы анықтама, құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін отбасы мүшелерінің тұрғын үй төлемдері туралы мәліметтер және т.б.).

Жиі қойылатын сұрақтар:

  • Өтінішті айдың басынан бастап беру керек пе? – Жоқ. АӘК өтініш берілген айдан бастап тағайындалады.
  • Тіркеу қажет пе? – Иә. Отбасы мүшелерінде сол елді мекенде кемінде 6 ай тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы тиіс.

Нормативтік құқықтық актілерге (сілтеме)

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі http://10.61.42.188/kaz/docs/K2300000224

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы № 227 бұйрығы) http://10.61.42.188/rus/search/docs/fulltext=32885 

 

 

 

АӘК дегеніміз не, оны кімдер ала алады, қандай шарттармен және қандай мөлшерде?
Дата публикации
03 сентября 2026