Мемлекеттік грантты ұсыну

Гранттарды беру тәртібі Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларымен (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 272 бұйрығы) реттеледі.

Қайтарымсыз гранттар халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына 400 АЕК дейінгі мөлшерде беріледі.

Гранттар алу үшін өтініштерді қабылдау лектер бойынша жүзеге асырылады. Бекітілген Қағидаларға сәйкес жыл сайын 3 (үш) ай аралығымен кемінде 2 (екі) лек ұйымдастырылады.

Грант алуға үміткерлерден өтініштерді қабылдау және олардың бекітілген Қағидалардың талаптарына сәйкес нысаналы санатқа жататынын тексеру Business.enbek.kz порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.

Өтініш беру үшін:

-   Порталда тіркелу;

-   грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

-   бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және Порталға енгізу (Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына 5-Қосымша);

-   өтініш нысанын толтыру және оған ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.

Қағидалардың 11-тармағына сәйкес гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі, оларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы алушылар және (немесе) олардың жұбайы (зайыбы), асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбек етуге қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар және (немесе) олардың жұбайы (зайыбы) жатады.

Гранттар жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі 1 (бір) жылдан аз дара кәсіпкер ретінде гранттар алуға өтініш бергенге дейін тіркелген жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі.

Портал автоматты түрде үміткердің халықтың әлеуметтік осал топтарының біріне сәйкестігін және мерзімі жүгінген сәтте үш жылдан аспайтын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін аяқтау туралы электрондық сертификаттың немесе бұрын қатысқаны туралы сертификаттың болуына тексеруді жүзеге асырады.

Гранттар бір рет беріледі және нысаналы мақсаты бойынша қажетті еңбек құралдарын, мүкәммалды, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерінің, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның ішінде жалға алу, пайдалану, сенімгерлік басқару құқығындағы сауда объектілерінің аумағында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған үй-жайларды жалдау ақысын төлеу үшін беріледі.

Бұл ретте жұбайынан (зайыбынан), жақын туыстарынан еңбек құралдары, мүкәммал, технологиялық жабдық, жануарлар, мал, құстар, көшеттер, бұталар, тұқымдар, көшеттер сатып алынбайды, сондай-ақ жаңа бизнес идеяларды іске асыруға үй-жайлар жалға алынбайды.

Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге, ұлттық және (немесе) шетелдік валюта, бағалы қағаздар, цифрлық активтер сатып алуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған қызметті жүзеге асыруға берілмейді.

Грант қаражатын пайдалану тек қолма-қол ақшасыз нысанда жүзеге асырылады.

Еңбек мобильділігі орталықтары жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарастыру бойынша комиссияның шешімі негізінде гранттарды береді.

Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын келесі өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Грант қаражатын нысаналы пайдалануды грант алушы бизнес-жобаға сәйкес Порталда растайтын құжаттарды ұсыну арқылы грант алған күннен бастап үш ай ішінде растайды.

Грант алушы Порталда растайтын құжаттарды ұсына отырып, бизнес-жоспардың іске асырылу барысы туралы 24 (жиырма төрт) ай ішінде тоқсан сайын есеп тапсырады.

Дата публикации
28 августа 2026