Информация

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК

 

Әлеуметтік әріптестік еңбек қатынастарын реттеудің және мемлекет, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады.

Қазақстан Республикасында әлеуметтік әріптестік – мемлекет, жұмыскерлер және жұмыс берушілердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастар саласындағы өзара іс-қимыл жүйесі. Оның негізгі мақсаты – еңбек, жұмыспен қамту, еңбекақы төлеу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша тараптардың мүдделерін үйлестіру және еңбек жанжалдарының алдын алу.

Әлеуметтік әріптестіктің негізгі тараптары мемлекет – тиісті мемлекеттік органдар атынан, жұмыскерлер – кәсіптік одақтар және жұмыскерлердің өзге де уәкілетті өкілдері атынан, жұмыс берушілер – жұмыс берушілердің бірлестіктері, қауымдастықтары мен одақтары атынан.

Осылайша, әлеуметтік әріптестік үшжақты өзара іс-қимылға негізделеді және әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді талқылау мен шешімдер қабылдауға барлық тараптардың тең дәрежеде қатысуын көздейді.

Қазақстан Республикасында әлеуметтік әріптестік бірнеше деңгейде жүзеге асырылады:

Республикалық деңгей – әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия.

Салалық деңгей – әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиялар.

Өңірлік деңгей – облыстық, қалалық және аудандық комиссиялар.

Әрбір деңгейде тараптар консультациялар мен келіссөздер жүргізеді, өз ұстанымдарын келіседі және әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты мәселелер бойынша бірлескен шешімдер қабылдайды.

Әлеуметтік әріптестіктің негізгі міндеттері әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеудің тиімді тетігін қалыптастыру, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғау кепілдіктерін қамтамасыз ету, мемлекет, жұмыскерлер және жұмыс берушілер арасында консультациялар мен келіссөздерді дамыту, ұжымдық еңбек дауларын алдын алуға және шешуге жәрдемдесу, әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Әлеуметтік әріптестік: ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шарттар мен келісімдер жасасу, тараптар арасында өзара консультациялар өткізу, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер өкілдерінің нормативтік құқықтық актілер жобаларын талқылауға қатысуы, еңбек жанжалдарының алдын алу және оларды шешуге тараптардың қатысуы, әлеуметтік-экономикалық саясатты қалыптастыру және іске асыру кезінде өзара іс-қимыл жасау арқылы жүзеге асырылады.

Әлеуметтік әріптестіктің негізгі институттарының бірі – үшжақты комиссиялар.

Олардың қызметі мынадай қағидаттарға негізделеді тараптар өкілдерінің өкілеттілігі, өкілдіктің тепе-теңдігі, тең құқықтылық, өзара құрмет, өзара жауапкершілік, қабылданған міндеттемелерді орындаудың міндеттілігі.

Комиссиялар тараптар арасында тұрақты диалогты қамтамасыз етеді, әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерді қарайды және келісімдерді әзірлеуге қатысады.

Республикалық деңгейде Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері арасында Бас келісім жасалады.

Бас келісім тараптардың өзара іс-қимылының негізгі бағыттарын айқындайды және әлеуметтік әріптестік пен диалог, әлеуметтік-экономикалық саясат, жұмыспен қамту, еңбекақы төлеу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, әлеуметтік қорғау және басқа да мәселелерді қамтиды.

Әлеуметтік әріптестіктің дамыған жүйесі әлеуметтік шиеленістер мен еңбек жанжалдарының алдын алуға, мемлекеттік саясатты қалыптастыру кезінде жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің мүдделерін ескеруге, еңбек заңнамасының сапасын арттыруға, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге, тұрақты жұмыспен қамту үшін жағдай жасауға, еңбекақы төлеу және еңбек қауіпсіздігі жүйесін жетілдіруге,мемлекет, бизнес және кәсіптік одақтар арасында сындарлы диалогты дамытуға мүмкіндік береді.

Әсіресе туындаған еңбек жанжалдарына ғана ден қоюдан олардың алдын алуға, яғни тұрақты әлеуметтік диалог арқылы еңбек жанжалдарын ерте кезеңде болдырмауға көшу маңызды.

Қазіргі жағдайда еңбек нарығындағы өзгерістерге, цифрлық экономиканың дамуына, платформалық жұмыспен қамтуға, автоматтандыруға және жұмыспен қамтудың жаңа нысандарының қалыптасуына байланысты әлеуметтік әріптестіктің маңызы артып келеді.

Осыған байланысты жұмыскерлер мен жұмыс берушілер өкілдерінің жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын, еңбек өнімділігін арттыру, кадрларды даярлау және қайта даярлау, еңбек қауіпсіздігі, еңбек қатынастарын цифрландыру және жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау мәселелерін талқылауға қатысу тетіктерін одан әрі дамыту қажет.

Сондай-ақ республикалық, салалық және өңірлік деңгейлердегі үшжақты комиссиялардың жұмыс тиімділігін арттыру, барлық тараптардың ұсыныстарын нақты ескеру және қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын бақылауды күшейту маңызды.

Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік еңбек саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің және мемлекет, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің мүдделері арасындағы теңгерімге қол жеткізудің негізгі құралдарының бірі болып табылады.

Оның тиімділігі тараптардың нақты тең құқықтылығына, әлеуметтік диалогтың сапасына, қабылданған міндеттемелер үшін жауапкершілікке және туындайтын әлеуметтік-еңбек мәселелерін уақтылы шешуге тікелей байланысты.

Әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту үшжақты диалогты нығайтуға, кәсіптік одақтар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің рөлін арттыруға, ұжымдық келіссөздер жүргізу және еңбек жанжалдарының алдын алу тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік жүйесін жұмыспен қамтудың жаңа нысандары мен еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімдеуге бағытталуы тиіс.

 

Дата публикации
28 августа 2026