Өтініштерді қабылдау және өтініштерді қарау нәтежиелері бойынша қабылданған шешімдерге шағымданудың тәртібі

Азаматтарды қабылдау және жолданымдарды қарау тәртібі

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жолданымдарды қарау және жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне (бұдан әрі – ӘРПК) және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 28 шілдедегі № 663 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүзеге асыру қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 28 шілдедегі № 663 қаулысымен жаңа Қағидалар бекітілді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 15 наурыздағы № 214 қаулысының 1-тармағы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 20 маусымдағы № 490 қаулысы күшін жойды деп танылды. № 663 қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Жеке қабылдау

ӘРПК-нің 90-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары және олардың орынбасарлары тиісті орган мен лауазымды адамның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүзеге асыруға міндетті. Жеке қабылдау тиісті мемлекеттік органның басшысы бекіткен қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет жүргізіледі.

Егер жолданымды лауазымды адам қабылдау барысында шеше алмаса, ол жазбаша түрде баяндалады және онымен жазбаша жолданым ретінде жұмыс жүргізіледі.

Жеке қабылдауға жазылу

Жеке қабылдауға жазылу туралы жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда, сондай-ақ ауызша берілген, телефон қоңыраулары және өтініш берушінің қолын көздемейтін өзге де байланыс тәсілдері арқылы берілген жолданымдарды қоспағанда, жолданымдар келіп түскен күні «Электрондық жолданымдар» цифрлық жүйесі арқылы бірегей тіркеу нөмірі беріле отырып міндетті түрде тіркелуге жатады.

Егер жолданым жұмыс күні аяқталғаннан кейін немесе жұмыс істемейтін күні келіп түссе, ол келіп түскен күннен кейінгі бірінші жұмыс күні тіркеледі.

Жеке қабылдауға жазылу туралы жолданым ӘРПК-нің 63-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс. Жолданымды қабылдаудан бас тартуға жол берілмейді. Жолданым белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, өтініш берушіге оны талаптарға сәйкестендіру үшін үш жұмыс күні беріледі. Егер жолданым белгіленген мерзімде талаптарға сәйкес келтірілмесе, ол өтініш берушіге қайтарылады.

Жолданым тіркелген күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей жауапты қызметкер өтініш берушіге жеке қабылдаудың күні мен уақытын көрсете отырып жауап жібереді.

Жеке қабылдауды өткізу

Жеке қабылдау барысында өтініш берушінің жеке басы сәйкестендіріледі, жолданымның мәні нақтыланады, қажет болған жағдайда оны одан әрі қарау тәртібі түсіндіріледі. Қағидаларда көзделген жағдайларда жеке қабылдау міндетті түрде аудио- және (немесе) бейнефиксациялауға жатады.

Жеке қабылдау барысында берілген жолданымдар цифрлық жүйеде «жеке қабылдаудан» деген белгімен тіркеледі.

Шағым жасау

Әкімшілік актімен, әкімшілік әрекетпен (әрекетсіздікпен) келіспеген жағдайда әкімшілік рәсімге қатысушы ӘРПК-нің 91-бабына сәйкес оларға әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағым жасауға құқылы.

ӘРПК-нің 92-бабына сәйкес шағым әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актінің қабылданғаны немесе әкімшілік әрекеттің жасалғаны (әрекетсіздіктің танытылғаны) туралы белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірмей беріледі. Егер әкімшілік актіде немесе оған қосымшада оған шағым жасаудың ықтимал құқықтық тәсілдері көзделмесе, шағым әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актінің қабылданғаны белгілі болған күннен бастап алты айдан кешіктірмей берілуі мүмкін.

Шағым жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда беріледі. Шағымның нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптар ӘРПК-нің 93-бабында белгіленген.

Шағымды қарау мерзімі, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, ол тіркелген күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, шағымды қарау мерзімін ұзартуға жол берілмейді.

Байланыс ақпараты

Азаматтар мен ұйымдарды қабылдауды ұйымдастыру және жолданымдарды қарау мәселелері бойынша: 8 (7172) 74-36-03, 74-36-79.

Министрліктің Қоғамдық қабылдау бөлмесі: 8 (7172) 74-37-23.

 

Дата публикации
27 августа 2026