2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдікті жүзеге асыру тетігі өзгереді.
Бұл ретте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік сақталады. Өзгерістер осы кепілдікті жүзеге асыру тәртібіне қатысты.
Азаматтар үшін не өзгереді?
Қазіргі уақытта азаматтың зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде инфляция деңгейі ескерілген нақты енгізілген зейнетақы жарналарының сомасы мен БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының мөлшері арасындағы айырма есептеледі. Егер айырма болса, ол республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл тетік өзгереді. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 217-бабына сәйкес мемлекеттік алушыларға БЖЗҚ-ға нақты енгізілген зейнетақы жарналары мөлшерінде олардың сақталуына кепілдік береді.
Мемлекеттік кепілдік тетігі неге өзгереді?
Бұған дейін азаматтардың өздернің зейнетақы жинақтарын басқарудың инвестициялық стратегиясына өз бетінше ықпал ету мүмкіндігі болмады. Инвестициялық саясатты мемлекет айқындады, ал салымшылардың өз қаражатын басқару мүмкіндіктері шектеулі болды.
Осыған байланысты мемлекет нақты кірістілік пен инфляция деңгейі арасындағы айырманы өтеу міндеттемесін өзіне алды.
Салымшылардың басқарушы компания мен инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдау мүмкіндіктерінің кеңеюіне байланысты мемлекеттік кепілдікке қатысты тәсіл де өзгереді.
Мемлекеттік бақылауда не қалады?
Зейнетақы активтерін басқару жүйесі көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда қала береді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды, активтерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарайды және оларды инвестициялау қорытындылары бойынша есептерді тыңдайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі зейнетақы активтерін инвестициялауға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін қалыптастырады, ал Қазақстан Республикасының Үкіметі инвестициялық саясаттың тиісті тәсілдері мен параметрлерін бекітеді.
Осылайша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік кепілдікті жүзеге асыру тетігі өзгереді, бұл ретте мемлекет нақты енгізілген зейнетақы жарналары мөлшерінде олардың сақталуына кепілдік беруді жалғастырады.