Жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Қазақстанда Еңбек күні атап өтіледі. Бұл мереке жасампаз еңбектің маңызын айқындауға, түрлі кәсіп өкілдеріне құрмет көрсетуге және әрбір қызметкердің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтуге бағытталған.
Еңбек – қоғамның басты құндылықтарының бірі. Азаматтардың кәсібилігі, жауапкершілігі және өз міндеттеріне адал қарауының арқасында кәсіпорындар мен мекемелердің тұрақты жұмысы қамтамасыз етіліп, экономика дамиды, әлеуметтік сала нығаяды және халықтың өмір сүру сапасы артады.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің еңбегі ерекше маңызға ие. Олардың күнделікті қызметі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге, мүгедектігі бар адамдарды, қарттарды, өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасыларды және мемлекеттің ерекше қамқорлығын қажет ететін өзге де санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған.
Әлеуметтік қорғау органдарының қызметкерлері заңнама талаптарының сақталуына, арнаулы әлеуметтік қызметтердің көрсетілу сапасына, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді болуына бақылау жүргізеді, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу саласындағы міндеттерді орындайды. Бұл жұмыс жоғары біліктілікті, объективтілікті, жауапкершілікті және әрбір азаматқа мұқият қарауды талап етеді.
Лайықты еңбек жұмыспен қамтылу мен тұрақты табысты ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз еңбек жағдайларын, еңбек және әлеуметтік құқықтардың сақталуын, тең мүмкіндіктер мен адамдық қадір-қасиетті құрметтеуді көздейді. Әрбір азаматтың, оның ішінде мүгедектігі бар адамның кәсіби әлеуетін іске асырып, елдің дамуына өз үлесін қосуына мүмкіндік беретін жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның маңызды міндеттерінің бірі.
Еңбек күні – күнделікті еңбегімен Қазақстанның өркендеуіне үлес қосып жүрген барша азаматқа алғыс білдіруге мүмкіндік беретін мереке. Еңбек әулеттері, еңбек ардагерлері, тәлімгерлер және жас ұрпаққа кәсіби білімі мен тәжірибесін, еңбекке деген жауапкершілігін жеткізіп жүрген мамандар ерекше құрметке лайық.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті өңір тұрғындарын Еңбек күнімен құттықтайды!
Сіздерге зор денсаулық, отбасылық амандық, кәсіби табыс, жаңа жетістіктер және еңбектеріңіздің лайықты бағалануын тілейміз. Әрбір азаматтың адал еңбегі қоғамның әл-ауқаты мен еліміздің одан әрі дамуының берік негізі болсын!