Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде еңбек жағдайлары зиянды жұмыста ұзақ уақыт бойы істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2023 жылғы 21 желтоқсандағы № 49-VIII Заңына сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.
Өзгерістер мен толықтырулар Азаматтық, Еңбек, Әлеуметтік кодекстерге және «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңға енгізілді.
Әлеуметтік кодекстің 195-1 бабына сәйкес арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары мынадай: 55 жасқа толу және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) болуы.
Арнаулы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады:
республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;
өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде,
БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен. Бұдан басқа, жұмыскерлерге БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі.
Ал 55 және одан жоғары жастағы, МКЗЖ 7 және одан жоғары жыл бар, бірақ зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істемейтіндерге арнаулы әлеуметтік төлем екі қаражат көзінен жүзеге асырылады:
республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы және БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен. Сонымен қатар, БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі.
Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі болады.
Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.
Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнаулы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 25 желтоқсандағы № 521 бұйрығымен бекітілген Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау, оны төлеуді жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату қағидаларына сәйкес Кодекстің 195-1 бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жәрдемақыларды тағайындауға жүгіну жәрдемақыға құқық туындағаннан кейін:
1) Мемлекеттік корпорациясы арқылы;
2) проактивті қызмет арқылы кез келген уақытта жүзеге асырылады.
Өтініш беруші жәрдемақымен бір уақытта бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемін тағайындауға өтініш бере алады.
Жәрдемақы алушының мәртебесін растайтын құжат өтініш берген кезде өтініш берушінің қолымен Мемлекеттік корпорация бөлімшесі беретін куәлік болып табылады.
Халықты әлеуметтік қорғау
саласындағы реттеу және бақылау
комитетінің БҚО бойынша
департаментінің басшысы
Жеңіс Бериков