Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

       Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнаулы жүрiп-тұру құралдары - мүгедектердiң белсендi және баяу жүрiп-тұруына арналған техникалық көмек түрi;

       2) алып тасталды - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі);

      3) кәсiптiк бағдарлау - мүгедектiң еңбек қызметi түрлерiн таңдауына көмек көрсетуге бағытталған шаралар жүйесi;

      4) қайта жасау хирургиясы - организмнiң бұзылған функцияларын қалпына келтiруге немесе олардың орнын толтыруға бағытталған хирургиялық емдеу әдiсi;

      5) медициналық-әлеуметтiк сараптама - организм функциясының тұрақты бұзылуынан туындаған шектеулі тіршілік-тынысын бағалау негiзiнде куәландырылатын адамның әлеуметтiк қорғау шараларына деген қажеттiлiктерiн белгiленген тәртiппен анықтау;

      5-1) медициналық-әлеуметтік мекеме (ұйым) – көмек пен күтімге, медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж қарттардың, мүгедектердің, оның ішінде психоневрологиялық науқастар қатарындағы мүгедектердің, мүгедек балалардың стационар, жартылай стационар немесе күндіз болу жағдайында тұрақты немесе уақытша тұруына арналған ұйым;

      6) медициналық оңалту - организмнiң бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, iшiнара немесе толық қалпына келтiруге бағытталған медициналық қызметтер кешенi;

      7) мүгедек – тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам;

      8) мүгедек бала – тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған он сегiз жасқа дейінгі адам;

Дата публикации
24 сентября 2020