
Зейнетақылық қамсыздандыру туралы ақпарат
Зейнетақы – бұл өкілетті ұйымнан, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерінің жиынтығы.
Қазақстанда зейнеткерлік жас ерлер үшін 63, әйелдер үшін -59,6 жас (2018 жылдан жыл сайын 6 айға арттырылып 2027 жылы 63 жасты құрайды).
Қазіргі уақытта Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деңгейлерден тұратын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.
Бірінші деңгей (базалық) – зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтарға тағайындалатын мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына жолдауын іске асыруда кедейшіліктің алдын алудың негізгі құралы болып табылатын және қарт адамдардың табысын арттыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік зейнетақы төлемі 2005 жылдан бастап енгізілді.
Бастапқыда базалық зейнетақы барлық азаматтарға бірдей мөлшерде тағайындалып келді, 2018 жылдың шілде айынан Елбасының тапсырмасына сәйкес бұл зейнетақы мөлшері азаматтың еңбек өтіліне байланысты анықталады.
Жыл сайын базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты жоғарылайды.
Екінші деңгей (міндетті) – республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін ынтымақты зейнетақы және 10% міндетті зейнетақы жарналарынан қалыптасқан зейнетақы жинақтары есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлем.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен кезде (1998 жылы) елдің азаматтары үшін 1998 жылғы 01.01. кемінде 6 ай еңбек стажы бар болғанда бюджеттен ынтымақты зейнетақы алу құқығы сақталған.
Ынтымақты зейнетақы мөлшері 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне және зейнеткерлікке шығар алдындағы табыс мөлшеріне байланысты (еңбек өтілі және табысы неғұрлым жоғары болса соғұрлым ынтымақты зейнетақы мөлшері жоғары болады).
Ынтымақты зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен 2% асырыла отыра жоғарылайды.
Жинақтаушы зейнетақы төлемдері барлық жұмыс істейтіндерге міндетті зейнетақы жарналарын аударуды (бұдан әрі-МЗЖ) көздейтін әр жұмыс беруші Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі-БЖЗҚ) ашылған қызметкердің жеке зейнетақы шотына қызметкердің ай сайынғы табысынан (50 еселенген ең төменгi жалақының мөлшерiнен артық емес) 10 % мөлшерінде МЗЖ есебінен төленеді.
Үшінші деңгей (ерікті) - ерікті зейнетақы жарналарының есебінен жүргізілетін төлемдер.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес азаматтарға болашақта зейнеткерлер табысының қосымша көзі болып табылатын ерікті зейнетақы жарналары есебінен өз жинақтарын арттыруға қосымша мүмкіндік ретінде ұсынылды.
Әлеуметтік қамсыздандыру бойынша ақпарат
Жеке санаттағы азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру.
Республикада әлеуметтік қамсыздандыру үш деңгейлі және келесі төлемдерден тұрады:
Бірінші деңгей (базалық) - мүгедектікке байланысты және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар.
1998 жылдан бастап мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төленетін зейнетақы мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты жәрдемақыға ауыстырылды.
Мүгедектігі бойынша төленетін жәрдемақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне, тобына және мүгедектіктің себебіне, ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін жәрдемақы мөлшері- асырауында болған мүшелер санына, асыраушысының қайтыс болу себебіне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
Екінші деңгей( міндетті)- бұл міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалатын әлеуметтік төлемдер (әрі қарай МӘСҚ).
2005 жылдан бастап енгізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекел болған жағдайда әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі болып саналады.
Бұл жүйе жұмыс берушісі МӘСҚ-на әлеуметтік төлемдер төлеген жұмысшыларды қамтиды.
Еңбекке қабілеттіліктен айырылуға және (немесе) жұмысынан айырылуға, асыраушысынан айырылуға, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылуға әкеп соқтырған оқиғаның басталуы, соның нәтижесінде мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы не ол қайтыс болған жағдайда, оның асырауында болған отбасы мүшелерi Заңға сәйкес әлеуметтiк төлемдердi алу құқығына ие болады.
Үшінші деңгей (қосымша) - сақтандыру ұйымымен шарт жасасқан жағдайда сақтандыру ұйымынан төленетін сақтандыру төлемдері.