GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Департамент туралы
Статистикалық көрсеткіштер
Өзгерістер мен түсіндірмелер
Все материалы
23 октября 2026
Республика күні

 Республика күні құтты болсын!

Сіздерді 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, бірлігі бекем, болашағы жарқын болсын! Әр шаңыраққа амандық, бақ-береке және мол табыс тілейміз!

23 октября 2026
АЛМАТЫДА ҒЫЛЫМ МЕН ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ НАҚТЫ ШЕШІМДЕРДІҢ БІР БӨЛІГІНЕ АЙНАЛУДА

АЛМАТЫДА ҒЫЛЫМ МЕН ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ НАҚТЫ ШЕШІМДЕРДІҢ БІР БӨЛІГІНЕ АЙНАЛУДА

Алматыда ғылыми әзірлемелерді, жасанды интеллектіні, көмекші және цифрлық технологияларды әлеуметтік қорғау мен оңалту саласында қолдану арқылы қызмет сапасын қалай арттыруға болатыны талқыланды. Ғылыми зерттеулердің нәтижесін халыққа пайдасы тиетін нақты шешімдерге айналдыру мәселесі «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі инновациялар, ғылым және пәнаралық әріптестік: зерттеуден тәжірибеге дейін» атты халықаралық қатысуымен өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияның негізгі тақырыбына айналды.

Іс-шараны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы ұйымдастырды.

Конференцияға жергілікті атқарушы органдардың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, БҰҰ Даму бағдарламасы мен ЮНИСЕФ-тің өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау саласының мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен шетелдік сарапшылар қатысты.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бейнебайланыс арқылы конференцияға қатысып, ғылыми зерттеулерді азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған нақты шешімдерге айналдыру маңызды екенін атап өтті.

«Ғылым тек зерттеулер мен ғылыми жарияланымдар аясында қалып қоймауы керек. Оның әлеуметтік қорғау саласындағы басты құндылығы – ғылыми білімді адамдардың өмірін жақсартатын нақты шешімдерге айналдыру мүмкіндігі», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.


Қатысушылар заманауи зерттеулерді адамның жеке қажеттіліктерін бағалауға, оңалту құралдарын дұрыс таңдауға, балалар мен олардың отбасыларына үздіксіз қолдау көрсетуге, әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолдау жүйесінің тиімділігін арттыруға қалай қолдануға болатынын айтты.

23 октября 2026
«КҮМІС ЖАС» ЖОБАСЫНЫҢ АРҚАСЫНДА 50 ЖАСТАН АСҚАН 10 МЫҢНАН АСТАМ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

«КҮМІС ЖАС» ЖОБАСЫНЫҢ АРҚАСЫНДА 50 ЖАСТАН АСҚАН 10 МЫҢНАН АСТАМ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Қазақстанда 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесетін «Күміс жас» жобасы жалғасып жатыр. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында жоба аясында 10,3 мың адам жұмысқа орналасқан.

Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі Түркістан облысында – 1 678 адам, Қарағанды облысында – 1 093, Ақтөбе облысында – 807 және Жамбыл облысында – 705 адам.

Жобаға қатысушылар қатарында әйелдер мен ауыл тұрғындары көп. Қатысушылардың 54,7%-ы, яғни 5 658-і – әйелдер. Ал ауыл тұрғындарының үлесі 61%-ды немесе 6 324 адамды құрайды.

Ауыл шаруашылығы (41%), қызмет көрсету (23%) және білім беру (7%) салалары негізгі бағыттар қатарында. Ең сұранысқа ие мамандықтар мал бағушы, санитар, кассир, сатушы, күзетші, аспаз, тігінші, администратор, жүргізуші және бухгалтер бар.

Біліміне келсек, қатысушылардың 78%-ы орта білімді, 18%-ы орта техникалық білімді, ал 4%-ы жоғары білімді.

Айта кетейік, «Күміс жас» жобасы 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты жасы үлкен азаматтарға жұмыс табуға жәрдемдесу және олардың тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау.

22 октября 2026
Қозғалуы шектеулі азаматтар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету – нысанды ашуға дейінгі маңызды кезең

Қозғалуы шектеулі азаматтар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету – нысанды ашуға дейінгі маңызды кезең.

Департамент тарапынан Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы «Jenys Judo Ortalyq» спорт кешенінің құрылысы нысаны бойынша өтініш қаралып, қолжетімділігі қаралды.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша аумақтық департаментінің әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Б. Орманов, аталған бөлімнің бас маманы Д. Низяов, тапсырыс беруші және мердігер ұйымның өкілдері қатысты.

Мамандар спорт кешеніне іргелес аумаққа, нысанға кіреберіс жолдар мен қозғалыс бағыттарына, кіреберіс тобына, ғимарат ішіндегі қозғалыс маршруттарына, киім ауыстыратын орындарға, санитариялық бөлмелерге, сондай-ақ ресепшн аймақтарына назар аударды. Әсіресе, бүкіл қозғалыс бағыты бойынша адамдардың өздігінен, ыңғайлы әрі қауіпсіз жүріп-тұру мүмкіндігіне ерекше көңіл бөлінді.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілді. Заңнамада белгіленген өкілеттіктер шеңберінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтары үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бөлігінде объектілердің сәйкестігі туралы декларацияларды келісуге қатысады. Декларацияны қарау кезінде объектінің қолжетімділікке қойылатын қолданыстағы талаптарға сәйкестігі бағаланады.

Бүгінгі таңда аумақтық департаментке қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісуге қатысты 45 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 23 декларация келісілді, 6 өтініш бойынша бас тартылды, ал 16 өтініш қаралу үстінде.

Қолжетімді орта – әрбір адамның қоғамдық инфрақұрылымды еркін, өздігінен және қауіпсіз пайдалануына мүмкіндік беру.

22 октября 2026
Мүгедектікті қайта куәландыру кезінде мүгедектік мерзімі қалай есептеледі?

Мүгедектікті қайта куәландыру кезінде мүгедектік мерзімі қалай есептеледі?

Мүгедектігі бар адамдар медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларында белгіленген мерзімдерді сақтай отырып, қайта куәландырудан өтеді.

Егер мүгедектігі бар адамға қайта куәландыру кезінде мүгедектік тобы белгіленсе, онда өткізіп алған кезең үшін келесі мерзімдер есептеледі:

- Қайта куәландырудың бұрын тағайындалған мерзімінен бастап бір айдан аспайтын мерзімде есептеледі;

- Дәлелді себеппен қайта куәландырудың кезекті мерзімін өткізіп алған кезде, яғни ұзақ үзіліссіз стационарлық емнің салдарынан кезекті қайта куәландыруға келу мүмкін болмаған жағдайда, үш жылға дейін есептеледі;

- Әрекетке қабілетсіз деп тану және қамқоршыны тағайындау жөніндегі рәсімдерді жүргізу себебімен бір жылға дейін есептеледі.

Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезеңінде қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай енгізілгенге дейін бір айдан аспайтын мерзімде және төтенше жағдай кезінде қайта куәландырудан өтпеген мүгедектігі бар адамның мүгедектік мерзімі төтенше жағдайдың қолданылу кезеңіне автоматты түрде ұзартылады. Бұл ретте төтенше жағдай режимінің қолданылу айы толық есептеледі.

21 октября 2026
ЗЕЙНЕТАҚЫ АННУИТЕТІ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫ ЕСЕБІНЕН ӨМІР БОЙЫ ТӨЛЕМ АЛУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

ЗЕЙНЕТАҚЫ АННУИТЕТІ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫ ЕСЕБІНЕН ӨМІР БОЙЫ ТӨЛЕМ АЛУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

2026 жылдың 8 айында Қазақстанда зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері 81,5 млрд теңгені құрады. Ал сақтандыру жарналарының көлемі 624,7 млрд теңгеге жетті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақымен қамсыздандырудың осы тетігі қалай жұмыс істейтінін және келісімшарт жасасу үшін қандай талаптар қойылатынын түсіндіреді.

Зейнетақы аннуитеті бойынша азамат өзінің зейнетақы жинақтарын өмірді сақтандыру компаниясына аударады. Ал компания оған өмір бойы тұрақты төлем жасап отыруға міндеттеме алады. Демек, төлем адамға өмір бойы беріледі. Тіпті төлемдердің жалпы сомасы бастапқыда аударылған қаражаттан асып кетсе де, төлем жалғаса береді.

Зейнетақы аннуитеті бойынша келісімшарт жасау үшін белгіленген жасқа толып, зейнетақы жинағында жеткілікті қаражат болуы керек. Қажетті сома әр адамға жеке есептеледі. Бұл ретте азаматтың жасы мен болашақ төлемдердің мөлшері ескеріледі.

2026 жылы зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, бірден төлем ала алады: ерлер – 55 жастан бастап, әйелдер – 53 жастан. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген азаматтар жеткілікті жинағы болған жағдайда 50 жастан бастап төлем ала алады.

Бұдан бөлек, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті де бар. Мұндай келісімшарт арқылы болашақ төлемдердің шарттарын алдын ала белгілеуге болады. Оны 45 жастан бастап, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген жағдайда 40 жастан бастап рәсімдеуге болады. Бұл ретте төлемдер заңнамада және келісімшартта белгіленген жасқа жеткеннен кейін басталады.

Зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері жыл сайын өсіп отырады. Заңнамада белгіленген индексация мөлшері кемінде 8%-ды құрайды. Ал төлемдердің нақты мөлшері мен шарттары келісімшартта көрсетіледі.

21 октября 2026
Зейнеткерлікке аз қалса – бәрін біліп жүрген жөн

«Зейнеткерлікке аз қалды – бәрін біліп жүрген жөн!»

2026 жылғы 21 қазанда «Зейнеткерлікке аз қалды – бәрін біліп жүрген жөн!» тақырыбында азаматтарға арналған құқықтық жалпыға бірдей түсіндіру аясында Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармония мен Мұқан Төлебаев атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің еңбек ұжымдарымен кездесу өткізілді.

Кездесу Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Жетісу облысы бойынша департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы Б.Акимбековтің қатысуымен еркін пікір алмасу форматта өтті.

Іс-шара барысында зейнетақы төлемдерін тағайындау және есептеу тәртібі, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің маңызы, сондай-ақ төлемдерді рәсімдеу және алу шарттары түсіндірілді.

Қызметкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша тиісті түсіндірмелер алды.

Кездесудің негізгі мақсаты – азаматтардың зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы құқықтық сауаттылығын арттыру, зейнеткерлік жасқа дейінгі дайындықтың маңызы туралы ақпараттандыру.

21 октября 2026
МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУЫМЕН 10 МЫҢНАН АСТАМ МҮГЕДЕКТІГІ БАР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУЫМЕН 10 МЫҢНАН АСТАМ МҮГЕДЕКТІГІ БАР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жалғасуда. Жыл басынан бері мемлекет ұсынған жұмыспен қамту шараларының көмегімен 10,8 мың адам жұмысқа орналасқан.

2026 жылдың 1 қазандағы мәлімет бойынша, жұмысқа орналасуға көмек сұрап, мансап орталықтарына 29,5 мың мүгедектігі бар азамат жүгінген. Олардың 18,2 мыңы жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларға қатысқан.

Нәтижесінде 10,8 мың адам жұмысқа орналасты. Оның 5,1 мыңы тұрақты жұмыс тапса, 5,4 мыңы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналасқан. Атап айтқанда, 4 264 адам қоғамдық жұмыстарға, 367 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 495 адам «Жастар практикасы» бағдарламасына, ал 499 адам «Күміс жас» жобасына қатысу арқылы жұмысқа орналасқан.

Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуды қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі жұмыс орындарына квота белгілеу. Әлеуметтік кодекске сәйкес, 50 және одан да көп адам жұмыс істейтін ұйымдарға қызметкерлердің жалпы санының 2-4 пайызы көлемінде квота белгіленеді. Бұл ретте ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындары есепке алынбайды.

2026 жылы мүгедектігі бар 16 706 адамды жұмысқа орналастыруға арналған квота белгіленді. Биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша осы квота аясында елімізде шамамен 6,2 мың адам жұмысқа орналасқан.

Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы белгіленген 16 719 жұмыс орнының 8,1 мыңы қамтылып, квота бойынша жұмысқа орналастыру көрсеткіші 48 пайызды құрады.

20 октября 2026
«Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үміт» күндізгі болу орталығы» КММ қызмет алушылардың ата-аналарымен кездесу

2026 жылғы 20 қазанда Жетісу облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің өкілдері «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үміт» күндізгі болу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызмет алушылардың ата-аналарымен кездесу өткізді.

«Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үміт» күндізгі болу орталығы» – ерекше қажеттіліктері бар балаларға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мекеме.  Орталықта 8 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіліп, қазіргі таңда 52 бала қамтылған.

Кездесуге Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы З.Илимжанова және Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Б.Орманов қатысты.

Кездесу барысында әлеуметтік қорғау саласындағы өзекті мәселелер, ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасы, сондай-ақ орталық қызметінің негізгі бағыттары талқыланды.

Сонымен қатар, қызмет алушылардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалып, әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударылды.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың сапасын арттыру және олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету – басты назарда.

20 октября 2026
«Заң және тәртіп» – заң талаптарын сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау.

«Заң және тәртіп» – заң талаптарын сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау.

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында ағымдағы жылдың 19 қазан күні профилактикалық бақылау жүргізу кезінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің бас мамандары, мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары Д.Жолтаева, Л. Газизовамен «Қамқор» Талдықорған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ҚР Әлеуметтік кодексінің шеңберінде стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілудің тәртібі, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жөнінде, сондай-ақ ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының басты талаптары және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қол жеткізуін қамтамасыз ету талаптары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелері бойынша түсіндірме берілді.

#заңжәнетәртіп
#еңбекжәнехалықтыәлеуметтікқорғау
#министерствотрудаисоциальнойзащитынаселения
#законипорядок
#Жетісуәлеуметтікқорғау

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы