Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі
Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi –зейнеткерлiк жасқа толуына байланысты берiлетiн ай сайынғы ақшалай төлем
Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi:
1) жасына байланысты зейнетақы төлемдері 2018 жылғы 1 шілдеге дейін тағайындалған және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы төлемдері 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған;
2) өмір бойғы ай сайынғы қамтылымды алатын отставкадағы судьяларды, әскери қызметшiлерді, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлерiн, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алатын адамдарды қоспағанда, жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлiк жасқа толған жеке тұлғаларға беріледі.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болған не болмаған кезде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 54 пайызы мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырыла отырып, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 100 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін беру кезінде:
1) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде істеген еңбек өтілі;
2) міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең;
2-1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемелеріне "0" түзету коэффициенті қолданылған қызмет түрлері бойынша еңбек, кәсіпкерлік қызмет, жеке практикамен айналысу кезеңдері;
3) жұмыс iстемейтiн ананың немесе жұмыс істемейтін әкенің (бағып-күтуді ол нақты жүзеге асырған кезде) жас балаларды бағып-күткен, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегiнен аспайтын уақыт;
4) 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы бағып-күткен уақыт;
5) әскери қызметтегі, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі кезеңдер;
6) Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметтері мен халықаралық ұйымдар қызметкерлерi жұбайының (зайыбының) шетелде тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңі;
7) әскери қызметшiлер (мерзiмді қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде жұбайларымен бiрге тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезең;
8) "Байқоңыр" кешенінің ресейлік ұйымдарындағы 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек қызметінің кезеңдері;
8-1) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары қолданылған кезеңде қызметтің шектелуіне байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді алу кезеңдері;
9) бөгденің көмегіне мұқтаж бiрiншi топтағы мүгедекке, екiншi топтағы жалғызбасты мүгедекке және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қартқа күтiм жасаған уақыт;
10) егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар жеке тұлғалардың еңбек қызметінің кезеңдері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есепке жатқызылады. 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап көрсетілген кезеңдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүзеге асырылған жағдайда есепке жатқызылады.
Жасы бойынша зейнетақы төлемдерін және мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы жоқ адамдарды қоспағанда, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы алушы медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) стационар жағдайында тұрған кезеңіне тоқтатыла тұрады
Алушы медициналық-әлеуметтік мекемелерден (ұйымдардан) шыққан жағдайда, шыққан айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі толық көлемде қайта басталады.
Міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең орталықтандырылған дерекқордағы міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы мәліметтермен расталады.
Міндетті зейнетақы жарналары толық және уақтылы аударылмаған жағдайларда міндетті зейнетақы жарналарын (олардың болуына қарай) жүзеге асыру кезеңдері мынадай құжаттармен расталады:
міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезеңдер өтініш беруші еңбек өтілін растайтын құжаттарда көрсетілген еңбек қызметінің кезеңдеріне сәйкес келсе 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы жұмыс берушінің (құқықтық мирасқордың) немесе архивтік мекеменің растау анықтамасы;
міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезеңдерін растайтын сот шешімі.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін қайта есептеген кезде жеке практикамен айналысатын адамдардың, сондай-ақ нысанасы жұмысты (қызмет көрсетуді) орындау болып табылатын, салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалардықоспағанда азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың, сондай-ақ өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын жүзеге асырған дара кәсіпкерлердің және шаруа немесе фермер қожалықтарының басшылары және мүшелерінің (қатысушыларының) міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезеңі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиісті салық кезеңіне төленуге жататын міндетті зейнетақы жарналарының кемінде жылдық сомасын аударған жағдайда бір жылға тең болады.
Егер көрсетілген адамдар енгізген міндетті зейнетақы жарналарының сомасы тиісті салық кезеңіне төленуге жататын міндетті зейнетақы жарналарының жылдық сомасынан аз болса, онда міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезең енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының сомасына пропорционалды түрде айқындалады.
Міндетті зейнетақы жарналарын 2006 жылғы 1 шілдеге дейін аударған жағдайда жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңіне міндетті зейнетақы жарналары аударылған айдың алдындағы ай есепке алынады.
Егер бір айда жинақтаушы зейнетақы қорларына және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын аудару бірнеше рет жүзеге асырылса, жинақтаушы жүйеге қатысу кезеңі бір айды құрайды.