2023 жылғы 20 сәуірде Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) және 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 226-VII Қазақстан Республикасының Заңына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қол қойлып, 2023 жылдың 1 шілдесінен заңды күшіне енгені белгілі.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексін ТМД елдері арасында енгізілген алғашқы бірыңғай әлеуметтік құжат деп атауға болады. Кодексте туғаннан кәмелетке толғанға дейін әлеуметтік қолдау көрсетудің, еңбекке қабілетті жаста жұмысқа орналастырудың, еңбекті қорғаудың, әлеуметтік сақтандыру шараларының, қиын өмірлік жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмектің, сондай-ақ қартайған кездегі қолдаудың барлық жағдайлары қарастырылған.
Әлеуметтік кодекс – әділ Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясаты. Сондықтан осы Кодекс аясында азаматтарымызды әлеуметтік қамтамасыз ету саласында үлкен өзгерістер жасалуда.
Ең алдымен, мемлекеттік қолдау көрсету тәсілдері түбегейлі өзгереді. Енді әлеуметтік қолдау тек төлемге ғана емес, қиын жағдайға тап болған азаматтардың алдын алуға да бағытталатын болады.
Кодексте жаңа еңгізілу бар, оның біріншісі – отбасының цифрлық картасы.
Сандық отбасы картасы – бұл біздің елдегі отбасылардың жеке деректер базасы. Бұл деректер базасы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің негізінде қалыптастырылады. Оны жүзеге асырудың мақсаты – халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан Кодексте отбасылық цифрлық карта мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындайтын құрал ретінде айқындалған. Осылайша, мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажет екенін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады.