Қолжетімділігі шектеулі азаматтарға арналған жаңадан пайдалануға берілетін объектілердің сәйкестігі туралы декларацияларды келісу жөніндегі ақпарат

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Жамбыл облысы бойынша әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаменті жаңадан пайдалануға берілетін объектілердің халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісу жұмыстарын жүзеге асыруда.

            2026 жылғы 19 тамыздағы жағдай бойынша Департаментпен декларацияларды келісуге қатысты 4 өтініш қаралды. Қаралған объектілердің қатарында білім беру объектілері, тұрғын үй және сауда объектілері бар.

            Өтініштерді қарау барысында СП РК 3.06-101-2012 «Маломобильные группы населения. Доступность зданий и сооружений» талаптарына сәйкес келмейтін бірқатар кемшіліктер анықталды.

Атап айтқанда, жиі кездесетін сәйкессіздіктер:

  • пандустардың екі жиегінде кресло-арбаның сырғып кетуіне жол бермейтін жиектердің болмауы;
  • тұтқалардың ұштарының талапқа сәйкес дөңгелектеліп шығарылмауы;
  • есік ойықтарының ені белгіленген кемінде 90 см талапқа сәйкес келмеуі;
  • санитариялық үй-жайларда кресло-арбамен бұрылуға қажетті кеңістіктің қарастырылмауы;
  • унитаздың екі жағында тірек тұтқалардың болмауы;
  • қолжуғыштың айналасында тірек тұтқалардың болмауы;
  • ақпараттық тақтайшалар мен мнемосхемалардың болмауы;
  • баспалдақ сатыларының биіктігінің белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келмеуі;
  • баспалдақ алдындағы кіреберіс алаңның өлшемдерінің нормативтік талаптарға сәйкес келмеуі.

            Аталған кемшіліктер объектілерді жобалау және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезеңінде қолжетімділік талаптарын ескерудің маңыздылығын көрсетеді. Бұл өз кезегінде құрылыс аяқталғаннан кейін анықталған кемшіліктерді қайта түзету қажеттілігін болдырмауға мүмкіндік береді.

            Осыған байланысты Департамент тарапынан Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасына хат жолданып, объектілердің жобалау-сметалық құжаттамасын қарау және бекіту кезінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін СП РК 3.06-101-2012 талаптарын міндетті түрде ескеру ұсынылды.

            Департамент тарапынан алдағы уақытта да жаңадан пайдалануға берілетін объектілердің қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды қарау, анықталған кемшіліктерді жою және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін әлеуметтік, тұрғын үй және коммерциялық инфрақұрылым объектілеріне кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады.

 

Дата публикации
21 августа 2026