Ұлытау облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің (бұдан әрі – Департамент) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау 2026 жылғы 1–19 маусым аралығында Департамент басшысының 2026 жылғы 13 мамырдағы № 014-НҚ бұйрығы негізінде жүргізілді. Талдау 2025 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейінгі кезеңді қамтыды.
Талдаудың мақсаты – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын факторларды, құқықтық олқылықтар мен дискрециялық өкілеттіктерді анықтау, сондай-ақ оларды жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу. Нормативтік құқықтық актілер, мемлекеттік қызметтер көрсету практикасы, бақылау қызметі, азаматтардың өтініштері, сот және құқық қолдану практикасы, сондай-ақ статистикалық деректер зерделенді.
1.1. Зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру
Заңнаманы әртүрлі қолдануға жол беретін жекелеген құқықтық олқылықтар анықталды. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кәсіпкерлік өтілді растау кезінде кәсіпкерлік қызметтің мемлекеттік тіркелгенін және оның жүзеге асырылған кезеңін растайтын құжаттарды ұсыну жөнінде нақты талаптар жоқ.
Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын өзге де тұлғалардың кірістерін растау тәртібін де жетілдіру қажет. Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелеріндегі және Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі мәліметтерді пайдалану, сондай-ақ ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын қосымша тексеру тетігін көздеу ұсынылады.
Алушының толық мемлекеттік қамтамасыз етуге алынуына, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуіне, сондай-ақ күтім жасайтын адамға бірінші топтағы мүгедектік белгіленуіне байланысты төлемдерді тоқтата тұру мәселелерінде де құқықтық олқылықтар анықталды. Нақты рәсімдердің болмауы заңнаманы біркелкі қолданбауға және артық төлемдердің қалыптасуына жағдай жасауы мүмкін.
Көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны проактивті форматта тағайындау кезінде мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылын жетілдіру, отбасы құрамынан қайтыс болған балалар туралы мәліметтерді автоматты түрде алып тастау қажеттілігі белгіленді.
Тәуекелдерді барынша азайту мақсатында Әлеуметтік кодекстің тиісті нормаларын, зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау қағидаларын, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелердің функционалын жетілдіру ұсынылды.
1.2. Медициналық-әлеуметтік сараптама
МӘС саласындағы негізгі тәуекелдер құқықтық реттеудің біркелкі болмауымен және кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін (КЕҚАД) белгілеу критерийлерінің әртүрлі қолданылуымен, сондай-ақ жекелеген аурулар санаттары бойынша куәландырудың бетпе-бет форматта жүргізілуімен байланысты.
МӘС жүргізу қағидаларының 65-тармағын КЕҚАД-ты 5-тен 29 пайызға дейін белгілеу бөлігінде қолдануға ерекше назар аударылды. «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің 583 қызметкеріне жүргізілген талдау нәтижесінде 43 қызметкер (7,4%) кәсіптік қызметін жалғастырғаны, 229 қызметкер (39,3%) зиянды факторлардың әсерінсіз жұмысқа ауыстырылғаны, 311 қызметкер (53,3%) денсаулық жағдайына байланысты еңбек қатынастарын тоқтатқаны анықталды. Нәтижелер критерийлерді жетілдіру және бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету қажеттігін көрсетеді.
2025 жылы сырттай-проактивті форматта 1 098 куәландыру жүргізілді, бұл МӘС-тің жалпы санының 29,3%-ын құрады. Республика бойынша орташа көрсеткіш – 42,5%. Бұл ретте Департамент көрсеткен қызметтердің 24,7%-ы кәсіптік ауруларға байланысты болған, ал кәсіптік аурулар сырттай-проактивті куәландыру жүргізілетін аурулар тізбесіне енгізілмеген.
Ұлытау облысының ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіптік ауруларды аталған тізбеге енгізу мүмкіндігін қарау ұсынылды. Бұл бетпе-бет байланыстарды, әкімшілік кедергілерді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар КЕҚАД-ты айқындау бойынша бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірлеу және МӘС жүргізу қағидаларындағы тиісті критерийлерді нақтылау мәселесін қарау ұсынылды.
2025 жылы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімі 67 бақылау іс-шарасын өткізді. Бақылау қызметінің нәтижелері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, жалпы сомасы 3 184 920 теңге көлемінде айыппұлдар салынды.
Нұсқамалардың орындалу мерзімдерін белгілеудің бірыңғай критерийлерінің жоқтығы анықталды. Бұл инспекторға белгілі бір деңгейде таңдау мүмкіндігін беріп, бақылау субъектілеріне қатысты әртүрлі тәсілдердің қолданылуына әкелуі мүмкін. Бұзушылықтардың сипаты мен күрделілігін ескере отырып, бірыңғай әдістемелік тәсілдер әзірлеу ұсынылды.
Сондай-ақ әкімшілік жауапкершілік субъектісін айқындаудың бірыңғай тәсілін қалыптастыру, мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді құқықтық реттеуді жетілдіру, міндетті техникалық талаптарды айқындау, сондай-ақ Қолжетімділік интерактивті картасына енгізілген объектілерді кейіннен бақылау тәртібін нормативтік тұрғыдан бекіту қажеттілігі белгіленді.
Арнаулы әлеуметтік қызметтердің жекелеген түрлері бойынша тексеру парақтары жоқ, бұл ұйымдардың қызметін бірыңғай бағалауды қиындатады. Тиісті тексеру парақтарын әзірлеу және бекіту ұсынылды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім лауазымдарды талдау барысында Департаменттің бекітілген штат кестесінде осындай лауазымдар анықталған жоқ.
Сонымен қатар МӘС бөлімшелерінің штат санын медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларының талаптарына сәйкес келтіру қажеттілігі белгіленді.
МӘС шешіміне берілген шағымды қарау кезінде мүдделер қақтығысының туындау тәуекелімен байланысты жағдай анықталды: бұрын сараптамалық шешім қабылдауға қатысқан лауазымды тұлға осы шешімге берілген шағымды қарауға да қатысқан. Мұндай жағдайларды болдырмау және шағымдарды қараудың объективтілігі мен бейтараптылығын қамтамасыз ету қажет.
2025 жылы Департамент 17 357 мемлекеттік қызмет көрсетті. Барлық мемлекеттік қызметтер белгіленген мерзімдерде көрсетілді. Мемлекеттік қызметтерді көрсетуге тікелей байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.
Жыл ішінде мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы мәселелері бойынша 38 түсіндіру іс-шарасы өткізіліп, олармен шамамен 1,8 мың адам қамтылды.
2025 жылы зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандырумен, МӘС мәселелерімен және мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз етумен байланысты азаматтардың 487 өтініші қаралды.
Қорытынды
Ішкі талдау нәтижелері бойынша Департамент қызметінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының фактілері мен жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.
Сонымен бірге белгілі бір жағдайларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына ықпал етуі мүмкін жекелеген құқықтық және ұйымдастырушылық факторлар анықталды. Олар: жекелеген нормалардағы құқықтық олқылықтар мен екіұшты тұжырымдар, бірыңғай әдістемелік тәсілдердің болмауы, жекелеген процестерді автоматтандырудың жеткіліксіздігі, бақылау жүргізу кезіндегі дискрециялық өкілеттіктер және шағымдарды қарау кезінде мүдделер қақтығысын болдырмау қажеттілігі.
Тәуекелдердің алдын алу және оларды барынша азайту мақсатында нормативтік құқықтық реттеуді жетілдіру; бірыңғай әдістемелік тәсілдер мен критерийлер әзірлеу; цифрлық және сырттай-проактивті тетіктерді кеңейту; ақпараттық жүйелерді жетілдіру; МӘС бөлімшелерінің штат санын белгіленген талаптарға сәйкес келтіру; шағымдарды қарау кезінде мүдделер қақтығысын болдырмау; құқық қолдану және сот практикасына, азаматтардың өтініштеріне және бақылау нәтижелеріне мониторинг жүргізуді жалғастыру; мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, әкімшілік рәсімдер және мемлекеттік қызметтердің сапасы мәселелері бойынша біліктілігін жүйелі түрде арттыру ұсынылады.
Аталған шараларды іске асыру Департамент қызметінің ашықтығын арттыруға, қабылданатын шешімдердің заңдылығын, объективтілігін және бейтараптылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың сенімін нығайтуға ықпал етеді.