Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметі лицензиялауға жатады.
Лицензиялау арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Лицензия кімдерге қажет?
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға лицензия алу қажет, оның ішінде:
* стационар жағдайында;
* жартылай стационар жағдайында;
* үйде;
* уақытша болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға.
Стационарлық үлгідегі ұйымдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары және шағын сыйымдылықтағы үйлер жатады.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер мүгедектігі бар балаларға, мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ жасының ұлғаюына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын азаматтарға көрсетіледі.
Лицензияны кім береді?
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі қызметті лицензиялауды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті жүзеге асырады.
Лицензия электрондық түрде беріледі және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
Лицензияны қалай алуға болады?
«Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензия беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі электрондық форматта жүзеге асырылады.
Лицензия алу үшін өтініш беруші белгіленген талаптарға сәйкес қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсына отырып, электрондық өтініш береді.
Өтінішті қарау барысы мен мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі туралы ақпарат өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.
Ұйымдарға қойылатын негізгі талаптар
Лицензия алу үшін ұйым белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс.
Атап айтқанда, арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету үшін қажетті материалдық-техникалық база, тиісті ғимараттар мен үй-жайлар, жабдықтар болуы, сондай-ақ кадрларға және қызмет көрсету жағдайларына қойылатын талаптардың сақталуы қажет.
Ұйымдар тізілімі
Лицензия алғаннан кейін ұйым туралы мәліметтер арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың электрондық тізіліміне енгізіледі.
Тізілімде ұйымның атауы, байланыс деректері, лицензия туралы мәліметтер, оның берілген күні, қолданылу мерзімі, сондай-ақ лицензияның қайта ресімделуі немесе қолданылуының тоқтатылуы туралы ақпарат көрсетіледі.
Стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі ұйымдар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың тізіліміне енгізілген күннен бастап қызметін жүзеге асырады.