Ағымдағы жылдың 12 қазанында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі Е.Оспанов мобильді топ құрамында әлеуметтік-еңбек саласы шеңберінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру, сондай-ақ ҚР Әлеуметтік кодексі жобасының нормаларын талқылау мақсатында Қазығұрт ауданына барды.
Мобильді топ жүргізген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында аудан активімен, атап айтқанда, ауылдық округ әкімдерімен, мәслихат депутаттарымен, басқа да мемлекеттік ұйымдардың басшыларымен кездесулер өткізілді. Қойылған сұрақтарға түсініктемелер беріліп, ұсынылған ұсыныстар назарға алынды.
Кездесуден кейін ведомство өкілдері Халыққа қызмет көрсету орталығы мен мәдениет үйіне барып, жұртшылықпен, ардагерлермен, көп балалы және аз қамтылған отбасылармен, жастармен, жұмыссыздармен, мүгедек адамдармен және жергілікті ҮЕҰ өкілдерімен әңгімелесті. Несиелеу, көші-қон, платформалық жұмыспен қамту және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша мобильді топ отбасының цифрлық картасын енгізу, жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясат, жаңа көші-қон саясаты, балалы отбасыларды қолдау шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру бөлігінде мемлекет саясатының бағыттарын түсіндірді. Мемлекет басшысының өз Жолдауында алға қойған мақсаттарына жету үшін негізгі міндеттер айқындалды.