Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары
«Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары».
Өздеріңізге белгілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің әдеп жөніндегі кодексі Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен қабылданған болатын.
Кодекстің жаңа редакциясы Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы № 814 Жарлығымен бекітіліп, өзгерістер енгізілді.
Ең алдымен мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттарына тоқталып өтсем.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген.
Олар – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылық. Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілерге мұндай талаптар бұрынғы кодексте де қойылған. Бірақ, Кодекстің жаңа редакциясында ашықтық және клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдылық берілген. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.
Сонымен қатар, осы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгіленген.
Мемлекеттік қызметшілерге мынадай талаптар қойылады:
1) қарапайым болу, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау;
2) мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру;
3) заңда белгіленген шектеулерді сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау;
4) азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмау;
5) іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу;
6) лауазымдық міндеттерді атқаруға байланысты кез келген сипатта құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеу және құқыққа сыйымсыз міндеттемелерді алмау;
7) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін қызметтік жағдайын, сондай-ақ онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделерінде, оның ішінде оларға өзінің көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбау;
8 мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсаты бойынша, лауазымдық міндеттерін және рұқсат етілген қызмет түрлерін орындау үшін пайдалану;
9) қызметтік міндеттерді адал орындауға кедергі келтіретін құқыққа сыйымсыз қаржылық және мүліктік мүдделерді қудаламау.
Сондай-ақ, Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынаста:
1) ұжымда іскерлік және жанашыр өзара қарым-қатынас пен сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал етуге;
2) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге не оған жол бермеу жөнінде өзге де шараларды қабылдауға;
3) ұжымда әріптестерінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жеке және кәсіби қасиеттерін талқылаудан тартынуға;
4) өзінің мінез-құлқымен бейтараптықтың, әділдіктің, риясыздықтың, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрметпен қараудың үлгісі болуға;
5) қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітушіліктің және оған қолсұғушылықтың кез келген нысандарын болдырмайтын қолайлы моральдық-психологиялық ахуал жасауға бағытталған шаралар қабылдауға;
6) жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларға үйлеспейтін әрекеттер жасауға мәжбүрлемеуге;
7) әріптестеріне қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге;
8 әріптестеріне өзінің діни нанымдарын таңбауға, қол астындағы қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлемеуге тиіс.
Әдеп кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерінiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптар күшейе түсті.
Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуы тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер арасында Әдеп нормаларын сақтамайтын, масаң күйде қоғамдық орындарда жүретін, автокөлік жүргізетін мемлекеттік қызметшілер бар, оған қоса жұмыстан тыс уақытта қызметтік автокөліктердің мезгілсіз уақыттарда жүру фактілері кеңінен кездесіп жатады.
Осы ретте, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалануы қажет.
Ескерте кететін жағдай, қызметтік әдепті бұзғаны үшін жауаптылық көзделген. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын бұзуы тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғады.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мінез-құлықтарына үлкен мән берілуде. Сондықтанда мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез, оның ішінде қоғамдық орындарда масаң күйде болу жағдайларына жол бермеу қажет екендігін және Әдеп нормаларына қайшы іс-әрекеттерге бармауға шақырамын.