Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі ӘЛЕУМЕТТІК КОДЕКСІнің 7-параграф. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 90-бап. Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасылардың көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы тағайындалады.
Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақыны төлеу барлық растайтын құжаттар болған кезде жүгінген күннен бастап ағымдағы ай үшін және осы жәрдемақы тағайындалған жағдайлар сақталатын кезеңге жүргізіледі. Әлеуметтік кодекстің 91-бапқа сәйкес 1. Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы ай сайын бюджет қаражаты есебінен мынадай:
төрт балаға – 16,03 айлық есептік көрсеткіш;
бес балаға – 20,04 айлық есептік көрсеткіш;
алты балаға – 24,05 айлық есептік көрсеткіш;
жеті балаға – 28,06 айлық есептік көрсеткіш;
сегіз және одан көп балаға – әрбір балаға 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 24 мамырдағы № 169 бұйрығына сәйкес Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы жүгінген күннен бастап тағайындалады. Өтініш берілген күн жүгінген күн болып есептеледі. Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе портал арқылы Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақыны тағайындауға қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген құжаттар қоса өтініш беріледі. Құжаттар тізіліміне еке басын куәландыратын құжат, баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) немесе азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерінің тіркеу туралы анықтаманың, неке қию (ерлі-зайыптылық), некені бұзу туралы куәліктің, балаға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжаттың мәліметтері немесе туу туралы актілік жазбадан бала асырап алу туралы мәліметтер, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі туралы мәліметтер, банк шотының нөмірі туралы құжаттарын ұсыну қажет.