Жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау тәртібі

Жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау тәртібі

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексіне сәйкес егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың:

       1) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі;

       2) жасына байланысты зейнетақы төлемдері;

      3) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері;

       4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері;

       5) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері;

       6) зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру ұйымдарынан сақтандыру төлемдері түріндегі зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар.

Жасына байланысты зейнетақы төлемі – 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілі бар жеке тұлғаларға еңбек өтіліне пропорционалды түрде жүзеге асырылатын ақша төлемдері.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау жүгінген күннен бастап жүргізіледі.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезең үшін есепке алынады.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл ішіндегі орташа айлық кіріс негізге алына отырып жүзеге асырылады.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезең үшін есепке алынады.

       Еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады, ал еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар не соттың шешімі негізінде белгіленеді.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде мыналар:

      1) еңбек шарттары бойынша жеке және заңды тұлғалар ақы төлейтін жұмыс;

      2) әскери қызмет;

      3) арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызмет;

      4) мемлекеттік қызмет;

      5) кәсіпкерлік және кірістер әкелетін өзге де қызмет;

      6) басқа адамның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, екінші топтағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамға және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтім жасаған уақыт;

      7) мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі балаға күтім жасаған уақыт;

      8) жұмыс істемейтін ананың жас балаларға күтім жасаған, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт;

      9) Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жердегі жоғары оқу орындарындағы, оның ішінде даярлық курстарындағы, арнаулы орта оқу орындарындағы, училищелердегі, біліктілікті арттыру және қайта мамандандыру курстарындағы, аспирантурадағы, докторантурадағы және клиникалық ординатурадағы, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарындағы оқу;

10) Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі есепке алынады.

         Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде посткеңестік кезеңде атқарылған еңбек өтілін есепке алу 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісіммен реттеледі.

Ресей Федерациясы Келісімнен 2023 жылғы 1 қаңтарда, Украина- 2023 жылғы 19 маусымда шықты.