Мүгедектігі бар адамдар үшін объектілерді бейімдеу бойынша жұмыстар туралы

Мүгедектігі бар адамдар үшін объектілерді бейімдеу бойынша жұмыстар туралы

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қол жетімділік мәселелеріне аса көп көңіл бөлінеді, бұл үшін барлық жағдайлар қарастырылған. «Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы» конвенциясына сәйкес «Мүгедектігі бар адамдарға тәуелсіз өмір салтын жүргізу және өмірдің барлық аспектілеріне жан-жақты қатысу мүмкіндігін беру үшін қатысушы мемлекеттер мүгедектердің басқалармен тең дәрежеде табиғи айналасына, көлікке, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жүйелерді қоса алғандағы ақпарат пен байланысқа, сондай-ақ қалалық және ауылдық аудандарда халық үшін ашық немесе ұсынылатын басқа да объектілер мен көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды».

«AMANAT» партиясының қазақстандықтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін барлығы 1294 нысанды бейімдеу жоспарланған, оның ішінде 2021 жылы - 258 нысан, 2022 жылы - 258 нысан (516), 2023 жылы-258 (774), 2024 жылы-228 (1002), 2025 жылы-292 нысан (1294).

Жол картасының іс-шараларын іске асыру үшін облысымызда мониторинг топтары құрылды. Мониторинг топтарымен 2021-2022 жылдары облысымыздың 516 объектісі тексерілді, оларға анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою туралы ұсыныстар беріліп, бүгінгі күні осы 516 объектінің 388-і толығымен бейімделген.

«Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті» РММ-нің негізгі міндеттерінің бірі Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасындағы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» және «Арнайы әлеуметтік көмек көрсетулер туралы» Заңдарының сақталуына бақылау жүргізу болып табылады. Осы саладағы тексерістер объектілерге бару арқылы профилактикалық бақылау немесе жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізу арқылы өткізіледі.

Ескерте кету қажет, аталған мониторинг топтарымен берілген ұсыныстар орындалмаған жағдайда, яғни бұзушылықтар орындалмаса жергілікті атқарушы органдары департаментке тексеріс ашу үшін арнайы хат жазу арқылы жүгінеді.

Департамент мамандары келіп түскен өтініштерге сәйкес бұзушылықтарды орындамаған объектілерге қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізеді, нәтижесінде Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 83-бабы бойынша әкімшілік шаралар қабылдайды. Кодекстің 83-бабы бойынша мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңнамасын бұзу, яғни мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне қол жеткізуін қамтамасыз етпеу және мәдени ойын-сауық іс-шараларына қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпеу түрінде жасалған бұзушылық:  

      лауазымды адамдарға – елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Әрбір мемлекеттік ұйым немесе кәсіпкерлік субъектілері өздерінің қызметтерін жүзеге асыру барысында осы күрделі мәселе – мүгедектігі бар тұлғаларға объектілердің қолжетімділігін ескеріп отырса, яғни толығымен жағдай жасалса, онда біздің облысымызда келешекте «кедергісіз орта» толығымен қалыптасады.

 

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау

министрлігінің Еңбек және әлеуметтік

қорғау комитетінің Солтүстік

Қазақстан облысы бойынша

департаментінің басшысы

Мұхамедияров Мереке Тілеужанұылы