GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпараты
Департамент туралы
Онлайн қабылдау
Статистикалық көрсеткіштер
Өзгерістер мен түсіндірмелер
Все материалы
22 октября 2026
Медицина қызметкерлерімен жұмыс кездесуі және жүрмелі медициналық-әлеуметтік сараптама өткізу.
Ақтау қаласынан Бейнеу ауданына ұйымдастырылған іссапар аясында медицина қызметкерлерімен жұмыс кездесуі өткізілді.
 
Кездесудің негізгі мақсаты — № 260 бұйрықтың талаптарын түсіндіру, нормативтік құжаттарды тәжірибеде қолдану мәселелерін талқылау, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптаманы (МӘС) сырттай (заочно) жүргізу тәртібіне қатысты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру.
 
Іс-шара барысында мамандарға өзекті мәселелер бойынша түсіндірмелер беріліп, сұрақ-жауап форматында пікір алмасу өткізілді. Сонымен қатар, сырттай куәландыру тәртібі, құжаттарды қарау және медициналық ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды.
 
Мұндай кездесулер мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, нормативтік талаптарды дұрыс түсінуге және медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу үдерісін жетілдіруге бағытталған.
 
Кәсіби ынтымақтастық пен жүйелі өзара іс-қимыл — сапалы жұмыстың негізі!
22 октября 2026
«Маңғыстау вокзалы» теміржол вокзалының ашылар алдында қолжетімділігі тексерілді

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мамандарымен  «Маңғыстау вокзалы» теміржол вокзалын қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға беру қарсаңында нысанның қолжетімділігіне ұсынымдық тексеру жүргізілді. Іс-шараның мақсаты – вокзалдың мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын басқа да азаматтар үшін қолжетімділігін бағалау және нысан ашылғанға дейін анықталған кедергілерді  жою жөнінде ұсынстар беру.

Мамандар  вокзалдың іргелес аумағын, оған кіретін жолдарды, кіреберістерді, ғимарат ішіндегі қозғалыс бағыттарын, санитарлық бөлмелерді, перронға шығу жолдарын және жүріп-тұруы қиын азаматтарға арналған демалыс орындарын қарап шықты. Сондай-ақ қабылдау орны мен теміржол кассаларының қолжетімділігіне назар аударылды.

Тексеру барысында есіктерді ашу ыңғайлылығы, ғимарат ішінде өздігінен бағдарлау және қауіпсіз қозғалу мүмкіндігі сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлінді.

Департамент мамандары тапсырыс беруші мен мердігер ұйымға анықталған ескертулерді ескеріп, вокзал пайдалануға берілгенге дейін қажетті түзетулер енгізуге мүмкіндік берді.

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілді. Заңнамада белгіленген өкілеттіктер шеңберінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті  нысандардың мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын басқа да азаматтар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісуге қатысады. Декларацияларды қарау кезінде нысанның қолданыстағы қолжетімділік талаптарына сәйкестігі белгіленген тәртіппен бағаланады.

 «Манғыстау вокзалы» теміржол вокзалындағы  тексеру мемлекеттік органдардың,  Қазақстан темір жолы» АҚ-ның және мердігер ұйымның өзара іс-қимылы, нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Нысан ашылғанға дейін ұсыныстар беру ықтимал кедергілерді алдын ала анықтап, оларды жоюға және барлық азамат үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

22 октября 2026
Зейнетақы аннуитеті зейнетақы жинақтары есебінен өмір бойы төлем алуға мүмкіндік береді

 

2026 жылдың 8 айында Қазақстанда зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері 81,5 млрд теңгені құрады. Ал сақтандыру жарналарының көлемі 624,7 млрд теңгеге жетті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақымен қамсыздандырудың осы тетігі қалай жұмыс істейтінін және келісімшарт жасасу үшін қандай талаптар қойылатынын түсіндіреді.

Зейнетақы аннуитеті бойынша азамат өзінің зейнетақы жинақтарын өмірді сақтандыру компаниясына аударады. Ал компания оған өмір бойы тұрақты төлем жасап отыруға міндеттеме алады. Демек, төлем адамға өмір бойы беріледі. Тіпті төлемдердің жалпы сомасы бастапқыда аударылған қаражаттан асып кетсе де, төлем жалғаса береді.

Зейнетақы аннуитеті бойынша келісімшарт жасау үшін белгіленген жасқа толып, зейнетақы жинағында жеткілікті қаражат болуы керек. Қажетті сома әр адамға жеке есептеледі. Бұл ретте азаматтың жасы мен болашақ төлемдердің мөлшері ескеріледі.

2026 жылы зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, бірден төлем ала алады: ерлер – 55 жастан бастап, әйелдер – 53 жастан. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген азаматтар жеткілікті жинағы болған жағдайда 50 жастан бастап төлем ала алады.

Бұдан бөлек, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті де бар. Мұндай келісімшарт арқылы болашақ төлемдердің шарттарын алдын ала белгілеуге болады. Оны 45 жастан бастап, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген жағдайда 40 жастан бастап рәсімдеуге болады. Бұл ретте төлемдер заңнамада және келісімшартта белгіленген жасқа жеткеннен кейін басталады.

Зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері жыл сайын өсіп отырады. Заңнамада белгіленген индексация мөлшері кемінде 8%-ды құрайды. Ал төлемдердің нақты мөлшері мен шарттары келісімшартта көрсетіледі.

Сонымен қатар келісімшартта төлемдерге кепілдік берілетін кезеңді қарастыруға болады. Егер сақтандырылған адам осы кезең аяқталғанға дейін қайтыс болса, төлемдер келісімшартта көзделген тәртіп пен шарттарға сәйкес мұрагерлеріне беріледі. Бұл тетікті БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағының қалған бөлігін мұраға қалдыру тәртібімен шатастырмаған жөн. Екеуі – екі бөлек мәселе.

Зейнетақы аннуитеті бойынша төлем алып жүрген азамат жұмысын жалғастыра алады. Алайда аннуитет рәсімдеу мемлекеттік зейнетақыны мерзімінен бұрын тағайындауды білдірмейді. Мемлекеттік зейнетақы алу құқығы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес анықталады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Мемлекеттік аннуитеттік компания да зейнетақы аннуитеті бойынша қызмет көрсетеді. Компания азаматтарға зейнетақы жинағының жеткіліктілігін есептеу және болашақ төлемдердің мөлшерін анықтау бойынша кеңес береді.

Келісімшарт жасамас бұрын азаматтарға сақтандыру ұйымдарының ұсыныстарын салыстырып, оның талаптарын мұқият зерделеу ұсынылады. Әсіресе бастапқы төлем мөлшеріне, төлемдердің жыл сайын өсу тәртібіне, кепілдік кезеңіне және келісімшартты өзгерту шарттарына назар аударған жөн. Алдын ала есепті өмірді сақтандыру компаниясынан алуға болады. Сондай-ақ БЖЗҚ-дан болжамды түрде алатын төлемдер мен сақтандыру компаниясы ұсынатын төлемдерді салыстыру үшін enpf.kz сайтындағы болжамды зейнетақы калькуляторын пайдалануға болады.

22 октября 2026
«Еңбектеріңіз – адамға деген қамқорлықтың көрінісі»: Еңбек министрлігінде әлеуметтік қорғау саласының мамандары марапатталды

Қазақстан Республикасы Республика күні мен Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні қарсаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғап, өмірдің қиын жағдайларына тап болған жандарға күн сайын қолдау көрсетіп жүрген мамандарға арналған салтанатты іс-шара өтті.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ведомство қызметкерлері мен сала мамандарын кәсіби мерекелерімен және Республика күнімен құттықтап, жауапты еңбегі, мамандығына деген адалдығы және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Биыл Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 25 қазанда атап өтілетін Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл екі мерекенің де мәні ортақ – адамға қамқорлық жасау, оның құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

«Сіздердің еңбектеріңіз адамға және оның әл-ауқатына деген қамқорлықтың айқын көрінісі. Әрбір азамат өзін сенімді әрі қорғалған сезінетін Әділетті Қазақстанды құру – бәрімізге ортақ мақсат», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Министр мемлекеттік шешімдердің, заманауи цифрлық құралдар мен әлеуметтік қолдау тетіктерінің артында әрдайым адамдар тұрғанын атап өтті. Олар азаматтармен күнделікті жұмыс істеп, өмірлік қиындықтарға тап болған кезде қолдау көрсетеді және ұсынылатын қызметтердің сапасына жауап береді.

«Әлеуметтік салада жұмыс істеу – үлкен жауапкершілікті талап ететін ерекше миссия. Бұл жұмыс психологиялық тұрғыдан төзімді болуды, асқан шыдамдылық пен жоғары жауапкершілікті қажет етеді», – деді министр.

Министрлік әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, олардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптар күшейтіліп, «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саладағы өзге де кәсіптер» мен «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандар» атты екі кәсіптік стандарт бекітілді.

2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлер тізілімі жұмыс істейді. Онда 12 235 маманның кәсіби құзыреттері туралы мәлімет қамтылған. 3 080 әлеуметтік қызметкер біліктілікті тану сертификатын алды. Бұл шаралар кәсіптік стандарттарды одан әрі жетілдіруге және арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар цифрландыру мен мемлекеттік үдерістерді жаңғырту әлеуметтік жұмыстағы адами фактордың маңызын төмендетпейді. Керісінше, азаматтарға қолдау көрсетуде мамандардың жеке қатысуы мен жанашырлығы бұрынғыдай маңызды болып қала береді.

«Ақпараттық жүйелер қаншалықты дамығанымен, маманның кәсіби жанашырлығын, жауапкершілігін және азаматтарға шынайы ниетпен көмектесуге деген ұмтылысын алмастыра алмайды», – деді Асқарбек Ертаев.

Министр әлеуметтік сала ардагерлеріне кейінгі буынға өз тәжірибесін үйретіп, кәсіби сабақтастықты сақтап келе жатқаны үшін ерекше алғыс білдірді. Сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету жолында адал еңбек етіп жүрген барлық сала қызметкерлерінің еңбегіне ризашылығын жеткізді.

Бүгінде әлеуметтік қорғау жүйесінің мамандары мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуден және еңбек құқықтарын қорғаудан бастап, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытуға, жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және адамдардың дербес әрі лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға дейінгі кең ауқымды бағыттар бойынша жұмыс істейді.

Салтанатты іс-шара аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Кәсіби жетістіктері, әлеуметтік саланы дамытуға қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқарғаны үшін мамандарға мемлекеттік және ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.

«Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен үш қызметкер марапатталды. «Салаға қосқан үлесі үшін» ведомстволық наградасы үш адамға, «Үздік қызметкер» төсбелгісі төрт маманға табысталды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамотасымен тоғыз адам, ал министрдің алғыс хатымен он екі қызметкер марапатталды.

Бұдан бөлек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің алғыс хатымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жобалық офисі марапатталды. Сондай-ақ сала өкілдеріне Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен «Қызмет» салалық кәсіподағының наградалары табысталды.

Марапат иелерінің қатарында азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытуға және халыққа қолдау көрсетуге күнделікті үлес қосып жүрген мамандар бар.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Арман Оспанов «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды. Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаменті директорының орынбасары Баян Хасеноваға «Салаға қосқан үлесі үшін» ведомстволық наградасы табысталды. Көші-қон комитетінің бас сарапшысы Дулат Байбатчаев әлеуметтік қорғау саласындағы жауапты еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Әлеуметтік қорғау саласында 27 жыл еңбек еттім, оның 20 жылы Еңбек министрлігімен байланысты. Еңбегімнің еленгеніне өте қуаныштымын. Қолдау көрсеткен басшылығыма және әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Еңбек жолымды әрі қарай да жалғастырып, халыққа пайдамды тигізуге тырысамын», – деді Баян Хасенова.

Іс-шара соңында Асқарбек Ертаев әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлеріне зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, отбасыларына амандық пен береке, халыққа қызмет ету жолындағы жауапты еңбектеріне толағай табыс тіледі.

«Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, халқымыздың әл-ауқаты күн сайын арта берсін!» – деп қорытындылады министр.

Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру
19 октября 2026
Еңбек министрлігі бала саны бірдей отбасылардың мемлекеттік көмекке мұқтаждығы неге әртүрлі болатынын түсіндірді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістерді түсіндіруді жалғастыруда. Жаңа тәртіп бойынша кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы да ескеріледі. Яғни азаматтың қай санатқа жататынымен қатар, оның нақты өмірлік жағдайына да назар аударылады.

Қазір бірқатар мемлекеттік жәрдемақы әлеуметтік санатқа қарай тағайындалады. Мұндай жағдайда әлеуметтік мәртебесі бірдей отбасылардың табысы мен тұрмыс жағдайы әртүрлі болса да, бірдей көмек алуы мүмкін.

Мысалы, төрт баладан тәрбиелеп отырған екі отбасын алайық.

Дидардың отбасының тұрмысы жақсы делік. Өз баспанасы, қымбат көлігі, тұрақты жұмысы және жеке кәсібі бар. Осы көрсеткіштерді ескере отырып, отбасы әлеуметтік жағдайы жоғары «А» санатына жатқызылған.

Ал Ерланның да төрт баласы бар. Бірақ оның отбасының жағдайы басқаша. Олар шағын пәтерде тұрады, ата-анасы жалдамалы жұмыста істейді. Қымбат мүлкі мен қосымша табыс көздері жоқ. Жалпы жағдайына қарай бұл отбасы әлеуметтік саламаттылық деңгейінің қанағаттанарлық «С» санатына жатады.

Көріп отырғанымыздай, екі отбасының бала саны бірдей болғанымен, тұрмыс жағдайы мен өз қажеттіліктерін өз бетінше өтеу мүмкіндігі әртүрлі. «А» санатындағы отбасы мемлекеттік көмекке аса мұқтаж болмауы мүмкін. Ал «С» санатындағы отбасы үшін жәрдемақы күнделікті шығындарын өтеуге едәуір көмектеседі.

Әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттың бірі осындай айырмашылықтарды ескеріп, көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттау.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық деңгейі ескерілмек. Ол үшін Отбасының цифрлық картасы пайдаланылады. Бұл жүйе мемлекеттік ақпараттық базалардағы мәліметтер негізінде отбасының жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.

Бағалау кезінде отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы, баспана жағдайы, мүлкі, кәсіпкерлік қызметі, несие міндеттемелері және жалпы тұрмыс деңгейі ескеріледі.

Осы мәліметтер негізінде отбасылар бес санатқа бөлінеді:

* «А» – саламаттылықтың жоғары деңгейі;

* «В» – саламаттылықтың ауқатты деңгейі;

* «С» – саламаттылықтың қанағаттанарлық деңгейі;

* «D» – саламаттылықтың экономикалық жағдайы осал деңгейі;

* «Е» – саламаттылықтың экономикалық және әлеуметтік жағдайы осал деңгейі.

Бұл ретте отбасының пәтері, көлігі немесе басқа да мүлкінің болуы оны автоматты түрде әл-ауқаты жоғары санатқа жатқызбайды. Санат отбасының жағдайын сипаттайтын барлық көрсеткішті бірге бағалау арқылы анықталады.

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындау тәртібі мемлекеттік жәрдемақының 14 түріне қолданылады. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, «А» және «В» санатындағы отбасыларға бұл төлемдер тағайындалмайды. Ал белгіленген талаптарға сай келетін «С», «D» және «Е» санатындағы отбасылар аталған қолдау түрлерін алу құқығын сақтайды.

Сонымен қатар республикалық бюджеттен төленетін қалған 22 түрлі мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгермейді.

Жаңа тәсілдің басты мақсаты мемлекеттік көмекті әділ әрі нақты бағыттау. Яғни әр отбасының шынайы жағдайын ескеріп, қолдауды шын мұқтаж азаматтарға бірінші кезекте жеткізу

Әлеуметтік өзгерістер
19 октября 2026
eGov Mobile қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторы іске қосылды

eGov Mobile мобильді қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалауға арналған жаңа сервис пайда болды. Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік көмектерді отбасының нақты жағдайы мен мұқтаждығына қарай көрсету тәртібіне көшу аясында іске қосылды.

Калькулятор арқылы азаматтар отбасының әл-ауқатын бағалау талаптарымен танысып, отбасының саламаттылық деңгейін анықтай алады. Бұл ретте отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, отбасы құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы сияқты әлеуметтік жағдайлар да ескеріледі. Бағалау алты бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткішке сүйенеді.

Айта кетерлігі, есеп адамның өзі енгізген мәліметтер негізінде жүргізіледі және тек ақпараттық сипатқа ие. Яғни калькулятордың нәтижесі әлеуметтік төлем тағайындау немесе оны тоқтату туралы шешім болып саналмайды.

Медициналық-әлеуметтік сараптама
16 октября 2026
«Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік қызметтер: 2026 жылғы 9 айдың қорытындысы»

2026 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімімен 31 102 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Бүгінгі таңда Департамент 17 мемлекеттік қызмет түрін ұсынады, оның ішінде 16 қызмет зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындауға қатысты.

Есепті кезеңде тағайындаудан бас тартылған электрондық істер саны 973-ті құрады.

Департамент басшысының орынбасары А.У. Калмагамбетова зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік қызметтердің көрсетілу қорытындылары туралы ақпарат берді.

 

Департамент мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, олардың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жалғастыруда.

 

Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру
16 октября 2026
А және В санаттарына қандай отбасылар жататыны туралы түсіндірме

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) арқылы отбасылар мен үй шаруашылықтарының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтау тәртібін түсіндіруді жалғастыруда. Бұл жолы А және В санаттарына жататын, яғни әл-ауқаты жоғары және ауқатты отбасылар туралы айтылды.

А және В санаттары отбасының материалдық жағдайы өте жоғары екенін білдіреді. Бұл санаттарды анықтағанда бірнеше көрсеткіш бірге қаралады. Олардың қатарында отбасының қаржылық жағдайы, бірнеше жылжымайтын мүлігінің, қымбат көлік, жеке бизнесі және ауқымды жер учаскелерінің болуы бар.

Атап айтқанда, отбасының әр мүшесіне шаққандағы қаржылық қамтамасыз етілу деңгейі күнкөріс минимумының 7 мөлшерінен басталуы ескеріледі. Сонымен қатар бір адамға шаққанда ауданы 120 шартты шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үйдің болуы, люкс санатындағы көліктер, коммерциялық жылжымайтын мүлік, ірі, орта және шағын бизнес, сондай-ақ көлемді жер учаскелері сияқты көрсеткіштер есепке алынады.

Бұл ретте аталған белгілердің біреуінің болуы отбасының автоматты түрде А немесе В санатына жатқызылатынын білдірмейді. Бағалау отбасының материалдық жағдайы мен әлеуметтік тұрақтылығын сипаттайтын барлық көрсеткішті бірге қарастыру арқылы жүргізіледі.

Отбасының санатын анықтау үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер пайдаланылады. Атап айтқанда, қаржылық жағдайы, отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, тұрғын үй жағдайы, мүлкі, көлік құралдары, кредиттік міндеттемелері, бизнесі, жер учаскелері, жеке қосалқы шаруашылығы және отбасының әлеуметтік жағдайына қатысты басқа да мәліметтер ескеріледі.

Осылайша, жеке пәтердің, көліктің немесе басқа да мүліктің болуы өздігінен отбасын ауқатты деп тануға негіз болмайды. Отбасының түпкілікті санаты барлық мәліметті жиынтық түрде бағалау арқылы анықталады.

Айта кету керек, отбасының әлеуметтік әл-ауқат санаты тұрақты болып қалмайды. Егер отбасының өмірлік жағдайы, материалдық ахуалы, құрамы немесе мүліктік жағдайы өзгерсе, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі жаңартылған мәліметтер негізінде бағалау қайта қаралуы мүмкін.

Азаматтар өздері және отбасы туралы қолжетімді мәліметтерді электрондық үкімет сервистері арқылы тексере алады. Егер ақпараттан қате анықталса, оны тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар жаңартады.

Еске салайық, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық қағидаты қолданылады. Бұл өзгерістер заңнамада белгіленген қолдау түрлеріне ғана қатысты болады және көзделген ерекшеліктер ескеріледі.

Жаңа тәсіл отбасылардың әлеуметтік әл-ауқат деңгейін дәлірек анықтауға және азаматтардың нақты өмірлік жағдайларын ескере отырып, мемлекеттік қолдауды шын мәнінде мұқтаж отбасыларға бағытталуын арттыруға арналған.

Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру
16 октября 2026
C, D және E санаттарына жататын отбасылар туралы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) арқылы отбасылар мен үй шаруашылықтарының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтау тәртібін түсіндіруді жалғастыруда. C, D және E санаттары отбасылардың материалдық және әлеуметтік жағдайындағы айырмашылықтарды көрсетеді: бұл жерде қанағаттанарлық әл-ауқат деңгейіндегі отбасылардан бастап, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал жағдайдағы отбасылар жатқызылады.

C санаты – әл-ауқат деңгейі қанағаттанарлық отбасылар. Бұл санатқа күнделікті негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын, орташа табысы бар отбасылар жатады. Мысалы, отбасы мүшелерінің жұмысы, жеке баспанасы және автокөлігі болуы мүмкін. Алайда жұмысының немесе мүлкінің болуы отбасының жекелеген мемлекеттік қолдау шараларына мұқтаж емес екенін білдірмейді. Отбасының жағдайы материалдық және әлеуметтік факторлардың жиынтығы негізінде бағаланады.

D санаты экономикалық тұрғыдан осал жағдайдағы отбасыларды сипаттайды. Мұндай отбасылар материалдық қиындықтарға тап болған. Олардың жағдайын бағалау кезінде еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің тұрақты жұмысының болмауы, кредиттік міндеттемелер бойынша мерзімі өткен берешектің болуы және тұрғын үймен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеуі ескерілуі мүмкін. Осындай қолайсыз факторлардың бірнешеуінің қатар кездесуі отбасының әл-ауқатына әсер етеді. Бұл санаттағы отбасылар үшін әлеуметтік төлемдермен қатар, жұмысқа орналасуға және кәсіптік оқудан өтуге жәрдемдесу шаралары да жолға қойылған.

E санаты экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал жағдайдағы отбасыларды қамтиды. Мұндай отбасылар мемлекеттік қолдауды бірінші кезекте қажет етеді. Өйткені олар бір мезгілде бірнеше күрделі қиындыққа тап болуы мүмкін: негізгі қажеттіліктерін өтеуге қаражаттың жетіспеуі, жеке баспанасының болмауы, кредиттер бойынша берешектің ұзақ уақыт бойы өтелмеуі және өз жағдайын өз бетінше жақсарту мүмкіндіктерінің шектеулілігі. Мұндай үй шаруашылықтарында еңбекке қабілетті отбасы мүшелері болмауы да мүмкін.

Сонымен қатар отбасының санатын жеке бір көрсеткіш негізінде автоматты түрде анықтауға болмайды. Пәтерінің немесе автокөлігінің болуы оның әл-ауқаты жоғары екенін білдірмейді. Сол сияқты кредиттік міндеттеменің болуы өздігінен отбасының экономикалық тұрғыдан осал екенін көрсетпейді. Санатты анықтау кезінде үй шаруашылығының материалдық және әлеуметтік жағдайы тұтастай бағаланады.

Отбасының цифрлық картасында мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер пайдаланылады. Бағалау қаржылық жағдайды, жұмыспен қамтылуды, тұрғын үй жағдайын, мүлікті, көлікті, кредиттік міндеттемелерді, бизнестің, жер учаскелерінің және ауыл шаруашылығы активтерінің болуын сипаттайтын 59 көрсеткішті қамтиды. Сонымен қатар отбасының әлеуметтік тұрақтылығы да ескеріледі. Атап айтқанда, отбасы мүшелерінің құрамы мен жасы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы назарға алынады.

Отбасының әлеуметтік әл-ауқат санаты тұрақты түрде бекітілмейді. Өмірлік жағдайы, материалдық ахуалы, отбасы құрамы немесе мүліктік жағдайы өзгерген кезде бағалау жаңартылған мәліметтер негізінде қайта жүргізіледі. Отбасы құрамы мен оның әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеліп отырады.

Егер мәліметтердің дәл емес немесе ескіргені анықталса, азаматтар тиісті есепке алуды жүргізетін уәкілетті органға жүгінуі қажет. Мәліметтер түзетілгеннен кейін олар Отбасының цифрлық картасына енгізіліп, кезекті бағалау кезінде ескеріледі.

Айта кетейік, мұқтаждық қағидатын қолдану C, D және E санаттарындағы отбасылардың белгіленген талаптарға сай мемлекеттік жәрдемақылар алу құқығын шектемейді.

Кешенді бағалаудың басты мақсаты – отбасылардың нақты өмірлік жағдайларын ескеру және мемлекеттік көмекті атаулы түрде көрсету. Әсіресе қиын өмірлік жағдайдан өз бетінше шыға алмайтын азаматтарға ерекше назар аудару қажет

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау і
14 октября 2026
Лицензиялау

2026 жылдың 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Маңғыстау облысы бойынша арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 14 ұйым лицензия алды. Бүгінде мұндай қызметтермен 2330 мыңға жуық адам қамтылған.

Сапалы әлеуметтік қызмет адамға қажетті көмекті уақтылы көрсетуге, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кәсіби қолдау ұсынуға, лайықты жағдай жасауға, сондай-ақ оның құқықтары мен қадір-қасиетін сақтауға бағытталған.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау осы талаптардың орындалуын қамтамасыз етеді.

 2025 жылдан бастап мұндай ұйымдардың қызметі белгіленген лицензиялық талаптарға сәйкес жүргізіледі.

Лицензия беру кезінде ұйымның арнайы әлеуметтік қызметтерді белгіленген талаптарға сай көрсетуге дайындығы бағаланады. Атап айтқанда, мамандармен қамтамасыз етілуі, материалдық-техникалық базасы, қызмет алушыларға қажетті жағдайлардың жасалуы ескеріледі.

Лицензияның болуы тек формалды талапты орындау емес. Ол ұйымның қызмет алушыларға қажетті жағдай жасап, белгіленген талаптарға сай қызмет көрсетуге дайындығын білдіреді. Өйткені әр әлеуметтік қызметтің артында нақты адам тұр. Ол – бала, мүгедектігі бар азамат, қарт адам немесе көмек пен қолдауға мұқтаж басқа да қызмет алушы.

Сондықтан арнайы әлеуметтік қызметтің сапасын көрсетілген қызметтердің санымен ғана бағалау жеткіліксіз. Қызмет алушы үшін ең бастысы оның қажеттілігінің ескерілуі, көмектің уақытында әрі кәсіби көрсетілуі, қауіпсіздігі, құқықтары мен қадір-қасиетінің сақталуы.

Бұл ретте қызмет алушылардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі. Ұйымдар олардың тұруы мен қызмет алуына тиісті жағдай жасауға, мамандардың кәсіби жұмысын қамтамасыз етуге, белгіленген талаптарды сақтауға және туындауы мүмкін қауіптерге дер кезінде әрекет етуге тиіс.

«Әр әлеуметтік қызметтің артында нақты адам тұр. Сондықтан біздің міндетіміз – әр қызмет алушының қажетті көмекті уақытында алуын, өзін қауіпсіз сезінуін және құқықтары мен қадір-қасиетінің қорғалуын қамтамасыз ету. Лицензиялау ұйымдарға қойылатын бірыңғай талаптарды сақтауға, көрсетілетін қызмет сапасына жауапкершілікті арттыруға және қызмет алушылар үшін тиісті жағдай қалыптастыруға бағытталған», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.

Лицензиялау – арнайы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін күшейтуге, сондай-ақ әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған негізгі тетіктердің бірі.

 

 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы