Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің қызметкерлері күнделікті жұмыс барысында азаматтарды зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді тағайындау мәселелері бойынша жеке қабылдап, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Азаматтарды жеке қабылдау барысында зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға еңбек өтілін растау тәртібі мен оған қойылатын талаптар түсіндіріледі.
Атап айтқанда, еңбек кітапшасындағы жазбаларда түзетулердің болуы, жұмысқа қабылдау немесе жұмыстан босату туралы жазбаларда тиісті бұйрықтардың нөмірлері мен күндерінің көрсетілмеуі, сондай-ақ еңбек кітапшасындағы азаматтың тегі, аты және әкесінің аты туралы мәліметтердің жеке басын куәландыратын құжаттағы деректермен сәйкес келмеуі жағдайларында еңбек өтілін растау үшін қосымша құжаттарды ұсыну қажеттілігі түсіндіріледі.
Мұндай жағдайларда азаматтарға еңбек өтілін растау мақсатында жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату туралы бұйрықтардың көшірмелерін, архивтік анықтамаларды немесе еңбек қызметін растайтын өзге де құжаттарды заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес ұсыну қажеттігі туралы түсіндірме беріледі.
Аталған түсіндіру жұмыстары азаматтардың еңбек өтілін белгіленген тәртіппен растауына жәрдемдесуге, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін тағайындау барысында туындауы мүмкін мәселелердің алдын алуға бағытталған.
«2026жылға арналған құқықтық оқыту сабақтарын өткізу туралы» бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес, Департаменттің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы А.Махановамен 22.10.2026ж. «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік Корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиал (бұдан әрі-Филиал) директорының орынбасары Ж.Ахетованың қатысуымен Филиалдың басқарма, қалалық және аудандық бөлімдері қызметкерлері арасында 2026 жылғы 9 ай қорытындысымен зейнетақы, жәрдемақыларды тағайындау барысында атқарылған жұмыстар және 01.01.2027жылдан бастап республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы семинар –кеңес өткізілді.
Семинарда уәкілетті орган өкілдерімен төлемдерді тағайындау бойынша Филиалдардың фронт-офис және бэк-офис қызметкерлерімен жіберілген кемшіліктердің алдын алу мен болдырмау жолдары және енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланды.
Сонымен қатар, зейнетақы және жәрдемақы төлемдерін тағайындау барысында туындаған сұрақтарға заңнама аясында түсіндірмелер берілді.
Жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету – өмірлік қиын жағдайда жүрген, өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігі шектелген азаматтарға күндізгі уақытта әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған қызмет түрі.
Бұл қызметтің негізгі мақсаты – қызмет алушылардың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік бейімделуіне, оңалтуына және қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау.
Жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер тиісті мұқтаждық бағалауы мен медициналық көрсетілімдерге сәйкес, мүгедектігі бар балаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жасына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсету қабілеті шектелген қарт адамдарға және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж деп танылған өзге де адамдарға көрсетіледі.
Көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер түрлері:
* Әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер – күнделікті тұрмыста қажетті көмек көрсету.
* Әлеуметтік-медициналық қызметтер – денсаулық жағдайын бақылауға және оңалту іс-шараларына жәрдемдесу.
* Әлеуметтік-психологиялық қызметтер – психологиялық қолдау көрсету.
* Әлеуметтік-педагогикалық қызметтер – оқыту, тәрбиелеу және әлеуметтік дағдыларды дамыту.
* Әлеуметтік-еңбек қызметтері – еңбек дағдыларын қалыптастыру.
* Әлеуметтік-мәдени қызметтер – бос уақытты ұйымдастыру және мәдени іс-шараларға қатыстыру.
* Әлеуметтік-экономикалық қызметтер – әлеуметтік қолдау шараларын алуға жәрдемдесу.
*Әлеуметтік-құқықтық қызметтер – құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға көмектесу.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету тәртібі
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу үшін азамат немесе оның заңды өкілі тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінеді.
Уәкілетті орган тиісті құжаттар мен қызметке мұқтаждықты қарайды. Оң шешім қабылданғаннан кейін қызмет алушы жартылай стационарлық ұйымға жіберіледі.
Қызметтер адамның денсаулық жағдайы, жасы, жеке қажеттіліктері және оңалту бағдарламасы ескеріле отырып әзірленген жеке жұмыс жоспары негізінде көрсетіледі.
Жартылай стационарлық ұйымдарда қызмет көрсету ұзақтығы, әдетте, күніне 4 сағаттан 10 сағатқа дейін болады.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы А. Махановамен 2026 жылғы 20 қазанда бөлім қызметкерлеріне «2027 жылғы 1 қаңтардан бастап республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібіне енгізілетін өзгерістер бойынша» құқықтық оқыту сабағы өткізілді.
Оқыту барысында А. Маханова қызметкерлерге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың жекелеген түрлерін тағайындау кезінде мұқтаждық қағидатының енгізілетінін түсіндірді.
Атап айтқанда, республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін 36 жәрдемақы түрінің 14 түріне қатысты жаңа тәсіл қолданылатыны, ал қалған 22 жәрдемақы түрі бойынша қолданыстағы тағайындау тәртібі сақталатыны атап өтілді. Сонымен қатар, жаңа тәртіптің негізгі мақсаты мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыру, отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескеру және көмекті нақты мұқтаж азаматтар мен отбасыларға бағыттау екені түсіндірілді.
Сондай-ақ, оқыту сабағы барысында зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау кезінде туындайтын өзекті мәселелер талқыланып, қызметкерлердің сұрақтарына қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірмелер берілді.
Қазақстанда азаматтардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылады. Олардың қатарында жұмыс іздеуге көмек көрсету, кәсіптік оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру, сондай-ақ тиісті құқығы болған жағдайда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау бар.
Алғашқы қадам – жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу. Мұны тұрғылықты жеріңіздегі Мансап орталығына жүгіну арқылы, электрондық үкімет порталы немесе Enbek.kz порталы арқылы жасауға болады.
Тіркелгеннен кейін Мансап орталығы азаматтың кәсібін, жұмыс тәжірибесін, біліктілігін, қалаған жалақы деңгейін және басқа да талаптарын ескере отырып, оған сәйкес келетін бос жұмыс орындарын ұсынады.
Егер әзірге лайықты жұмыс табылмаса, азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларына жолданады. Олардың қатарында жаңа мамандық алу үшін кәсіптік оқудан өту, субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу, сондай-ақ жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару қарастырылған.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті құқығы бар азаматтарға жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем көзделген.
Төлем мөлшері азаматтың орташа айлық табысына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты болады.
Қолдау шаралары бос жұмыс орнын ұсынумен ғана шектелмейді. Азамат жұмысқа орналасқаннан кейін де Мансап орталығы оның жұмыспен қамтылу жағдайын бақылауды жалғастырады. Негізгі мақсат – адамға жай ғана жұмыс тауып беру емес, оның тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасау.
Осылайша жаңа жұмысқа орналасу бірнеше кезеңнен тұрады: жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу, бос жұмыс орындарын іріктеу, қажет болған жағдайда қосымша қолдау шараларын алу және артынша жұмысқа орналасу.
Қазақстанда отбасының әлеуметтік жағдайын бағалағанда тек табысы ғана емес, басқа да көрсеткіштер ескеріледі. Мәселен, отбасы мүшелерінің жұмысы, баспанасының болуы, мүлкі, несиелері мен жинақтары назарға алынады.
▪️C санатына табысы орташа, тұрмыс жағдайы қанағаттанарлық отбасылар жатады.
▪️D санатындағы отбасылардың қаржылық жағдайы қиындау болады. Олардың табысы төмен, тұрақты жұмысы мен жеке баспанасы болмауы мүмкін. Сондай-ақ мерзімі өткен несиелері және отбасының материалдық жағдайына әсер ететін басқа да қиындықтары болуы мүмкін.
▪️E санатына мемлекет тарапынан бірінші кезекте қолдау қажет отбасылар жатады. Әдетте, мұндай отбасыларда бірден бірнеше қиындық кездеседі. Мысалы, табысы кедейлік шегінен едәуір төмен болуы, тұрақты жұмысы, баспанасы, мүлкі мен жинағы болмауы, сондай-ақ мерзімі өткен несиелері болуы мүмкін.
Отбасының санаты бір ғана көрсеткішке қарап анықталмайтынын ескеру маңызды. Отбасының цифрлық картасы 50-ден астам өлшемшартты ескереді. Олардың қатарында табыс деңгейі, жұмыспен қамтылуы, тұрғын үй жағдайы, мүлкі, көлігі, несиелері, кәсібінің, жер учаскесінің және жеке қосалқы шаруашылығының болуы, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы бар.
Отбасының өмірлік жағдайы өзгерсе, оның санаты да қайта қаралуы мүмкін.
«Мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету» туралы ақпаратты таныстырып өтемін (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 287 бұйрығынан).
Ортопедиялық аяқ киім – бұл науқас адамда табан деформациясы, ақаулары және функционалдық бұзылыстар болған жағдайда арнайы үлгіде және конструкцияда табан функцияларының орнын толтыру мақсатында дайындалатын аяқ киім.
Ортопедиялық аяқ киімді киюге ұсынысты дәрігер-ортопед немесе травматолог береді.
Қызмет алушылар күрделі немесе күрделілігі төмен ортопедиялық аяқ киіммен жылына 1 рет қамтамасыз етіледі.
Күрделі ортопедиялық аяқ киім, оның ішінде етікше келесі жағдайларда дайындалады: аяқтың қысқаруы 3 см және одан да көп болған жағдайда, эквиноварустық, вальгустық, плосковальгустық, майтабандық , лимфостазда аяқ ісіп піл тәрізді табан болғанда, Шопар, Лисфранк, Пирогов әдістері бойынша табан ампутациясының тұқылдары болғанда.
Күрделілігі төмен ортопедиялық аяқ киім аяқтың қысқаруы 3 см кем , жалпақтабандылық, өкше сүйегінің өсінділері (өкше шпоралары) және табанның басқа да патологиялары кезінде дайындалады.
Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 1 сыңар (жаздық немесе қыстық) аяқ киім беріледі. Мүгедектігі бар балаларға 2 сыңар (жаздық немесе қыстық) аяқ киім беріледі. Үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар 1 сыңар (жаздық немесе қыстық) аяқ киіммен, көзделген аяқ киімнің құнының 50 пайызын өз қаражаты есебінен төлей отырып қамтамасыз етіледі.
Қазақстанда отбасылар мен үй шаруашылықтарының материалдық жағдайын бағалау кезінде олардың әл-ауқатын көрсететін бірнеше көрсеткіш ескеріледі.
А санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар, ал Б санатына ауқатты отбасылар жатады.
Санатты анықтаған кезде отбасының табысы ғана емес, жылжымайтын мүлкі, көлігі, кәсібі, жер учаскелері және басқа да активтері ескеріледі.
Мысалы, А санатына әр отбасы мүшесіне шаққандағы табысы 7 күнкөріс минимумынан асатын, үлкен аумақты жылжымайтын мүлкі, люкс санатындағы көлігі, бизнесі және басқа да активтері бар отбасылар жатады.
Ал Б санатына әр адамға шаққандағы табысы 6-дан 7 күнкөріс минимумына дейінгі, жайлы баспанасы, премиум санатындағы көлігі, кәсіпкерлік қызметі және басқа да мүлкі бар отбасылар кіреді.
Алайда осы белгілердің біреуінің болуы отбасы автоматты түрде белгілі бір санатқа жатқызылады дегенді білдірмейді.
Отбасының әл-ауқаты Отбасының цифрлық картасы арқылы 50-ден астам өлшем негізінде бағаланады. Олардың қатарында табыс деңгейі, жұмыспен қамтылуы, мүлкі, несиелері және әлеуметтік жағдайы бар.
Сонымен қатар отбасының санаты тұрақты болып қалмайды. Өмірлік жағдайы өзгерсе, санаты да қайта қаралуы мүмкін
СТАЦИОНАРЛЫҚ ЖАҒДАЙДА АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ
Стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету – өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігі шектелген, тұрақты күтімге, медициналық бақылауға және әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға арналған қызмет түрі.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер кімдерге көрсетіледі?
* Өз бетінше күтім жасай алмайтын қарт адамдарға;
* Мүгедектігі бар адамдарға;
* Психоневрологиялық аурулары бар адамдарға;
* Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға;
* Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларға.
Стационарлық ұйымдарда көрсетілетін қызмет түрлері:
1. Әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер;
2. Әлеуметтік-медициналық қызметтер;
3. Әлеуметтік-психологиялық қызметтер;
4. Әлеуметтік-педагогикалық қызметтер;
5. Әлеуметтік-еңбек қызметтері;
6. Әлеуметтік-мәдени қызметтер;
7. Әлеуметтік-экономикалық қызметтер;
8. Әлеуметтік-құқықтық қызметтер.
Қызмет алушыларға қажетті күтім көрсетіліп, денсаулығын сақтау, әлеуметтік бейімдеу және қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасалады.
Басты мақсат – арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және жан-жақты қолдау көрсету.
Әрбір азаматтың лайықты өмір сүруі – қоғамның ортақ жауапкершілігі!
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 29 сәуірдегі №160 бұйрығымен бекітілген бақылау субъектілеріне (объектілеріне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің 2026 жылғы екінші жартыжылдығына арналған тізіміне сәйкес, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында профилактикалық бақылау жүргізді.
Профилактикалық бақылау барысында қызмет алушыларға көрсетіліп жатқан арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен көрсетілу тәртібі зерделенді.
Профилактикалық бақылау нәтижесінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында бірқатар бұзушылықтар анықталып, оларды жою бойынша мерзімі белгіленген нұсқама берілді.
Сонымен қатар, ««№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де арнаулы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ директорының әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары, әлеуметтік қызметкерлері және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандарының қатысуымен ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстел барысында Департаменттің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы К. Сарсенов әлеуметтік қызметкерлерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндірме беріліп, сұрақтарына жауаптар берілді.