ҚР Президенттің 01.09.2022 жылғы Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында балалы отбасыларды қолдауды күшейту шаралары бойынша айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында Әлеуметтік кодекстің жобасында балалы отбасылардың жекелеген санаттарын қолдаудың қолданыстағы шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңалықтар енгізілуде.
Сондай-ақ, қолданыстағы мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер толық сақталады.
Қазіргі уақытта балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы моделі мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің 6 түрін қамтиды.
Сонымен қатар, балалы отбасыларды мемлекеттік деңгейде әлеуметтік қолдауды жақсартатын келесі нормалар қарастырылған:
Біріншіден, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі- МӘСҚ) бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем төлеу мерзімдері ұлғайтылады.
Бұл ретте, МӘСҚ-тен төлем алушы жұмысқа ерте шыққан жағдайда, оның мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде сақталатын болады.
Екіншіден, бала туғанға дейінгі соңғы екі жылда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6 айдан аз уақыт қатысқан ата-аналар жұмыс істемейтін адамдармен қатар республикалық бюджеттен төленетін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын болады.
Үшіншіден, әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін наградталған аналарға берілетін жәрдемақының мөлшері сараланатын болады.
Яғни, «Алтын алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.
Қазіргі таңда 6 және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей жәрдемақы алады.
Бұл ретте 6 немесе 7-ден көп бала туып, тәрбиелеген көпбалалы аналарға құрмет ретінде наградталған аналар мәртебесі белгіленетін болады.
Төртіншіден, мүгедектігі бар балалар үшін қызмет көрсетумен айналысатын жеке көмекшілерге зейнетақы тағайындау кезіндегі жұмыс өтіліне қосу мақсатында 2023 жылдан бастап зейнетақы жарналары жүзеге асырылатын болады.
Қазіргі кезде балалы отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылған, оған мемлекеттік жәрдемақылар жүйесі, МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, салық салу кезіндегі жеңілдіктер және азаматтар өмірінің барлық кезеңдерінде әлеуметтік қорғаудың басқа да шаралары кіреді.
Отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әртүрлі өмірлік жағдайларды көздейді және оған МӘСҚ жүктілігі және босануы бойынша әлеуметтік төлем, бала тууына, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы жұмыс істейтін әйелдер үшін МӘСҚ-дан , ал жұмыс істемейтін әйелдер үшін мемлекеттік бюджеттен берілетін жәрдемақы және отбасының табысын есепке алмай төленетін көп балалы отбасылар мен наградталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақылар кіреді.
Сондай-ақ, бала күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табысының 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау қарастырылған.