Меню

Страницы

Статья

Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдеріне арналған әдістемелік ұсынымдар

  1. Осы Әдістемелік ұсынымдарды Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңын, Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ережені іске асыру мақсатында және орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдерінің өз функцияларын жүзеге асыруына жәрдемдесу үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) әзірледі.
  2. Әдеп жөніндегі уәкілдер өз жұмысын ұйымдастыру кезінде еңбек заңнамасының, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарын, Әдеп кодексін, Әдеп жөніндегі уәкілдің ережесін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
  3. Осы әдістемелік ұсынымдарда келесі негізгі ұғымдар мен анықтамалар қолданылады:

1) мүдделер қақтығысы – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өз лауазымдық міндеттерін орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына алып келетін жағдай.

2) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі –
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңда,  Мемлекеттік қызмет туралы Заңда және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде белгіленген мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық қағидалары;

3) консультациялық көмек – мемлекеттік қызмет туралы заңнамасын және Әдеп кодексін қолдану мәселелері бойынша кеңес беру арқылы көмек көрсетуге бағытталған;

4) шектеулер мен тыйым салулар – мемлекеттік қызметте болуға байланысты мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың тізбесі, оның ішінде жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделері үшін лауазымдық өкілеттіктерін пайдалану;

5) құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды талдау – Мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл туралы заңнама және Еңбек кодексі талаптарын сақтау практикасын есепті кезеңде алдағы уақытта осындай бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде ұсынымдар әзірлеу мақсатында қорыту жөніндегі іс-шаралар;

6) бұзушылықтардың профилактикасы – мемлекеттік қызметшілермен мемлекеттік қызмет туралы заңнама және қызметтік әдеп нормалары талаптарын бұзушылықтарын жасауды ескертуге бағытталған шаралар кешені;

7) медиация – бұл бейтарап үшінші тарап – медиатор қақтығысушы тараптар арасындағы ерікті келісімді (немесе «өзін-өзі анықтауды») әзірлеуге ықпал ете отырып, жанжалды шешуге көмектесетін процесс. Медиатор тараптар арасындағы қарым-қатынас процесін, ұстанымдар мен мүдделерді түсінуді жеңілдетеді, тараптарды олардың мүдделеріне бағыттайды және тараптарға өз келісіміне келуге мүмкіндік бере отырып, мәселені тиімді шешуді ұсынады;

8) бейнеконференцбайланыс – өзара қашық бірнеше абоненттің нақты уақыт режимінде аудио-және бейнеақпарат алмасу мүмкіндігін ала отырып, интерактивтік өзара іс-қимыл жасасуына арналған, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пайдаланылатын байланыс қызметі.

 

  1. Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін ұйымдастыру

 

2.1. Консультативтік көмек және түсіндіру жұмыстары

 

  1. Азаматтар да, мемлекеттік қызметшілер де әртүрлі себептерге байланысты (негізгі қызмет саласы бойынша жұмыс жүктемесі, жұмыс өтілінің аздығы, заң білімінің болмауы, штат санының қысқаруы, жиі қайта ұйымдастырулар, заңнаманың тұрақты өзгерістері, қандай құзыретті органдарға жүгінуді білмеуі және т.б.) мемлекеттік қызмет саласында болып жатқан өзгерістердің мәнін егжей-тегжейлі зерделеуге әрқашан мүмкіндігі бола бермейді. Соның салдарынан шешім қабылдауда және өз құқықтарын қорғауда қиындықтар туындайды.

Мұндай жағдайларда Әдеп жөніндегі уәкілдер маңызды рөл атқаруы тиіс.

Олар жүзеге асыратын негізгі функциялардың бірі – мемлекеттік қызметшілерге консультациялық көмек көрсету. Мұндай көмек мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың және мемлекеттік қызметшілер әдебінің кез келген мәселелері бойынша көрсетілуі мүмкін. Өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша да консультациялар беруі мүмкін.

Консультациялық көмекті, негізінен, жеке қабылдау, әңгімелесу барысында көрсету ұсынылады. Азаматтармен осындай жеке-бағытталған жұмыс пайдалы әрі тиімді болады.

Осыған ұқсас жұмыс мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын үшінші тұлғалардың (жеке және заңды тұлғалар) Әдеп жөніндегі уәкілдің атына жүгінген кезде ұйымдастырылуы мүмкін.

Сонымен қатар, туындаған сұрақтарды жазып, толық жауап немесе ақпарат алу және одан әрі шаралар қабылдау үшін оларды құзыретті лауазымды тұлғалармен талқылаған жөн.

Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізілген жағдайда мемлекеттік қызметшілердің кең ауқымын қамтып консультацияларды міндетті түрде жүргізу қажет, ал мемлекеттік қызметшілерге қатысты шағымдар мен тәртіптік істер көбейген кезде оларды күшейткен жөн.

Бұл ретте, Әдеп жөніндегі уәкілдер өз жұмысында мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарын, яғни ашықтық, әділдік, клиентке бағдарлану, адал ниеттілік, сыпайылық және адалдық қағидаттарын мемлекеттік қызметшілерге түсіндіру жұмысын үздіксіз жүргізіп отырулары керек.

Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі уәкілдерге консультациялық және профилактикалық жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік желілердің әлеуетін тиімді пайдалану үшін Facebook, Telegram, Instagram және т.б. танымал әлеуметтік желілердегі парақшаларды ашу ұсынылады (профилактикалық сипаттағы әртүрлі материалдарды жариялау, жиі кездесетін сұрақтарға жауаптарды жариялау, мемлекеттік қызметтің имиджін арттыру үшін үздік жетістіктер мен үздік мемлекеттік қызметшілерді насихаттау және т.б.).

Сондай-ақ, әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, интернет-конференциялар өткізу және мемлекеттік қызметшілерге қатысты жалған ақпарат шыққан жағдайда теріске шығаруды ұсыну құпталады.

Әдеп жөніндегі уәкіл өзіне тән мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жүгінуге құқылы. Мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісім бойынша тағылымдамадан, біліктілікті арттыру курстарынан және т.б. өтуге құқылы.

  1. Түсіндіру жұмыстары кезінде Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі, әдетте, шектелмеген тұлғалар тобына бағытталған және мемлекеттік органдарда, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдарда дәрістер мен семинарлар түрінде ұсынылуы мүмкін. Мемлекеттік емес ұйымдарда, оның ішінде қоғамдық бірлестіктер мен оқу ұйымдарында да түсіндіру жұмыстарына жол беріледі.

Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің (әріптестерімен және азаматтармен қалай әрекет ету керек), «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңның және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңның нормаларын түсіндіру бойынша жаңа мамандардың бейімделуі жұмысына қатысады, ұжымдағы корпоративтік мәдениеттің негіздерімен таныстырады.

Бұл жұмысты жаңадан қабылданған қызметшілер тағайындалған сәттен бастап 3-5 күн ішінде жүргізу қажет.

Түсіндіру жұмысы, консультациялар сияқты мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларға өзгерістер енгізілген кезде, тексеру қорытындылары бойынша заңнаманың бұзылуы анықталған жағдайда, мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру, мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері құрамының елеулі бөлігі ауысқан кезде, түсіну мен қолданудың қиындығын білдіретін қандай да бір мәселелер бойынша көптеген өтініштер мен сұрау салулар түскен және т.б. кезде міндетті болып табылады.

Түсіндіру жұмыстарын жүргізуге Әдеп жөніндегі уәкілдің өзі жүзеге асыратын жұмысты бақылау және талдау қорытындылары болуы мүмкін. Мемлекеттік органдардың жұмысына қанағаттанушылық, мемлекеттік орган қызметкерлерінің әдептілік деңгейі бөлігінде азаматтарға жүргізілген онлайн сауалнаманың қорытындысы бойынша баға да көрсеткіш бола алады.

Түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін телеарналар, әлеуметтік желілер, бейнеконференцбайланыс және т.б. сияқты барлық қолжетімді құралдарды кеңінен пайдалану қажет.

Бейнесюжеттер мен радиоматериалдарды мемлекеттік органның интернет-ресурстарында орналастыру не бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жариялау түсіндіру жұмысының қосымша нысаны болып табылады.

Түсіндіру жұмыстарын тікелей Әдеп жөніндегі уәкілдің өзі, ал қажет болған жағдайда сол немесе өзге саладағы салалық мамандарды тарта отырып жүргізе алады.

Түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде, мысалы, жекелеген тақырыптар бойынша ай сайын және тоқсан сайын, бірақ жетекшілік ететін мемлекеттік органдарда жарты жылда кемінде бір рет жүргізу керек.

Басшылықтың және тиісті ұйымдардың келісімі бойынша немесе Әдеп жөніндегі уәкілдің алдын ала келісілген және бекітілген жұмыс жоспарының негізінде облыстық және аудандық орталықтарға, қалаларға, ауылдық округтерге және кенттерге баруды тәжірибеге енгізу қажет.

 

2.2. Қызметтік әдебін мониторингтеу және бақылау, сондай-ақ шектеулер мен тыйым салуларды сақтау

 

  1. Мониторинг және бақылау:

1) Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзуы жөніндегі ақпаратты жинау мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауына мониторинг жүргізу болып табылады.

Мониторинг жүргізу тәсілдерінің бірі мемлекеттік қызметшілерге қатысты теріс жарияланымдар фактілерін анықтау тұрғысынан бұқаралық ақпарат құралдарындағы (газеттер, интернет-басылымдар, әлеуметтік желілер, блогтар және т.б.) жарияланымдарды зерделеу, сондай-ақ мемлекеттік органдағы тәртіптік комиссиялардың қызметі (әдеп құқық бұзушылықтар мониторингі) болуы мүмкін.

Сондай-ақ, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды зерделеу, қызметшілердің іскерлік киім үлгісін, жұмыс жағдайларын сақтау, Әдеп кодекстің мәтіні мемлекеттік органдардың ғимараттарында көпшіліктің қарауына қолжетімді жерлерде және Әдеп жөніндегі уәкіл туралы мәліметтердің болуы бойынша мемлекеттік мекемелерге бару мониторинг құралы болып табылады.

Қызметшілердің Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын мониторингілеу мақсатында  прокуратура, полиция және сот органдары ұсынған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы мәліметтерге талдау жүргізіледі,  әдеп нормаларды бұзу белгілері болғанда.

Белгіленген шектеулерді бұзуға жол бермеу мақсатында Әдеп жөніндегі уәкіл тұрақты негізде мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет.

Осындай фактілер анықталған жағдайда Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшіге анықталған фактілерді жою жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін түсіндіру нысанында жеткізуге, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көзделген талаптар орындалмаған жағдайда қызметшінің тәртіптік жауаптылығын қарау туралы мәселеге бастамашылық жасауға құқылы.

Қызметтік әдеп нормаларының сақталуын, сондай-ақ ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында әдеп жөніндегі уәкілмен кемінде жарты жылда бір рет бекітілген нысан бойынша анонимді сауалнама жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша нәтижелерді және талдауды Агенттікке және оның аумақтық департаменттеріне жолдайды.

Қызметтік әдебін бақылау мониторинг нәтижесінде алынған деректерді пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, БАҚ-та теріс жарияланымдар анықталған жағдайда Әдеп жөніндегі уәкіл барлық ақпаратты сұратуға құқылы. Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшімен  профилактикалық әңгіме жүргізу міндетті. Сондай-ақ Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік органның басшысына мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауаптылығы мәселесін қарау туралы ұсыныс енгізуге құқылы. Жарияланған фактілер расталмаған жағдайда, Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік орган басшысының атына жазбаша теріске шығару берген жөн.

Әдеп кодексі, Мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл саласындағы мемлекеттік органның қызметіне жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан адамдарды көтермелеу туралы ұсыныс енгізуге құқылы;

2) шектеулер мен тыйымдар:

Әдетте, мемлекеттік қызметшілер тек қана заңнамалық актілерде бекітілген талаптарды шектеулер мен тыйымдар деп түсінеді («Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 13-бабының талаптарына сәйкес).

Алайда, шектеулер ұқсас императивті күші бар ішкі құжаттардың (Ережелер немесе бұйрықтар) талаптарына байланысты туындауы мүмкін.
Осыған байланысты, Әдеп жөніндегі уәкіл нақты мемлекеттік органның ішкі құжаттарында белгіленген шектеулерге назар аударуы қажет.

Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі уәкіл түсіндіру жұмыстарында әлеуметтік медианы пайдалану кезінде мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмеуге және мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыратын контентті
(фото, бейнежазбалар) пайдалануға тиіс.

Әдептің сақталуына мониторинг және бақылау тұрақты түрде жүзеге асырылады. Байқалатын үрдіске байланысты мемлекеттік органның басшылығына немесе уәкілетті органға тиісті шаралар мен ұсыныстар әзірлеу қажет.

3) Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің сыртқы келбеті мен іскерлік стилінің корпоративтік қағидаттарын ұстануға ұмтылысын қолдайды, қажет болған жағдайда кеңес береді және қызметкерлерге ұсынымдармен көмектеседі.

Іскерлік стиль ұстамдылық, жоғары сапалы киім, жарқын, назар аударатын аксессуарлардың болмауы бағаланатын ұсыныстарға негізделген.

Қызметкерлердің сыртқы келбеті мемлекеттік қызметшінің жалпы имиджінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Киімдегі іскерлік стиль қолайлы, сындарлы жұмыс атмосферасын қалыптастырады, мемлекеттік қызметшінің оң бейнесін жасауға және қолдауға ықпал етеді.

 

2.3. Қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша өтініштерді қарау. Мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтарын қорғау және қалпына келтіру. Тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы өтініш

 

  1. Бұзушылықтар туралы өтініштер: Әдеп жөніндегі уәкіл функцияларының бірі өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының тапсырмасы бойынша тек мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау болып табылады.

Өтініштерді қарау кезінде Әдеп жөніндегі уәкілдер Әкімшілік
рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі – ӘРПК) және басқа да заңнамалық актілердің талаптарын ұстануға тиіс.

Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі уәкілдер өтініштерді қарау үшін белгіленген тәртіпте қажетті ақпарат сұратуға және алуға құқылы.

Бұдан басқа, Әдеп жөніндегі уәкілдер:

- қажет болған жағдайда өтініш авторларының қатысуымен өтініштерді объективті, жан-жақты және уақтылы қарауды қамтамасыз етуге;

- жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдауға;

- өтініш берушілерді қарау нәтижелері туралы хабардар етуге;

- өтініш берушілерге олардың өтініштерінің ведомстволық бағыныстылығы бойынша жіберілгені туралы хабарлауға;

- әдепті бұзу туралы хабарлаған адамды қудалаудан қорғау тетіктерін қамтамасыз етуге міндетті.

Бұл ретте, Әдеп жөніндегі уәкілдердің өтініштерді қарауды тоқтату туралы шешім қабылдауға құқығы жоқ, өйткені мұндай шешімді мемлекеттік органның басшысы немесе оның орынбасары қабылдайды.

Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі уәкіл өзінің күш-жігерін тексеру жүргізбестен (қызметтік тергеп - тексеру) қақтығысушы тараптардың қатысуымен әңгімелесу, келіссөздер жүргізу арқылы ахуалды реттеуге бағыттауы қажет.

Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі уәкіл өз күш-жігерін жанжалдасушы тараптардың қатысуымен әңгіме, келіссөздер жүргізу жолымен жағдайды реттеуге бағыттауы қажет.

Мемлекеттік қызметші тарапынан бұзушылықтар айқын сипатқа ие болған не тараптардың бірі тексеру жүргізуді талап еткен және жанжалды шешу нәтижесіне қанағаттанбаған жағдайларда, Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына сәйкес қызметтік
тергеп-тексеруді ұйымдастыру үшін уәкілетті адамның атына қызметтік жазба дайындауы қажет.

Қызметтік тергеп-тексеру персоналды басқару қызметімен немесе міндетті түрде персоналды басқару қызметін тарта отырып мемлекеттік органның өзге құрылымымен (оның ішінде Әдеп жөніндегі уәкілмен) жүргізілетінін атап өткен жөн.

Ескерту. Мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында дербес, сондай-ақ өздеріне функциялар жүктелген Әдеп жөніндегі уәкілдер тәртіптік комиссияның құрамына кірмеуге тиіс.

  1. Құқықты қорғау: Әдеп жөніндегі уәкілге мемлекеттік қызметшінің құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру және қорғау мәселелеріне ерекше назар аудару қажет. Мемлекеттік қызметшілердің өз мүдделерін қорғау жөніндегі қолданыстағы тетік, әдетте, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға не сотқа жүгіну жолымен іске асырылады. Екі жағдайда да мемлекеттік қызметші үшін дауды шешу және өз ұстанымын қорғау рәсімі кешіктіріледі. Бұл ретте, өтінішті қараудың қолда бар практикасын талдау мемлекеттік органның лауазымды адамдары мемлекеттік қызметші көтеріп отырған проблемаларға тиісті назар аударған кезде, жағдай Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның қатысуынсыз немесе мемлекеттік органды сот дауларына тартпай шешілуі мүмкін екенін куәландырады.

Осыған байланысты, Әдеп жөніндегі уәкіл бір деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер арасында басшымен өзара қарым-қатынастарда келіспеушіліктер болған жағдайда, әңгімелесулер және келіссөздер жүргізу арқылы орын алған келіспеушіліктерді реттеп, негіздер болған кезде мемлекеттік қызметшінің мүдделерін қорғауы қажет.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің өз дәлелдерін дұрыс дәлелдеу және тиісті өкілетті органдарға жүгіну үшін консультацияларды белсенді түрде жүзеге асыру қажет.

 

2.4. Қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ

азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл

 

  1. Өзара қарым-қатынас мәдениеті: өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру жөніндегі функцияны мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында парасаттылық, сыпайылық, бір-біріне құрметпен қарау қағидаттарын тарату арқылы әдеп жөніндегі уәкіл іске асырады.
    Мемлекеттік қызметші адамның қадір-қасиетін қорлайтын нормативтік емес лексиканы пайдаланған жағдайларда Әдеп жөніндегі уәкіл оған ауызша ескерту жасауы қажет. Бұл ретте, Әдеп жөніндегі уәкіл жеке үлгісімен, іске кәсіби көзқарасымен, мемлекеттік орган қызметкерлерінің, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың проблемаларына мұқият қарауымен мінез-құлық әдебін тәрбиелеуге тиіс.

Кез келген ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың деңгейі негізінен қызметкерлердің қарым-қатынас мәдениетіне байланысты екені мәлім. Бұл ретте ұжымдық мәдениетті қалыптастыру және дамыту аса өзекті,  ол өз кезегінде ішкі коммуникациялардың дамуына, ұжымды біріктіруге ықпал етеді, сондай-ақ алдыға қойылған міндеттерді тиімді орындауға бағдарлайды. Ұжымдық мәдениеттің деңгейі әрбір қызметкердің қатысуына байланысты.  Осы орайда, Әдеп жөніндегі уәкілдер жаңаша тәсілдерді қолдану арқылы, оның ішінде тиісті саладағы мамандарды тарта отырып, ұжымдық мәдениетті қалыптастыруға және дамытуға белсенді қатысуы қажет.

Сонымен қатар, мүмкіндік болған жағдайда, Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік органның басшылығымен бірлескен мәдени не спорттық іс-шаралар өткізуге бастамашылық жасауы қажет. Сонымен қатар, іс-шаралар формальды сипатта болмауы тиіс. «Team-building» қағидаты (команда құру) мемлекеттік қызметшіге бейресми жағдайда өзінің үздік, жеке қасиеттерін көрсетуге, Әдеп кодексін түсіндіру және әдептендіру саласында қазақ халқының, сондай-ақ басқа да ұлттардың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының тәжірибесін зерделеу арқылы «әдеп сағатын» өткізу бойынша профилактикалық және тәрбиелік жұмыс жүргізуге мүмкіндік беруден көрінеді.

Мемлекеттік қызметшілер үшін беделді қайраткерлермен, белгілі ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен, спортшылармен, құрметті азаматтармен тұрақты кездесулер ұйымдастыру, киелі орындарға, еліміздің тарихи-мәдени мұра ескерткіштеріне, театрларға, мұражайларға экскурсия жасау және бару, сондай-ақ оқуға ұсынылатын әдебиетті қалыптастыру және тарату.

Мемлекеттік органдарда үздік мемлекеттік қызметшілерді құрмет тақтасына орналастыру, оларды мысалға қою, наградтау туралы өтініш жасау, олардың ең үздік табыстары мен салымдарын жариялау. Роликтер, инфографикалар, шағын нұсқаулықтар, презентациялар әзірлеу.

2011 жылғы 28 қаңтардағы «Медиация туралы»
Қазақстан Республикасының Заңы медиацияны татуластыру рәсімі, яғни тараптардың медиатордың қатысуымен ерікті келісімі бойынша іске асырылатын қылмыстық, әкімшілік және азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын, тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) шешудің соттан тыс нысаны ретінде айқындайды.

ӘРПК ережелерінде татуластыру рәсімдері көзделген бұл мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасындағы өзара қарым-қатынастарға жаңа серпін береді.

 

2.5. Құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен

жағдайларды талдау

 

  1. Әдеп жөніндегі уәкіл жүйелі негізде, бірақ тоқсанына кемінде бір рет мемлекеттік қызметшілермен мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың және Әдеп кодексінің талаптарын бұзуға ықпал ететін себептер мен жағдайларға талдау жүргізуі қажет.

Талдау белгілі бір кезең ішінде тәртіптік комиссиялар шығарған шешімдерге, мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері жасаған тәртіптік немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Құқықтық статистика органдарынан алынған мәліметтерге негізделуі мүмкін.

Талдау барысында мемлекеттік қызметшілерге жүргізілген сауалнама нәтижелері, сондай-ақ өтініштерді қарау нәтижелері пайдаланылады.

 

Бұл ретте, бір мемлекеттік қызметшінің іс-әрекеттеріне, әдеп нормаларын жүйелі түрде бұзуға бірнеше рет жүгінулеріне назар аудару және мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын сақтауға назар аудару қажет.

Талдау нәтижелері бойынша уәкілетті тұлғаның (бірінші басшының), сондай-ақ Агенттіктің атына мемлекеттік органдағы жағдайды жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізу қажет.

Бұдан басқа, Әдеп жөніндегі уәкіл жарты жылда бір рет жүргізілген сауалнама қорытындылары, сондай-ақ талдау нәтижелері бойынша кеңейтілген аппараттық кеңесте (мысалы, министрдің, облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімінің, сондай-ақ аппарат басшыларының қатысуымен) есеп беруі тиіс.

 

2.6. Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін ұйымдастыру

 

  1. Әдеп жөніндегі уәкіл өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін қажеттінің бәрімен қамтамасыз етілуге тиіс.

Әдеп жөніндегі уәкілдің іс жүргізуі мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінен бөлек жүргізіледі. Оның ішінде деректерді көрсете отырып кеңес алуға өтініш білдірген азаматтарды тіркеу журналын бастау қажет.

Бұл ретте, мемлекеттік орган басшысының шешімі бойынша Әдеп жөніндегі уәкілге олардың қызметіне қатысты құжаттарға қол қою құқығы берілуі мүмкін. Мұндай жағдайда, Әдеп жөніндегі уәкілдің хаттары мемлекеттік органның ресми бланкілерінде жіберіледі.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша іс жүргізу заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

  1. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау жөніндегі өзге де мәселелер туындаған кезде Әдеп жөніндегі уәкіл түсініктеме алу үшін уәкілетті органға немесе оның аумақтық департаменттеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және басқа да уәкілетті органдарға жүгінеді.
  2. Осы құжатта тек Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін ұйымдастыруға және жетілдруге арналған жалпылама үлгілік ұсыныстар көзделген, дегенмен тәжірибеде оң нәтиже көрсеткен заңмен тыйым салынбаған басқа да әдістер мен тәсілдерді қолдануға шектеу жоқ.
Дата публикации
26 июля 2022
Дата обновления
26 июля 2022
Тип
Ережелер мен рәсімдер

Сейчас читают

29 сентября 2026
Әлеуметтік өзгерістер
29 сентября 2026
Инклюзия
29 сентября 2026
Жұмыспен қамту

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы