24.05.2022ж. Қызылорда қаласының «Бақытты отбасы» орталығында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші -қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының қызметкерлермен тұрғындар арасында Қазақстан Республикасының заңнамаларына азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша және ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап инфляция деңгейінің өзгеруіне байланысты, зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерінің мөлшері арттырылуы туралы және әлеуметтік инфрақұрылымның нысандарын бейімдеу, мемлекеттік қызмет көрсету процестерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілер мен қызмет көрсетудің бизнес-процестері жөнінде ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесуде баяндалғандай, Қазақстанда жыл сайын барлық әлеуметтік төлемдер (зейнетақылар мен жәрдемақылар) инфляция деңгейін ескере отырып индекстеледі.
Ұлттық Банктің деректері бойынша инфляция деңгейі осы жылдың соңына дейін 8-10% – ға жетуі мүмкін (бұрын инфляция бойынша болжам 4-6% - ды құраған).
Биыл зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 3,9 трлн теңге қарастырылған, бұл бюджет шығыстарының төрттен бір бөлігін құрайды.
Ағымдағы жылғы қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7%-ға, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 5%-ға арттырылуына байланысты жәрдемақылардың мөлшері өскен болатын.
2022 жылғы 1 сәуірден бастап инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР-ның Заңына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.
Осыған орай, 01.04.2022 жылға дейін тағайындалған жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 4 %-ға индекстеледі, ал базалық зейнетақылар мен жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі-ЕТКД) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің (бұдан әрі-АЕК) өзгеруіне байланысты арттырылатын болады (АЕК мөлшері–3180 теңге; ЕТКД–37389 теңге; мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері –20 191 теңге болып белгіленді).
Облыс бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың жалпы саны 243,7 мың адам. Оның ішінде зейнетақы алушылардың саны-77,4 мың адам.
Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың төлемдерінің мөлшерін 1 сәуірден қайта есептеу жұмыстары автоматты түрде жүргізіледі.
Яғни, төлем алушыларға аталған мөлшері арттырылған төлемдерді алу үшін ешқайда бару немесе өтініш білдіру қажеттілігі жоқ.
Көбейтілген зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері маусым айынан бастап төленеді, бұл ретте 2 айға (сәуір, мамыр) қосымша төлеммен көбейтілген мөлшерде төленіп, ал шілдеден бастап 1 айға көбейтілген мөлшері төленетін болады.
Кездесу барысында қатысушылардың зейнетақымен қамсыздандыру, халықты әлеуметтік қорғау саласы бойынша қойған сұрақтарына жауаптар берілді.