23.05.2022ж. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші -қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының қызметкерлерімен Қызылорда қаласының Ақсуат және Қосшыңырау кентінің тұрғындары арасында Қазақстан Республикасының заңнамаларына азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша және ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап инфляция деңгейінің өзгеруіне байланысты, зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерінің мөлшері арттырылуы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесуде баяндалғандай, Қазақстанда жыл сайын барлық әлеуметтік төлемдер (зейнетақылар мен жәрдемақылар) инфляция деңгейін ескере отырып индекстеледі.
Ұлттық Банктің деректері бойынша инфляция деңгейі осы жылдың соңына дейін 8-10% – ға жетуі мүмкін (бұрын инфляция бойынша болжам 4-6% - ды құраған).
Ағымдағы жылғы қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7%-ға, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 5%-ға арттырылуына байланысты жәрдемақылардың мөлшері өскен болатын.
2022 жылғы 1 сәуірден бастап инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, 12.05.2022ж ҚР Заңымен «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР-ның Заңына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Сәйкесінше, осыған дейін тағайындалған жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 4 %-ға индекстелді, ал базалық зейнетақылар мен жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі-ЕТКД), айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің (бұдан әрі-АЕК) өзгеруіне байланысты арттырылды (1.04.22ж. бастап жәрдемақылар және басқа әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін АЕК мөлшері–3180 теңге; ЕТКД–37389 теңге; мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері –20191 теңге; ең төменгі зейнетақы мөлшері 48032 теңге болып белгіленді).
Атап айтқанда, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы, I топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын адамдарға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылардың төлемдері күнкөріс деңгейі мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылды.
Бұған қоса, №1, №2 Тізім бойынша (Ерекше ауыр және зиянды жағдайда жұмыс істеген адамдар үшін) мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ, балалар жәрдемақыларының мөлшері АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты көбейтілді.
Нәтижесінде, облыс бойынша 243,7 мыңнан аса зейнетақы және жәрдемақы алушылардың (оның ішінде зейнетақы алушылардың саны- 77,4 мың адам ) төлемдерінің мөлшері 01.04.2022ж. бастап қайта есептелініп, ағымдағы жылғы маусым айында төленеді, бұл ретте 2 айға (сәуір, мамыр) қосымша төлеммен көбейтілген мөлшерде төленіп, ал шілдеде 1 айға көбейтілген мөлшерде төленетін болады.
Кездесу барысында қатысушылардың зейнетақымен қамсыздандыру, халықты әлеуметтік қорғау саласы бойынша қойған сұрақтарына жауаптар берілді.