«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі –Заң) 11-бабының 3-тармағына сәйкес, 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 14.04.2015ж. №223 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру Қағидасының» (бұдан әрі – Қағида) 6-тармағына сәйкес, 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалған жағдайда қосымша: балалардың туу туралы куәліктері (немесе азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазба немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) және балаларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген фактіні растайтын құжаттар ұсынылады.
Балаларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген фактіні растайтын құжаттарға (олардың бар-жоғына қарай) мыналар жатады:
1) балалардың жеке басын куәландыратын құжаттар;
2) балалардың неке туралы куәліктері (азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) не некені бұзу туралы куәлік немесе неке қию туралы актілік жазбадан үзінді көшірме (тегін өзгерткен кезде);
3) балалардың оқу орнында оқитыны туралы құжат;
4) балалардың қайтыс болу туралы куәліктер (азаматтық хал актілерін жазу органы берген қайтыс болу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама);
5) әскери билет;
6) баланы (балаларды) тәрбиелеу, асырап алу фактісін белгілеу туралы соттың шешімі негізге алынады.