Ол – ардан аттатып, әділдікті таптады.
Елімізде қоғамды жегіжей жейтін сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен тәуелсіздік алған кезден бері күрес жүргізіліп келеді. Арнайы заң шығарылып, сол заңның аясында қарқынды күрес жүруде. Себебі кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті сұрақтардың бірі болып табылады.
Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.
Елбасымыз және ҚР Президенті Қ. К. Тоқаев та сыбайлас жемқорлықпен күрестің күн тәртібінен түспейтіні, маңыздылығына мән беруде.
Жыл сайын ондаған, жүздеген адам (шенеуніктер де, азаматтар да) сыбайлас жемқорлықпен айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал, сол сыбайлас жемқорлыққа жататын қылмыстар қайсы дейтін болсаңыз оған: қызмет орнын, өкілеттігін пайдалану; билігін, не қызмет өкілеттігін пайдалану; лауазымды тұлғаның өкілеттігін пайдалану; заңсыз түрде кәсіпкерлікпен айналысу; заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі болу; пара алу; пара беру; бопсалауда арада жүру; қызмет орнында алдау; қызмет орнындағы әрекетсіздік; немқұрайлылық.
Мемлекеттік қызметтегі тұлғаларға қойылатын талап та осы. Әрбір мемлекеттік қызметкердің ары да жаны да таза, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болса жұртшылықтың пікірімен үндесетіні сөзсіз. Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Бұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады.
Сондықтан да мұның бәрі бүгінгі жастың, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасындағы алған тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Тәрбие отбасынан басталады демекші, айналасындағылардың барлық тірлікті пара беру арқылы, не пара алу арқылы шешетінін, сол арқылы материалдық жағдайын жақсартып отырғанын көріп өскен бала, солай болуы керек екен деп түсініп өседі. Келешек ол баладан қандай мемлекеттік қызметкер шығады? Қалтасының қамын ойлайтын шенеунік бола ма, әлде тәуелсіз еліміздің нығаюына, қазіргі жахандану заманында патриоттық сезімді барынша бойына терең сіңдірген, ел дамуының ұйытқысы болатын нағыз азамат шыға ма?
Сол себепті де ел әлеуеті мен мемлекет экономикасына кері әсер ететін, ар ожданды аттап өтіп, әділеттілікті таптайтын осы бір жағымсыз әрекеттен қашанда аулақ болғаныңыз абзал және отбасын, туыс – бауырларды да одан сақтандырып, зардабы айтылып отырса құба-құп. Ақиқаты биік ел, мәңгілік ел болатынын жадыңыздан шығармай, жарқын болашаққа сіз де үлес қосыңыз.
Ф. Едігеева
ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және
көші-қон комитетінің Қызылорда облысы
бойынша департаментінің бөлім басшысы.