1) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 209-бабына сәйкес, 01.01.1998ж. дейінгі кезең үшін жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады, ал еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар не соттың шешімі негізінде белгіленеді.
2) Қазақстан Республикасы Премьер - Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.06.2023ж. №232 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу (айқындау), оларды тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидалары» (бұдан әрі – Қағида) бойынша еңбек кітапшасы жоқ немесе жарамсыз болса, еңбек кiтапшасында тиісті жазбалар, нақтылық болмаса, түзетулер және оқылуында әртүрлілік болса, архив мекемелерiнен немесе жұмыс орнынан анықтамалар, мемлекеттік архивтің немесе ведомстволық архивтің уәкілетті қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған архивтік құжаттың электрондық көшірмелері немесе жұмыс орнынан анықтамалар негізге алынады.
Яғни, еңбек кітапшасының жоғалуы зейнетақы рәсімдеуге кедергі болмайды, бірақ еңбек өтілін басқа құжаттармен дәлелдеуі қажет.
Жоғарыда аталған Кодекс және Қағида талаптарына сәйкес, еңбек өтілін дәлелдеудің жолдары.
1) Жұмыс орнынан алынатын құжаттар.
2) Егер жұмыс орны жабылып қалған болса және мекемелер құжаттарын архивке өткізген жағдайда мемлекеттік немесе ведомстволық архивтерден анықтамалар алуға болады.
3) Еңбек өтілін растайтын құжаттар жұмыс орнынан табылмаса, архивке сақтауға түспесе, еңбек өтілін сот тәртібімен (куәгерлер арқылы басқада дәлелді құжаттарды қоса отырып) растауға болады.