Қазақстан Республикасында арнаулы әлеуметтік қызметтер (АӘҚ) көрсететін ұйымдарды лицензиялау жүйесін енгізу әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Лицензиялау талаптары
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы №230 бұйрығымен және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 27 маусымдағы №222 бұйрығымен бекітілген талаптарға сәйкес қызмет көрсетуші ұйымдар өз қызметін жүзеге асыру үшін белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес болуы қажет.
Олардың қатарында:
- қызмет көрсетуге жарамды ғимараттың немесе үй-жайдың болуы;
- үй-жайлардың санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі;
- объектілердің мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді болуы: кіреберістер, жүріп-тұру жолдары, қызмет көрсету аймақтары, санитариялық-тұрмыстық бөлмелер, ақпараттық құралдар және автотұрақтар;
- қызмет алушылардың тұруы немесе объектіде 4 сағаттан артық болуы көзделген жағдайда, тамақтану үшін тиісті жағдайдың болуы;
- әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-психологиялық қызметтерді көрсетуге мүмкіндік беретін материалдық-техникалық базаның болуы;
- белгіленген штат нормативтеріне сәйкес білікті қызметкерлердің болуы;
- қажет болған жағдайда медициналық қызмет көрсетуге арналған лицензияның немесе тиісті медициналық ұйыммен шарттың болуы;
- қызмет алушылардың тұруы көзделген ұйымдарда санитариялық талаптарға сәйкес жатын бөлмелердің болуы (егер қызмет көрсету 6 сағаттан асқан жағдайда)
Осы талаптар қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Лицензия беру қызметі толығымен электрондық форматта көрсетіледі., қажетті құжаттарды әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы өтініш беруге болады. Қарау мерзімі: 15 жұмыс күніне дейін.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті және оның аумақтық департаменттері жүзеге асырады.
Мемлекеттік бақылау барысында қызмет көрсетуші ұйымдардың заңнама талаптарын сақтауына, қызмет алушылардың құқықтарының қамтамасыз етілуіне, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлеміне, сондай-ақ объектілердің мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігіне назар аударылады.
Лицензиялау процесінде ұйым ұсынған мәліметтер мен құжаттар белгіленген тәртіппен қаралады.
Әлеуметтік қызметтерді лицензиясыз көрсету немесе біліктілік талаптарына мүлдем сай келмеу заңнама бойынша «өрескел бұзушылық» деп танылады
Қорытындылай келе арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау – әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды мемлекеттік тетік.
Басты міндет – әлеуметтік қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және оларға сапалы, қауіпсіз әрі қолжетімді арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету.