
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті мүгедектікті белгілеудің негізділігіне, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін айқындауға және әлеуметтік қолдау шараларын тағайындауға тұрақты түрде жүйелі мониторинг жүргізіп келеді. Бұл талдау медициналық-әлеуметтік сараптамаға түсетін құжаттар негізінде, сондай-ақ медициналық ақпараттық жүйелермен интеграция арқылы жүзеге асырылады. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде республика бойынша медициналық құжаттарды қолдан жасау белгілері бар фактілер анықталды. Атап айтқанда, бірдей мазмұндағы құжаттарды әртүрлі пациенттердің атына рәсімдеу, зертханалық көрсеткіштердің, анамнездің және дәрігерлік қорытындылардың толық сәйкестігі, сондай-ақ тек пациенттің деректері мен тексеру күндерін өзгертіп, мазмұнын сол күйінде қалдыру сияқты заңбұзушылықтар орын алған. Мұндай жағдайлар жүйелі сипатқа ие және медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау кезінде типтік медициналық құжаттарды қолдану ықтималдығын көрсетеді. Қазіргі таңда республика бойынша осындай 167 факт анықталған, соның ішінде Атырау облысында 26 жағдай тіркеліп отыр.
Атап айтсақ, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі 5 сатысы диагнозымен және басқа да ауру түрлерімен Атырау қаласындағы емханаларының бірінен жалпы тәжірибелік дәрігер мен дәрігерлік-консультативтік комиссия төрағасы қолымен медициналық-әлеуметтік сараптамаға жалған құжаттар рәсімделіп сырттай проактивті және «көзбе-көз» куәландыруға жолданған 26 науқас анықталды. Аталған деректер бойынша уәкілетті органдар тарапынан кешенді шаралар қабылдануда: бақылау қайта куәландыру жүргізілуде, әлеуметтік төлемдер тоқтатылып және де барлық анықталған фактілер бойынша материалдар процессуалдық шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына, оның ішінде прокуратура мен экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.
Бұл мәселе департаменттің тұрақты бақылауында. Біз алдағы уақытта да алдын алу және бақылау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырамыз. Негізгі мақсатымыз — медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесінде ашықтықты, заңдылықты және әділдікті қамтамасыз ету.