Қазақстанда 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесетін «Күміс жас» жобасы жалғасып жатыр. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында жоба аясында 10,3 мың адам жұмысқа орналасқан.
Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі Түркістан облысында – 1 678 адам, Қарағанды облысында – 1 093, Ақтөбе облысында – 807 және Жамбыл облысында – 705 адам.
Жобаға қатысушылар қатарында әйелдер мен ауыл тұрғындары көп. Қатысушылардың 54,7%-ы, яғни 5 658-і – әйелдер. Ал ауыл тұрғындарының үлесі 61%-ды немесе 6 324 адамды құрайды.
Ауыл шаруашылығы (41%), қызмет көрсету (23%) және білім беру (7%) салалары негізгі бағыттар қатарында. Ең сұранысқа ие мамандықтар мал бағушы, санитар, кассир, сатушы, күзетші, аспаз, тігінші, администратор, жүргізуші және бухгалтер бар.
Біліміне келсек, қатысушылардың 78%-ы орта білімді, 18%-ы орта техникалық білімді, ал 4%-ы жоғары білімді.
Айта кетейік, «Күміс жас» жобасы 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты жасы үлкен азаматтарға жұмыс табуға жәрдемдесу және олардың тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау.
Жобаға мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіну қажет.
Аталған жобаға қатысу мерзімі 36 айға дейін созылады. Осы уақыт ішінде мемлекет қызметкердің жалақысының бір бөлігін субсидиялайды. Бұл жұмыс берушілерге тәжірибелі мамандарды жұмысқа тартуға және олардың тұрақты жұмыс орнында қалуына мүмкіндік береді.
Мемлекеттік субсидия мөлшері:
1-12 ай аралығында – белгіленген жалақының 70%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;
13-24 ай аралығында – 65%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;
25-36 ай аралығында – 60%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды.
Басты шарттарының бірі қатысушыларды кейін де тұрақты жұмыспен қамту. Субсидия төлеу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші олармен еңбек қатынасын жалғастыруға міндетті. Зейнет жасына жетпеген қызметкерді кемінде бір жыл тұрақты жұмыспен қамтуы керек. Ал зейнеталды жастағы, 58 жастан асқан қатысушыны зейнетке шыққанға дейін жұмыспен қамтамасыз етуге тиіс.
Жобаның тиімділігін Ұлытау облысының тұрғыны Толғанай Абдрахманованың оқиғасынан да көруге болады.
2023 жылдың наурызында ол жұмыс іздеп, Жаңаарқа ауданының мансап орталығына жүгінген. Мамандар оған «Күміс жас» жобасы аясында «Золотая» жеке кәсіпкерлігіне тігінші болып орналасуды ұсынған.
Толғанай Бекмырзаевна үш жыл бойы өз міндеттерін адал атқарып, тәжірибе жинақтаған. Жұмыс барысында өзін жауапты әрі тиянақты қызметкер ретінде көрсеткен.
Кәсіби шеберлігі мен жұмысына деген жауапкершілігінің арқасында ол жұмыс берушінің сеніміне ие болды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін оған сол ұйымда тұрақты жұмыс істеу ұсынылды.
Толғанай Абдрахманованың оқиғасы жұмысқа орналасуға берілетін уақытша қолдаудың тұрақты жұмыспен қамтылуға және кәсіби жолын жалғастыруға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
«Күміс жас» жобасы аға буын өкілдеріне еңбек белсенділігін сақтауға, жинаған тәжірибесін пайдалануға, жаңа дағдыларды меңгеруге және еңбек нарығында сұранысқа ие болуға көмектеседі.
Әлеуметтік қызметкерлер күн сайын көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылып, олардың тұрмысын жеңілдетуге атсалысады. Әсіресе, қарттардың жағдайын сұрап, күнделікті тіршілігіне көмектесу, көңілін аулап, жылы сөз айту – осы мамандық иелерінің маңызды міндеттерінің бірі.
Қазақстанда Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Биыл мереке 25 қазанға Республика күніне сәйкес келеді. Елімізде әлеуметтік қызмет саласында 40 мыңнан астам маман еңбек етеді. Оның 12 мыңнан астамы – әлеуметтік қызметкерлер. Осы салада 17 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Нұргүл Елемесқызы үшін бұл қызметтің орны ерекше. Оның бұл мекемеге келуі де кездейсоқтық емес. 2008 жылы автобуспен өтіп бара жатып, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығын көреді. Осында жұмыс істеп, қариялардың қасында болсам деген ойын айтқан. Көп ұзамай сол тілегі орындалып, жұмысқа орналасады. Содан бері талай аға буын өкілдерінің жағдайына қанығып, қолынан келгенше көмегін аямай көрсетіп келеді.
Әлеуметтік қызметкердің айтуынша, бұл қызметте адамға ең алдымен мейірім мен сабырлық қажет. Ол қариялардың әрқайсысына өз жақынындай қарап, көңілін табуға тырысады. Олардың жүзінен қуаныш көріп, ақ батасын алу ерекше күш береді.
«Осы кісілерге көмектескенде, өз ата-анамды көргендей боламын. Қариялардың көзіне қарап, қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Күн сайын баталарын алып жүрміз. Алғысын естудің өзі бір бақыт қой», – дейді Нұргүл Елемесқызы.
Ол өз мамандығын жүрек қалауымен таңдағанын айтады. Тіпті, қайта өмірге келсе де, осы салада еңбек еткісі келеді екен.
«Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Егер екінші өмірім болса да, осы мекемеге қайта келіп, қариялармен жұмыс істер едім. Оларға көмектесіп, баталарын алған қандай жақсы! Осы жерде жұмыс істеп жүргеніме ризамын», – дейді әлеуметтік қызметкер.
Нұргүл Елемесқызы жастарды да осы салаға келіп, үлкендерге қамқор болуға шақырады. Оның пікірінше, бұл жұмыста әр адамға шын көңілмен қарау, мұқтаждығын түсіну және қолдау көрсету маңызды.
«Жастарға айтарым, осы жұмысқа келсеңіздер, шын жүректеріңізбен істеңіздер. Қариялардың батасын аласыздар. Дана халқымыз «батаменен ел көгерер» деп бекер айтпаған. Үйде де өз ата-аналарыңызға жақсы қараңыздар. Біздің елімізде осындай орталықтар мен жанашыр қызметкерлер барда, қарияларымыз қараусыз қалмайды деп сенемін. Біз оларға өз ата-анамыздай қараймыз», – деп түйіндеді кейіпкер.
17 жылдан астам уақытын осы салаға арнаған Нұргүл Елемесқызы алдағы уақытта да сүйікті ісін жалғастырғысы келеді. Ол үшін қариялардың амандығы, көңілінің тыныштығы мен ақ батасы – ең үлкен қуаныш.
Қазақстанда мүгедектік мерзімін белгілеу кезінде не ескеріледі?
Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүргізу кезінде мүгедектік мерзімі адамның денсаулық жағдайы мен Қазақстан Республикасының заңнама талаптарын ескере отырып, жеке тәртіппен белгіленеді.
Ескерілетін негізгі факторлар:
- Организм функциялары бұзылуының тұрақтылығы - ауру, жарақат немесе ақау салдарынан туындаған бұзылулардың қаншалықты айқын екендігі.
- Тіршілік-тынысының шектелуі - денсаулық жағдайының өзін-өзі күтуге, жүріп-тұруға, білім алуға, қарым-қатынас жасауға, бағдарлануға және еңбек қызметіне әсері.
- Оңалту болжамы - организмнің бұзылған функцияларының қалпына келу немесе өтелу ықтималдығы.
- Оңалту әлеуеті - емдеу және оңалту іс-шараларын жүргізу арқылы денсаулық жағдайын жақсарту мүмкіндігі.
- Емдеу және оңалту нәтижелері - олардың тиімділігі, аурудың динамикасы және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығы.
- Қайтымсыз бұзылулардың болуы - белгілі бір аурулар мен ақаулар кезінде заңнамада қайта куәландыру мерзімінсіз немесе 5 жыл мерзімге мүгедектік белгілеу көзделген.
Мүгедектік қандай мерзімдерге белгіленуі мүмкін?
Негіздеріне байланысты мүгедектік кейіннен қайта куәландыру жүргізу арқылы белгілі бір мерзімге немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленуі мүмкін. Жекелеген санаттар үшін арнайы шарттар көзделген.
Маңызды: мүгедектік мерзімі диагнозға ғана емес, сондай-ақ функционалдық бұзылуларды, тіршілік-тынысының шектелуін және оңалту болжамын кешенді бағалау нәтижелеріне қарай айқындалады.
Бүгін біз мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау тәртібін қарастырамыз.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 257 бұйрығымен бекітілген Қағидамен реттеледі.
1. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқық және оны тағайындау шарттары.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар жәрдемақы тағайындауға жүгінген уақытқа жұмыстың тоқтатылғанына немесе жалғастырылып жатқанына қарамастан, мүгедектік белгіленген жағдайда тағайындалады.
Жәрдемақы алуға Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтар, шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдар құқылы.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мүгедектіктің қашан – жұмыс істеу немесе қызмет ету кезеңінде, жұмысқа тұрғанға дейін немесе жұмысты тоқтатқаннан кейін болғанына қарамастан тағайындалады.
Жәрдемақы мүгедектік белгіленген күннен бастап, тағайындалады, бірақ өтініш берген немесе проактивті қызмет арқылы тағайындауға келісім алған күнге дейін үш айдан аспайтын мерзімге тағайындалады.
Зейнетақы төлемдерін алуға құқық беретін жасқа толған мүгедектігі бар адамдарды қайта куәландыру олардың өтініші бойынша ғана жүргізіледі.
Егер адам мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша бір мезгілде алуға құқылы болса, ол біреуін таңдайды.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын адамның өтініші негізінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының бір түрінен екінші түріне ауыстыру өтініш тіркелген күннен бастап жүргізіледі.
2. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар мүгедектігі бар адамдарға:
1) жалпы ауруға шалдығудан, жұмыста мертігуден, кәсіптік ауруға шалдығудан болған мүгедектігі бар адамдар, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар;
2) бала кезінен мүгедектігі бар адамдар;
3) әскери қызметін өткеру кезінде мүгедектігі белгіленген әскери қызметшілер.
4) арнайы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
5) қызмет міндеттерін орындау кезінде жарақат немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдар.
6) төтенше экологиялық жағдайлар мен радиациялық әсер салдарынан мүгедектігі бар адамдар жатады.
3.Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері
Жәрдемақы бюджет қаражаты есебінен ай сайын төленеді.
Оның мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейіне және мүгедектігі бар адамның санатына байланысты болады.
Жұмыс істейтін жәрдемақы алушыларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы толық мөлшерде төленеді.
Егер жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төленетін зейнетақының мөлшері мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының белгіленген мөлшерінен аз болса, жәрдемақының тиісті мөлшеріне дейін қосымша төлем жүргізіледі.
2026 жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмысының арқасында 56 мыңнан астам жұмысшының еңбек құқығы қорғалды.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуына қатысты 5,7 мыңнан астам тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде жұмыс берушілерге анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріліп, қызметкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру шаралары қабылданған.
Еңбекақының уақытылы әрі толық төленуіне ерекше көңіл бөлінеді. Тексеру барысында бірқатар кәсіпорында жалақы бойынша берешек бары анықталған. Бұл мәселені шешу үшін жұмыс берушілермен бірлесіп, берешекті өтеу кестелері бекітілген. Оның орындалуын мемлекеттік еңбек инспекторлары тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жұмыс берушілер жалақы бойынша берешекті өтей бастаған. Соның арқасында жүздеген жұмысшының еңбек құқығы қалпына келтірілді.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында «Москворецкое» ЖШС-нің 93 жұмысшысына екі ай бойы жалақы төленбеген. Осы жағдайға байланысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру барысында қыркүйек-қазан айлары үшін 48,8 млн теңге көлемінде жалақы берешегі бары анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша жұмыс берушіге берешекті өтеу туралы нұсқама беріліп, әкімшілік айыппұл салынған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып келеді. Негізгі басымдықтар жұмысшылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, жалақының уақытылы төленуін қамтамасыз ету, анықталған заңбұзушылықтарды жою және жұмыс берушілердің қызметкерлер алдындағы міндеттерін орындау жауапкершілігін арттыру болып табылады.
2026 жылдың 8 айында Қазақстанда зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері 81,5 млрд теңгені құрады. Ал сақтандыру жарналарының көлемі 624,7 млрд теңгеге жетті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақымен қамсыздандырудың осы тетігі қалай жұмыс істейтінін және келісімшарт жасасу үшін қандай талаптар қойылатынын түсіндіреді.
Зейнетақы аннуитеті бойынша азамат өзінің зейнетақы жинақтарын өмірді сақтандыру компаниясына аударады. Ал компания оған өмір бойы тұрақты төлем жасап отыруға міндеттеме алады. Демек, төлем адамға өмір бойы беріледі. Тіпті төлемдердің жалпы сомасы бастапқыда аударылған қаражаттан асып кетсе де, төлем жалғаса береді.
Зейнетақы аннуитеті бойынша келісімшарт жасау үшін белгіленген жасқа толып, зейнетақы жинағында жеткілікті қаражат болуы керек. Қажетті сома әр адамға жеке есептеледі. Бұл ретте азаматтың жасы мен болашақ төлемдердің мөлшері ескеріледі.
2026 жылы зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, бірден төлем ала алады: ерлер – 55 жастан бастап, әйелдер – 53 жастан. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген азаматтар жеткілікті жинағы болған жағдайда 50 жастан бастап төлем ала алады.
Бұдан бөлек, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті де бар. Мұндай келісімшарт арқылы болашақ төлемдердің шарттарын алдын ала белгілеуге болады. Оны 45 жастан бастап, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген жағдайда 40 жастан бастап рәсімдеуге болады. Бұл ретте төлемдер заңнамада және келісімшартта белгіленген жасқа жеткеннен кейін басталады.
Зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері жыл сайын өсіп отырады. Заңнамада белгіленген индексация мөлшері кемінде 8%-ды құрайды. Ал төлемдердің нақты мөлшері мен шарттары келісімшартта көрсетіледі.
Сонымен қатар келісімшартта төлемдерге кепілдік берілетін кезеңді қарастыруға болады. Егер сақтандырылған адам осы кезең аяқталғанға дейін қайтыс болса, төлемдер келісімшартта көзделген тәртіп пен шарттарға сәйкес мұрагерлеріне беріледі. Бұл тетікті БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағының қалған бөлігін мұраға қалдыру тәртібімен шатастырмаған жөн. Екеуі – екі бөлек мәселе.
Зейнетақы аннуитеті бойынша төлем алып жүрген азамат жұмысын жалғастыра алады. Алайда аннуитет рәсімдеу мемлекеттік зейнетақыны мерзімінен бұрын тағайындауды білдірмейді. Мемлекеттік зейнетақы алу құқығы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес анықталады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Мемлекеттік аннуитеттік компания да зейнетақы аннуитеті бойынша қызмет көрсетеді. Компания азаматтарға зейнетақы жинағының жеткіліктілігін есептеу және болашақ төлемдердің мөлшерін анықтау бойынша кеңес береді.
Келісімшарт жасамас бұрын азаматтарға сақтандыру ұйымдарының ұсыныстарын салыстырып, оның талаптарын мұқият зерделеу ұсынылады. Әсіресе бастапқы төлем мөлшеріне, төлемдердің жыл сайын өсу тәртібіне, кепілдік кезеңіне және келісімшартты өзгерту шарттарына назар аударған жөн. Алдын ала есепті өмірді сақтандыру компаниясынан алуға болады. Сондай-ақ БЖЗҚ-дан болжамды түрде алатын төлемдер мен сақтандыру компаниясы ұсынатын төлемдерді салыстыру үшін enpf.kz сайтындағы болжамды зейнетақы калькуляторын пайдалануға болады.
Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесі болып табылады. Департамент өз құзыреті шегінде халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады.
Департаменттің негізгі міндеттерінің бірі – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау барысында:
іске асыру функциялары – зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру (республикалық бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау туралы шешімдер қабылдау), мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және медициналық-әлеуметтік сараптама саласындағы жұмыстарды өз құзыреті шегінде жүзеге асыру;
бақылау функциялары – Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өз өкілеттігі шегінде зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, медициналық-әлеуметтік сараптама, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету салаларындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру.
2026 жылдың 9 айында Департамент зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау бойынша (15 қызмет түрі) 104 940 мемлекеттік қызмет көрсетті, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық (2025 жылдың І жартыжылдығында – 97 103 қызмет).
Көрсетілген мемлекеттік қызметтердің негізгі үлесін төмендегілер құрайды:
1) Зейнетақы төлемдерін тағайындау – барлығы 27 440 тағайындау, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1%-ға артық (2025 ж. – 27 048), оның ішінде жасына байланысты зейнетақы төлемдері – 14 345 қызмет; мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 13 095 қызмет.
2) Балалы отбасыларға жәрдемақылар тағайындау – барлығы 44 324 төлем, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,11%-ға көп (2025 ж. – 41 383 мемлекеттік қызмет). Оның ішінде: бала тууына және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақылар – 20 450 төлем; төрт және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы – 18 537 төлем; мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін жәрдемақы – 4 709 төлем; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналарға – 628 төлем тағайындалды.
Сонымен қатар, мүгедектікке және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты жәрдемақыларды тағайындау – барлығы 19 002 төлем, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен (16 704) салыстырғанда 13,7%-ға көп.
Сонымен қатар, инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының енгізілген сомасы мен төленуге тиісті сома арасындағы айырманы төлеуді тағайындау туралы 7308 шешім қабылданды (2025 ж – 5 666), бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,9%-ға артық.
|
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауы |
2025 ж. 9 айда көрсетілген қызметтер |
2026 ж. 9 айда көрсетілген қызметтер |
2025 ж. 9 айда қайта қаралған |
2026 ж. 9 айда қайта қаралған |
2025 ж. 9 айдағы барлығы |
2026 ж. 9 айдағы барлығы |
% (+:-) |
|
1.Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау |
7651 |
7854 |
6350 |
6491 |
14001 |
14345 |
246 |
|
2.Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау |
8100 |
8642 |
4947 |
4453 |
13047 |
13095 |
0,36 |
|
3Мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы |
2858 |
3006 |
8320 |
9306 |
11178 |
12312 |
10,14 |
|
4. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы |
614 |
665 |
4912 |
6025 |
5526 |
6690 |
21,06 |
|
5.Арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау |
748 |
776 |
1128 |
1191 |
1876 |
1967 |
4,85 |
|
6.РБ бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды тағайындау |
21332 |
20349 |
82 |
101 |
21414 |
20450 |
-4,5 |
|
7 Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға, қорғанышына жәрдемақы тағайындау |
1291 |
1466 |
2805 |
3243 |
4096 |
4709 |
14,97 |
|
8.Жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау |
2927 |
3185 |
0 |
0 |
2927 |
3185 |
8,81 |
|
9.Инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ, МЗЖЖ) сомасының айырмасын төлеуді тағайындау (мемлекеттік кепілдік) |
5666 |
7308 |
0 |
0 |
5666 |
7308 |
28,97 |
|
10 Алтын алқа, Күміс алқа алқаларымен наградталған аналарға жәрдемақы тағайындау |
427 |
389 |
255 |
239 |
682 |
628 |
-7,92 |
|
11.Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындау |
2874 |
2532 |
12317 |
16005 |
15191 |
18537 |
22,03 |
|
12.Күтім жасаушы адамға жәрдемақы тағайындау |
505 |
766 |
458 |
550 |
963 |
1316 |
-9,46 |
|
13 Арнаулы кәсіптік жәрдемақы тағайындау |
148 |
134 |
0 |
0 |
148 |
134 |
-9,46 |
|
14 Семей полигонынын зардап шеккендерге арналған біржолғы төлем тағайындау |
285 |
256 |
17 |
1 |
302 |
257 |
-14,90 |
|
15 Саяси қуғын‑сүргін құрбандары берілетін біржолғы төлем тағайындау |
42 |
6 |
41 |
1 |
83 |
7 |
-91,57 |
|
55468 |
57334 |
41632 |
47606 |
97103 |
104940 |
8,07 |
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпараттық жүйелерді жетілдіру және оларды мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау жұмыстарын тұрақты түрде жалғастыруда. Бұл қажетті мәліметтерді автоматты түрде алуға және азаматтардан қосымша құжаттарды талап ету қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Осы бағыттағы маңызды жетістіктердің бірі – мемлекеттік қызметтерді проактивті форматта көрсету жүйесінің енгізілуі. Бұл формат азаматтың жекелеген жәрдемақы түрлерін алуға құқығы туындаған кезде министрліктің ақпараттық жүйесі әлеуетті алушыны автоматты түрде анықтап, оған SMS-хабарлама жіберетінін білдіреді. Азаматқа қызмет алуға келісімін растау жеткілікті, содан кейін төлем тағайындау процесі басталады.
Бүгінгі таңда цифрландырудың арқасында 11 мемлекеттік қызмет проактивті форматта көрсетіледі. Бұл азаматтарға мемлекеттік органдарға бармай-ақ, SMS-хабарлама арқылы келісімін растау жолымен жәрдемақылардың жекелеген түрлерін қашықтан рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бала тууға байланысты жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы сияқты төлемдерге өтінішті екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
2026 жылдың басынан бері проактивті форматта 39 984 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 8 047 төлем адам қатысуынсыз автоматты түрде тағайындалды.
Жалпы, әлеуметтік саланы цифрландыру мемлекеттік қызметтердің сапасын, қолжетімділігін және жеделдігін арттыруға ықпал етеді. Біздің басты міндетіміз - азаматтардың өздеріне тиесілі әлеуметтік қолдау шараларын уақтылы әрі ыңғайлы түрде алуын қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Сонымен қатар, Департамент зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау үшін ұсынылған құжаттардың дұрыстығын қамтамасыз етуге бағытталған бақылау функцияларын да жүзеге асырады. Осы жұмыс аясында төлемдер тағайындалғаннан кейін де құжаттарға тексеру жүргізіледі.
2026 жылдың басынан бері ұсынылған құжаттардың дұрыстығына қатысты 1 048 зейнетақы ісі тексерілді. Оның ішінде 361 іс еңбек өтілінің сәйкестігін растау мақсатында, ал 418 іс зейнеткерлік жасқа толар алдында өткен кезеңдер үшін міндетті зейнетақы жарналарын аудару арқылы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің ұлғаю фактісіне тексерілді.
Тексеру барысында Департамент еңбек өтілі мен азаматтардың табысы туралы мәліметтерді растау үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, оның ішінде мемлекеттік архивтерге және мемлекеттік кірістер органдарына сұрау салулар жолдайды. Қажет болған жағдайда шет мемлекеттердің архивтік мекемелеріне де сұрау салулар жіберіледі.
Ұсынылған құжаттардың дұрыстығы расталмаған жағдайда, тиісті зейнетақы істерінің материалдары одан әрі қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданады.
Бұл жұмыс зейнетақы төлемдерін тағайындаудың заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етуге, негізсіз төлемдердің алдын алуға бағытталған.
Осыған байланысты елорда тұрғындары мен азаматтарынан зейнетақы төлемдерін рәсімдеуге қажетті құжаттарды дайындау кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды және заңға қайшы әрекеттерге жол бермеуді сұраймыз.
Зейнетақы төлемдерін тағайындауға қатысты барлық сұрақтар бойынша Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментіне жүгінуге болады. Өтініштерді «e-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы жолдауға немесе 98-52-77, 98-74-57, 98-53-27 телефондары арқылы хабарласуға болады.
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жалғасуда. Жыл басынан бері мемлекет ұсынған жұмыспен қамту шараларының көмегімен 10,8 мың адам жұмысқа орналасқан.
2026 жылдың 1 қазандағы мәлімет бойынша, жұмысқа орналасуға көмек сұрап, мансап орталықтарына 29,5 мың мүгедектігі бар азамат жүгінген. Олардың 18,2 мыңы жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларға қатысқан.
Нәтижесінде 10,8 мың адам жұмысқа орналасты. Оның 5,1 мыңы тұрақты жұмыс тапса, 5,4 мыңы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналасқан. Атап айтқанда, 4 264 адам қоғамдық жұмыстарға, 367 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 495 адам «Жастар практикасы» бағдарламасына, ал 499 адам «Күміс жас» жобасына қатысу арқылы жұмысқа орналасқан.
Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуды қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі жұмыс орындарына квота белгілеу. Әлеуметтік кодекске сәйкес, 50 және одан да көп адам жұмыс істейтін ұйымдарға қызметкерлердің жалпы санының 2-4 пайызы көлемінде квота белгіленеді. Бұл ретте ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындары есепке алынбайды.
2026 жылы мүгедектігі бар 16 706 адамды жұмысқа орналастыруға арналған квота белгіленді. Биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша осы квота аясында елімізде шамамен 6,2 мың адам жұмысқа орналасқан.
Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы белгіленген 16 719 жұмыс орнының 8,1 мыңы қамтылып, квота бойынша жұмысқа орналастыру көрсеткіші 48 пайызды құрады.
Сонымен қатар әр адамның жеке қажеттілігіне сай арнайы жұмыс орындарын ашуға көңіл бөлініп отыр. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша осындай 47 жұмыс орны ашылған. Оның 25-і есту қабілеті бұзылған адамдарға, 12-сі көру қабілеті бұзылған азаматтарға, тағы 10-ы тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған.
Арнайы жұмыс орындарын ашқан жұмыс берушілерге де мемлекет қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар азаматтардың жалақысын субсидиялау қарастырылған. 2026 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, мұндай субсидия 235 қызметкерге төленген. Оның 19-ы 2026 жылы, 105-і 2025 жылы, 111-і 2024 жылы жұмысқа орналасқан.
Бұдан бөлек, мемлекет мүгедектігі бар азаматтарға жаңа мамандық меңгеруге және өз кәсібін ашуға да көмектеседі.
Жыл басынан бері 243 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында 3 639 адам кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Олардың 2 375-і тиісті сертификат алды. Сонымен қатар 2 951 адам онлайн оқуға қатысып, оның 2 265-і оқуын сәтті аяқтап, сертификатқа ие болды.
Ал 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 578 мүгедектігі бар азамат жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алды. Бұл қолдау азаматтарға өз ісін ашып, кәсіпкерлік қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үшін бірнеше қолдау тетігі қарастырылған. Олардың қатарында мансап орталықтары арқылы жұмыс іздеу, квота бойынша жұмысқа орналасу, арнайы жұмыс орындарын ашу, кәсіптік оқыту, жалақыны субсидиялау, қайтарымсыз гранттар беру және жастарға микрокредит ұсыну бар. Сонымен бірге азаматтар жұмыс іздеп, өз бетінше де жұмысқа орналаса алады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейту, кәсіби дағдыларын дамыту және әр адамның еңбек етуіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Қазақстанда білікті мамандарға деген сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі деректерге сәйкес, кадр тапшылығы әсіресе денсаулық сақтау саласында, сондай-ақ жекелеген жұмысшы, техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша байқалады. Сонымен қатар өнеркәсіптің, цифрлық технологиялардың және инфрақұрылымның дамуы азаматтарды жұмыспен қамтуға және кәсіби тұрғыдан өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Биыл маман тапшылығы айқын байқалған салалардың бірі – денсаулық сақтау. Мәселен, акушер-гинекологтарға арналған 469 бос жұмыс орнына небәрі 100 түйіндеме, педиатрлардың 448 бос орнына 139 түйіндеме, ал анестезиолог-реаниматологтардың 300 бос орнына 75 түйіндеме ғана тіркелген. Онколог, неонатолог және эндокринолог мамандарына да сұраныс жоғары.
Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне де сұраныс сақталып отыр. Жұмыс берушілерге білікті электриктер, механиктер, слесарьлар, дәнекерлеушілер, машинистер, жабдық операторлары, құрылысшылар мен жүргізушілер қажет. Осы орайда инженерлер мен өндірістік процестерді автоматтандыру жөніндегі мамандарға да қажеттілік артуда.
Бұл мамандарға сұраныс өнеркәсіптің дамуына, жаңа нысандардың салынуына, кәсіпорындардың жаңғыртылуына, көлік және энергетикалық инфрақұрылымның кеңеюіне байланысты. Қазіргі жұмыс берушілерден кәсіби біліктілікпен қатар заманауи технологияларды меңгеру де талап етіледі.
Сұраныс жоғары тағы бір бағыт – цифрлық технологиялар саласы. Еңбек нарығында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер, қолданбалы бағдарламаларды жасаушылар және басқа да IT-мамандар қажет. Автоматтандыру мен жасанды интеллектіні енгізу кәсіби қызметінде цифрлық құралдарды тиімді пайдалана алатын мамандарға деген сұранысты арттырып отыр.
Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет болады. Оның жартысынан астамына деген сұраныс жұмысшы кәсіптеріне тиесілі. Бұл экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз етуде техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
Еңбек нарығының қажеттіліктеріне сай кадрларды алдын ала даярлау мақсатында 2026 жылы ең сұранысқа ие мамандықтар тізімі 51-ден 174-ке дейін кеңейтілді. Тізімге инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және атом энергетикасы бағыттары енгізілді.
Сонымен қатар мамандарды жұмыс берушілермен бірлесіп даярлау жүйесі дамып келеді. ҚР Үкіметінің деректеріне сәйкес, бүгінде дуальды оқыту жүйесімен 552 колледждің 138 мың студенті қамтылған. Кадр даярлау процесіне шамамен 11 мың кәсіпорын қатысады. Бұдан бөлек, 43 мың студент жұмыс берушілердің нысаналы тапсырысы бойынша білім алып жатыр.
Мұндай оқыту форматы студенттерге кәсіпорындарда тікелей тәжірибе жинақтауға, болашақ мамандығымен танысуға және оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға жол ашады.
Сонымен бірге жаңа мамандық меңгергісі немесе біліктілігін арттырғысы келетін азаматтар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын пайдалана алады. Олардың қатарында жұмыс берушілер сұранысына ие бағыттар бойынша білім алу мүмкіндіктері де бар.
Жалпы, еңбек нарығындағы жағдай кадр тапшылығы еңбек ресурстарының жалпы жетіспеушілігінен гөрі, қолда бар біліктіліктердің экономика қажеттіліктеріне сәйкес келмеуімен байланысты екенін көрсетеді. Сондықтан сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярлау, практикалық дағдыларды дамыту және білім беру ұйымдарының жұмыс берушілермен өзара байланысын нығайту ерекше маңызға ие.
Кадрларға деген қажеттілікті болжау болашағы бар мамандықтарды алдын ала айқындауға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және азаматтарға мамандық таңдау немесе кәсіби бағытын өзгерту кезінде саналы шешім қабылдауға көмектеседі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға қандай көмек көрсетілетінін және оны қалай алуға болатынын түсіндірді. Азаматтар жаңа жұмыс табуға, кәсіп үйренуге, біліктілігін арттыруға және жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алады. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті құқығы бар азаматтарға жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындалады.
Көмек алудың алғашқы қадамы жұмыс іздеуші ретінде тіркелу. Ол үшін тұрғылықты жердегі Мансап орталығына баруға, eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы өтініш беруге болады. Тіркелу кезінде азамат білімі, кәсіби дағдылары, еңбек өтілі және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні туралы мәліметтерді көрсетеді.
Мансап орталығының мамандары азаматқа лайықты бос жұмыс орындарын табуға көмектесіп, қолжетімді қолдау шаралары туралы кеңес береді. Егер жұмыс табылмаса, белгіленген талаптарға сай азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларға қатысу мүмкіндігі қарастырылады.
Азаматтың кәсіби білімі мен өмірлік жағдайына қарай оған жаңа мамандықты меңгеру, біліктілігін арттыру, «Жастар практикасына» қатысу және субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу ұсынылуы мүмкін. Сонымен қатар кәсіп бастауға және жұмысқа орналасу мақсатында ерікті түрде қоныс аударуға көмектесетін бағдарламалар бар. Оларға қатысу тиісті бағдарламалардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Жұмысынан айырылған азаматтарға көрсетілетін қолдаудың тағы бір түрі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем. Оны алуға құқығы бар азаматтарға жұмыс іздеу кезеңінде жоғалтқан табысының бір бөлігін өтеу үшін беріледі.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл төлемді алу мерзімінің ең ұзақ кезеңі алты айдан үш айға дейін қысқарады. Төлемнің қанша уақыт берілетіні азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Сонымен қатар төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45%-ынан аспайды. Әр азаматқа төленетін нақты сома әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысы мен сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі.
Жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың мақсаты азаматтардың қайтадан жұмысқа орналасуына және өз табысын табуына көмектесу. Әр адамға ұсынылатын қолдау түрі оның жағдайы мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қарай таңдалады. Кеңес алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі Мансап орталығына жүгініңіз. Ал бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және жұмыспен қамту саласындағы қызметтер туралы толық ақпарат Enbek.kz электрондық еңбек биржасында қолжетімді.