Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) Департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады және сараптама жүргізу, мүгедектікті белгілеу және азаматтардың әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін айқындау кезінде олардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Медициналық-әлеуметтік сараптаманың негізгі міндеті – азаматтың денсаулық жағдайын, организм функцияларының тұрақты бұзылу дәрежесін және тіршілік-тынысының шектелуін кешенді бағалау негізінде мүгедектікті белгілеу.
МӘС нәтижелері бойынша мүгедектік тобы мен мерзімі белгіленеді, сондай-ақ азаматтың тіршілік-тынысының шектелуін өтеуге және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасауға бағытталған әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігі айқындалады.
Мұндай шараларға медициналық және әлеуметтік оңалту мен абилитация, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, еңбек және әлеуметтік бейімделу жөніндегі ұсынымдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де қолдау түрлері жатады.
Сараптама жүргізу кезінде аурудың немесе медициналық диагноздың болуымен ғана шектелмей, оның адамның тіршілік-тынысына әсер ету дәрежесі, өзін-өзі күту, жүріп-тұру, қарым-қатынас жасау, оқу және еңбек қызметін жүзеге асыру қабілеті ескеріледі.
МӘС жүйесін жетілдіру сараптаманың объективтілігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға, сырттай және проактивті куәландыру нысандарын дамытуға, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
Осы бағыттың маңызды құрамдас бөлігі – халықпен және медициналық ұйымдармен медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргізу тәртібі, мүгедектікті белгілеу, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін айқындау, оңалту және абилитация жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, сондай-ақ МӘС шешімдеріне шағымдану тәртібі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.