Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды әлеуметтік қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жою, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырады.
Мемлекеттік инспекторлар мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламаларының іс-шараларының орындалуын, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың сақталуын, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша ден қою шаралары қабылданады, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріледі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады.
Бақылау функцияларымен қатар, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің мамандары өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсетуді жүзеге асырады. Қызметтің маңызды бағыттарының бірі — арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау. Лицензиялар беру жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде департамент мамандары қызмет алушылардың өтініштерін қабылдау мен қарауды, ұсынылған құжаттардың біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеруді, ұйымдардың белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалауды жүргізуді, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензиялар беру, қайта ресімдеу, олардың қолданылуын тоқтата тұру, қолданылуын қайта бастау және олардан айыру туралы шешімдер қабылдауды жүзеге асырады. Бұл жұмыс арнаулы әлеуметтік қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз етуге және қызмет алушылардың құқықтарын сақтауға бағытталған.