ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК КОДЕКСІ

1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

 1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар

  1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) абилитация – мүгедектігі бар адамдардың бойында тұрмыстық, қоғамдық және кәсіптік қызметке қабілеттілікті қалыптастыруға және дамытуға бағытталған шаралар кешені;

      2) адамға (отбасына) көмектің жеке жоспары (бұдан әрі – жеке жоспар) – мансап орталығы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге жүгінген адаммен және (немесе) оның отбасы мүшелерімен бірлесіп жасаған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары;

      3) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер – адамның тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын негіздерді еңсеру үшін адамға (отбасына) жағдай жасауды қамтамасыз ететін және оның қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей қатысу мүмкіндіктерін жасауға бағытталған көрсетілетін қызметтер кешені;

      5) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге арналған бағаның шектері – арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген мемлекеттік құнын қамтамасыз етуге арналған тарифтердің ең жоғары және ең төмен деңгейлері;

Дата публикации
16 октября 2024