🇰🇿 РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрметті азаматтар мен әріптестер!
Сіздерді еліміздің ең маңызды ұлттық мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл мереке – елдігімізді айшықтап, бірлігімізді нығайтатын, ортақ Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді арттыратын ерекше күн.
Әлеуметтік қорғау саласында қызмет ету – халықтың әл-ауқатын жақсартуға, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетуге бағытталған жауапты міндет. Әрбір азаматқа құрметпен қарап, қоғамдағы мейірімділік пен өзара қолдауды нығайту – ортақ мақсатымыз.
Осы мерейлі күні баршаңызға мықты денсаулық, отбасылық бақыт, еңбектеріңізге табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз! Елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құрып, әрбір отбасы қуаныш пен берекеге кенелсін!
Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз мәңгі, еліміздің болашағы жарқын болсын!
📢 ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫЛАР МЕН ОТБАСЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ КАРТАСЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЖЕДЕЛ ЖЕЛІ
Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!
Әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау және алу, жәрдемақылардың жекелеген түрлерін ұсыну тәртібіндегі өзгерістер немесе Отбасының цифрлық картасы бойынша сұрақтарыңыз болса, карточкаларда көрсетілген телефон нөмірлері арқылы кеңес ала аласыздар.
Мамандар қажетті түсіндірмелер беруге және әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау мен алу тәртібіне, сондай-ақ Отбасының цифрлық картасына қатысты мәселелер бойынша көмектесуге дайын.
📞 Негізгі байланыс нөмірлері:
▪️ 1414 — Қазақстан Республикасы бойынша Бірыңғай байланыс орталығы, тәулік бойы.
▪️ 109 — Ақмола облысы бойынша iKomek бірыңғай байланыс орталығы.
▪️ 8 (7162) 25-11-42 — Департамент, сағат 08:00-ден 17:30-ға дейін.
▪️ 8 (7162) 90-10-21 — Ақмола облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ, сағат 08:00-ден 17:30-ға дейін.
▪️ 8 (7162) 29-86-45 — Ақмола облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін.
Қалалық және аудандық бөлімдердің байланыс телефондары келесі карточкаларда көрсетілген.
Жарияланымды сақтап қойыңыз — қажетті байланыс нөмірлері әрдайым қолыңызда болсын!
Әлеуметтік қызметкерлер күн сайын көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылып, олардың тұрмысын жеңілдетуге атсалысады. Әсіресе, қарттардың жағдайын сұрап, күнделікті тіршілігіне көмектесу, көңілін аулап, жылы сөз айту – осы мамандық иелерінің маңызды міндеттерінің бірі.
Қазақстанда Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Биыл мереке 25 қазанға Республика күніне сәйкес келеді. Елімізде әлеуметтік қызмет саласында 40 мыңнан астам маман еңбек етеді. Оның 12 мыңнан астамы – әлеуметтік қызметкерлер. Осы салада 17 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Нұргүл Елемесқызы үшін бұл қызметтің орны ерекше. Оның бұл мекемеге келуі де кездейсоқтық емес. 2008 жылы автобуспен өтіп бара жатып, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығын көреді. Осында жұмыс істеп, қариялардың қасында болсам деген ойын айтқан. Көп ұзамай сол тілегі орындалып, жұмысқа орналасады. Содан бері талай аға буын өкілдерінің жағдайына қанығып, қолынан келгенше көмегін аямай көрсетіп келеді.
Әлеуметтік қызметкердің айтуынша, бұл қызметте адамға ең алдымен мейірім мен сабырлық қажет. Ол қариялардың әрқайсысына өз жақынындай қарап, көңілін табуға тырысады. Олардың жүзінен қуаныш көріп, ақ батасын алу ерекше күш береді.
«Осы кісілерге көмектескенде, өз ата-анамды көргендей боламын. Қариялардың көзіне қарап, қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Күн сайын баталарын алып жүрміз. Алғысын естудің өзі бір бақыт қой», – дейді Нұргүл Елемесқызы.
Ол өз мамандығын жүрек қалауымен таңдағанын айтады. Тіпті, қайта өмірге келсе де, осы салада еңбек еткісі келеді екен.
«Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Егер екінші өмірім болса да, осы мекемеге қайта келіп, қариялармен жұмыс істер едім. Оларға көмектесіп, баталарын алған қандай жақсы! Осы жерде жұмыс істеп жүргеніме ризамын», – дейді әлеуметтік қызметкер.
Нұргүл Елемесқызы жастарды да осы салаға келіп, үлкендерге қамқор болуға шақырады. Оның пікірінше, бұл жұмыста әр адамға шын көңілмен қарау, мұқтаждығын түсіну және қолдау көрсету маңызды.
«Жастарға айтарым, осы жұмысқа келсеңіздер, шын жүректеріңізбен істеңіздер. Қариялардың батасын аласыздар. Дана халқымыз «батаменен ел көгерер» деп бекер айтпаған. Үйде де өз ата-аналарыңызға жақсы қараңыздар. Біздің елімізде осындай орталықтар мен жанашыр қызметкерлер барда, қарияларымыз қараусыз қалмайды деп сенемін. Біз оларға өз ата-анамыздай қараймыз», – деп түйіндеді кейіпкер.
17 жылдан астам уақытын осы салаға арнаған Нұргүл Елемесқызы алдағы уақытта да сүйікті ісін жалғастырғысы келеді. Ол үшін қариялардың амандығы, көңілінің тыныштығы мен ақ батасы – ең үлкен қуаныш.
2026 жылғы 20 қазанда Ақмола облысы әкімінің орынбасары А. Б. Әміренованың төрағалығымен аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларының қатысуымен штаб отырысы өткізілді, онда департамент басшысының м.а. Г.Б. Ысқақова 2027 жылғы қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау мен төлеудің алдағы жаңа тәсілдері туралы түсініктеме берді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға қандай көмек көрсетілетінін және оны қалай алуға болатынын түсіндірді. Азаматтар жаңа жұмыс табуға, кәсіп үйренуге, біліктілігін арттыруға және жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алады. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті құқығы бар азаматтарға жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындалады.
Көмек алудың алғашқы қадамы жұмыс іздеуші ретінде тіркелу. Ол үшін тұрғылықты жердегі Мансап орталығына баруға, eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы өтініш беруге болады. Тіркелу кезінде азамат білімі, кәсіби дағдылары, еңбек өтілі және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні туралы мәліметтерді көрсетеді.
Мансап орталығының мамандары азаматқа лайықты бос жұмыс орындарын табуға көмектесіп, қолжетімді қолдау шаралары туралы кеңес береді. Егер жұмыс табылмаса, белгіленген талаптарға сай азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларға қатысу мүмкіндігі қарастырылады.
Азаматтың кәсіби білімі мен өмірлік жағдайына қарай оған жаңа мамандықты меңгеру, біліктілігін арттыру, «Жастар практикасына» қатысу және субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу ұсынылуы мүмкін. Сонымен қатар кәсіп бастауға және жұмысқа орналасу мақсатында ерікті түрде қоныс аударуға көмектесетін бағдарламалар бар. Оларға қатысу тиісті бағдарламалардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Жұмысынан айырылған азаматтарға көрсетілетін қолдаудың тағы бір түрі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем. Оны алуға құқығы бар азаматтарға жұмыс іздеу кезеңінде жоғалтқан табысының бір бөлігін өтеу үшін беріледі.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл төлемді алу мерзімінің ең ұзақ кезеңі алты айдан үш айға дейін қысқарады. Төлемнің қанша уақыт берілетіні азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Сонымен қатар төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45%-ынан аспайды. Әр азаматқа төленетін нақты сома әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысы мен сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі.
Жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың мақсаты азаматтардың қайтадан жұмысқа орналасуына және өз табысын табуына көмектесу. Әр адамға ұсынылатын қолдау түрі оның жағдайы мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қарай таңдалады. Кеңес алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі Мансап орталығына жүгініңіз. Ал бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және жұмыспен қамту саласындағы қызметтер туралы толық ақпарат Enbek.kz электрондық еңбек биржасында қолжетімді.
eGov Mobile мобильді қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалауға арналған жаңа сервис пайда болды. Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік көмектерді отбасының нақты жағдайы мен мұқтаждығына қарай көрсету тәртібіне көшу аясында іске қосылды.
Калькулятор арқылы азаматтар отбасының әл-ауқатын бағалау талаптарымен танысып, отбасының саламаттылық деңгейін анықтай алады. Бұл ретте отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, отбасы құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы сияқты әлеуметтік жағдайлар да ескеріледі. Бағалау алты бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткішке сүйенеді.
Айта кетерлігі, есеп адамның өзі енгізген мәліметтер негізінде жүргізіледі және тек ақпараттық сипатқа ие. Яғни калькулятордың нәтижесі әлеуметтік төлем тағайындау немесе оны тоқтату туралы шешім болып саналмайды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістерді түсіндіруді жалғастыруда. Жаңа тәртіп бойынша кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы да ескеріледі. Яғни азаматтың қай санатқа жататынымен қатар, оның нақты өмірлік жағдайына да назар аударылады.
Қазір бірқатар мемлекеттік жәрдемақы әлеуметтік санатқа қарай тағайындалады. Мұндай жағдайда әлеуметтік мәртебесі бірдей отбасылардың табысы мен тұрмыс жағдайы әртүрлі болса да, бірдей көмек алуы мүмкін.
Мысалы, төрт баладан тәрбиелеп отырған екі отбасын алайық.
Дидардың отбасының тұрмысы жақсы делік. Өз баспанасы, қымбат көлігі, тұрақты жұмысы және жеке кәсібі бар. Осы көрсеткіштерді ескере отырып, отбасы әлеуметтік жағдайы жоғары «А» санатына жатқызылған.
Ал Ерланның да төрт баласы бар. Бірақ оның отбасының жағдайы басқаша. Олар шағын пәтерде тұрады, ата-анасы жалдамалы жұмыста істейді. Қымбат мүлкі мен қосымша табыс көздері жоқ. Жалпы жағдайына қарай бұл отбасы әлеуметтік саламаттылық деңгейінің қанағаттанарлық «С» санатына жатады.
Көріп отырғанымыздай, екі отбасының бала саны бірдей болғанымен, тұрмыс жағдайы мен өз қажеттіліктерін өз бетінше өтеу мүмкіндігі әртүрлі. «А» санатындағы отбасы мемлекеттік көмекке аса мұқтаж болмауы мүмкін. Ал «С» санатындағы отбасы үшін жәрдемақы күнделікті шығындарын өтеуге едәуір көмектеседі.
Әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттың бірі осындай айырмашылықтарды ескеріп, көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттау.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық деңгейі ескерілмек. Ол үшін Отбасының цифрлық картасы пайдаланылады. Бұл жүйе мемлекеттік ақпараттық базалардағы мәліметтер негізінде отбасының жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.
Бағалау кезінде отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы, баспана жағдайы, мүлкі, кәсіпкерлік қызметі, несие міндеттемелері және жалпы тұрмыс деңгейі ескеріледі.
Осы мәліметтер негізінде отбасылар бес санатқа бөлінеді:
* «А» – саламаттылықтың жоғары деңгейі;
* «В» – саламаттылықтың ауқатты деңгейі;
* «С» – саламаттылықтың қанағаттанарлық деңгейі;
* «D» – саламаттылықтың экономикалық жағдайы осал деңгейі;
* «Е» – саламаттылықтың экономикалық және әлеуметтік жағдайы осал деңгейі.
Бұл ретте отбасының пәтері, көлігі немесе басқа да мүлкінің болуы оны автоматты түрде әл-ауқаты жоғары санатқа жатқызбайды. Санат отбасының жағдайын сипаттайтын барлық көрсеткішті бірге бағалау арқылы анықталады.
Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындау тәртібі мемлекеттік жәрдемақының 14 түріне қолданылады. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, «А» және «В» санатындағы отбасыларға бұл төлемдер тағайындалмайды. Ал белгіленген талаптарға сай келетін «С», «D» және «Е» санатындағы отбасылар аталған қолдау түрлерін алу құқығын сақтайды.
Сонымен қатар республикалық бюджеттен төленетін қалған 22 түрлі мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгермейді.
Жаңа тәсілдің басты мақсаты мемлекеттік көмекті әділ әрі нақты бағыттау. Яғни әр отбасының шынайы жағдайын ескеріп, қолдауды шын мұқтаж азаматтарға бірінші кезекте жеткізу.
Мемлекет мұқтаждықты бағалаудың жаңа жүйесін енгізу кезінде кейбір азаматтарға берілетін жәрдемақыларға қатысты нақты ерекшеліктерді заңмен бекіткен. Мысалы, отбасының әл-ауқаты қандай санатқа жататынына қарамастан, мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға тиісті мемлекеттік жәрдемақылар тағайындала береді.
Осындай ерекшеліктер ата-анасынан айырылған жетім балаларға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындауға, сондай-ақ мемлекеттік наградалармен марапатталған және жасына байланысты зейнетақы алып отырған көпбалалы аналарға да қатысты. Яғни отбасы әл-ауқаты жоғары А немесе ауқатты В санатына жатқызылса да, бұл қолдау түрлері сақталады.
Ал басқа да кейбір жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгереді. Олардың қатарында еңбекке қабілетсіз адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін төлемдер де бар. Сондықтан әр жәрдемақының шарттарын жеке қарастырған жөн. Мүгедектікке немесе отбасын қолдауға байланысты төлемдердің барлығы бірдей еш өзгеріссіз сақталады деп айту дұрыс емес.
Қазақстанда азаматтарға зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беру мүмкіндігін қарастыру көзделіп отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түсіндіргендей, әрбір салымшы басқарушы компанияны да, өзіне қолайлы инвестициялық стратегияны да дербес таңдай алады.
Бұл ретте мемлекет кепілдігі мен инвестициялық тәуекелдердің аражігін нақты ажырату көзделеді. Министрліктің ресми материалдарына сәйкес, зейнетақы жинақтарын толық көлемде жеке басқаруға берген жағдайда, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік сақталады. Ал салымшының өзі таңдаған инвестициялық стратегияға байланысты тәуекелдер үшін жауапкершілік оның өзіне жүктеледі.
Зейнетақы жинақтарын басқаруға беру талаптары мен мемлекеттік кепілдіктің қолданылу шегі қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес айқындалады. Сондықтан басқарушы компанияны таңдап, шешім қабылдамас бұрын азаматтарға оның инвестициялық стратегиясымен және ықтимал тәуекелдерімен мұқият танысу ұсынылады.
Қазақстандық әйелдерге баласы бір жарым жасқа толғанға дейін ресми жұмысқа ерте оралып, сонымен бірге міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен тағайындалған бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алуын жалғастыруға заңды мүмкіндік беріледі. Бұл норма туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде айтылды.
Мәселен, анасы баласы сегіз айға толғанда жұмысқа шықса да, бұл жағдай әлеуметтік төлемді тоқтатуға негіз болмайды. Бастапқыда төлем тағайындауға қойылған талаптар сақталған жағдайда, ол заңнамада белгіленген мерзім аяқталғанға дейін төлене береді.
Бұл жерде ана мен балаға қатысты барлық жәрдемақылар емес, нақты бір әлеуметтік сақтандыру төлемі туралы сөз болып отырғанын ескеру қажет. Сонымен қатар, ресми материалдарда бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алу құқығының анаға тиесілі екені нақты көрсетілген.