Сырттай-проактивті куәландыру қалай жүргізіледі?
Сырттай-проактивті куәландыру — медициналық-әлеуметтік сараптаманы (бұдан әрі – МӘС) жүргізудің заманауи форматы. Бұл ретте адамға МӘС бөліміне жеке барудың қажеті жоқ.
🔹 Бұл қалай жүргізіледі?
1️⃣ Медициналық ұйым электрондық медициналық құжаттарды қалыптастырады
Тиісті негіздер болған жағдайда емдеуші дәрігер медициналық-әлеуметтік сараптамаға қорытындыны (№031/у электрондық нысаны) қалыптастырады. Оған қажетті медициналық құжаттар: мамандардың қорытындылары, тексеру нәтижелері, жүргізілген емдеу және оңалту туралы мәліметтер, сондай-ақ МӘС жүргізу үшін қажетті басқа да деректер қоса тіркеледі.
2️⃣ Пациенттің келісімі алынады
Сырттай-проактивті куәландыруды жүргізу үшін пациенттің немесе оның заңды өкілінің келісімі қажет.
3️⃣ Құжаттар ақпараттық жүйелерге түседі
Медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясы №031/у нысанын бекіткеннен кейін құжаттар электрондық түрде тиісті ақпараттық жүйелерге жіберіледі.
4️⃣ МӘС актісінің электрондық жобасы қалыптастырылады
Келіп түскен медициналық құжаттардың негізінде МӘС актісінің электрондық жобасы автоматтандырылған режимде қалыптастырылады.
Бұл ретте сырттай-проактивті куәландыру барысында дербестендірілмеген деректер пайдаланылады, бұл сараптамалық бағалаудың объективтілігін қамтамасыз етеді.
5️⃣ Сараптамалық бағалау жүргізіледі
Сырттай-проактивті куәландыру МӘС сарапшыларының қатысуымен алқалы түрде жүргізіледі. Шешім ұсынылған медициналық деректер, организм функцияларының бұзылу дәрежесі және тіршілік-әрекетінің шектелуі негізінде қабылданады.
6️⃣ Сараптамалық қорытынды қабылданады
📱 Адам нәтижені қалай біледі?
Шешім қабылданғаннан кейін нәтиже медициналық ұйымға жіберіледі, ал пациентке немесе оның заңды өкіліне SMS-хабарлама жолданады.
❗ Маңызды: сырттай-проактивті куәландыру барлық жағдайда жүргізілмейді. Ол аурудың осындай форматта куәландыруға жол берілетін нозологиялық нысандардың белгіленген тізбесіне сәйкестігі жағдайында жүргізіледі.