Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті 2026 жылға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес, сондай-ақ 2026 жылғы 21 тамыздағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жоспарын орындау мақсатында, « Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті » РММ-де (бұдан әрі – Департамент) 2025 жыл бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді.
Медициналық-әлеуметтік сараптама қызметі
Талдаудың негізгі мақсаты медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінің (бұдан әрі – МӘС бөлімдері) ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және бағалау, олардың туындауына ықпал ететін факторларды айқындау, сондай-ақ оларды азайту және жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
«Мүгедектікті және/немесе еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызметін көрсету кезінде МӘС бөлімдері:
Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі Әлеуметтік кодексін;
Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі № 88-V «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапты қызметтер туралы» Заңын;
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын (бұдан әрі – Қағидалар) басшылыққа алады.
Мүгедектігі бар адамның абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасының (бұдан әрі – АОЖБ) әлеуметтік және кәсіптік бөліктерін әзірлеу кезінде:
-Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 287 бұйрығымен бекітілген мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету қағидалары, оның ішінде оларды ауыстыру мерзімдері;
-Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 283 бұйрығымен бекітілген мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емдеу ұсыну қағидалары;
-Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 288 бұйрығымен бекітілген жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жеке көмекші қызметтерін ұсыну қағидалары;
-Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 286 бұйрығымен бекітілген есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдарға абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну қағидалары;
-Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 230 бұйрығымен бекітілген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидалары қолданылады.
Департаменттің құрылымында 4 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі жұмыс істейді, оның ішінде:
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша МӘС бөлімдерінің штат саны 12 бірлікті құрайды, оның ішінде 4 бөлім басшысы және 8 бас маман. Бос лауазымдар жоқ.
2025 жылы МӘС әдіснамасы және бақылау бөлімінің басшысының зейнетке шығуына, сондай-ақ жекелеген қызметкерлердің өз еркімен жұмыстан босатылуына байланысты кадрлық өзгерістер орын алды. Нәтижесінде МӘС қызметкерлерінің жас және кәсіби құрамы жаңарды.
Сонымен бірге кадрлардың ауысуы және жаңа мамандардың келуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, әдеп нормаларын, мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібін сақтау және мүдделер қақтығысына жол бермеу мәселелері бойынша жүйелі түрде түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізу қажеттілігін туындатады.
2025 жылы МӘС бөлімдері 10 235 мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде:
4 705 – сырттай-проактивті форматта, бұл 45,96 %-ды құрайды;
2 431 – бастапқы куәландыру;
7 804 – қайта куәландыру.
Куәландыру нәтижелері бойынша 669 адамға мүгедектік белгіленбеді, оның ішінде:
209 – МӘС-ке сапасыз және негізсіз жолдамаға байланысты;
460 – қайта куәландыру кезінде толық оңалуына байланысты.
Алғаш рет мүгедектік белгіленгендер: барлығы 2 366 азамат.
I топ – 311 адам;
II топ – 927 адам;
III топ – 539 адам;
18 жасқа дейінгі балалар – 589 адам.
Қайта мүгедектік белгіленгендер: барлығы 6 765 азамат.
I топ – 289 адам;
II топ – 2 244 адам;
III топ – 2 742 адам;
18 жасқа дейінгі балалар – 1 490 адам.
Талдау барысында негізгі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және олардың туындауына ықпал ететін факторлар айқындалды.
2.1. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзу тәуекелі
Ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бірі – мерзімі өткен құжаттар болған жағдайда, оның ішінде жеке басын куәландыратын құжаттың, 031/у нысанындағы медициналық құжаттың мерзімі өтіп кеткен кезде, сондай-ақ қызмет алушының басқа өңірде тіркелуі жағдайында МӘС жүргізу мүмкіндігі.
Мұндай жағдайларда маманның шешім қабылдау мүмкіндігінің болуы адами фактордың ықпалын арттырады және заңнама талаптарының біркелкі қолданылмауына алғышарттар қалыптастырады.
Ұсынылады:
Ақпараттық жүйеде құжаттардың қолданылу мерзімдерін және қызмет алушының тіркелген жері туралы мәліметтерді автоматты түрде тексеруді, сондай-ақ белгіленген талаптарға сәйкессіздіктер анықталған кезде мемлекеттік қызметті одан әрі көрсетуді автоматты түрде бұғаттау мүмкіндігін қарастыру.
Бұл шара субъективті факторды барынша азайтуға және белгіленген талаптардың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2.2. Қызмет алушымен тікелей байланыс салдарынан сыбайлас жемқорлық көріністерінің туындау тәуекелі
МӘС маманының қызмет алушымен тікелей өзара іс-қимылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатуы мүмкін факторлардың бірі болып табылады, әсіресе мүгедектікті, оның тобын, мерзімін және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын белгілеуге тікелей әсер ететін мәселелерді қарау кезінде.
2025 жылы 10 235 мемлекеттік қызметтің 4 705-і, яғни 45,96 %-ы сырттай-проактивті форматта көрсетілді. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейде белгіленген 42,5 % көрсеткіштен жоғары.
Куәландырулардың едәуір бөлігін сырттай-проактивті форматқа көшіру МӘС мамандарының қызмет алушылармен тікелей байланысын азайтуға ықпал етуде.
Ұсынылады:
Сырттай-проактивті форматты қолдануды кезең-кезеңімен кеңейту мүмкіндігін қарастыру, оның ішінде азаматтың жеке қатысуынсыз сараптама жүргізуге объективті мүмкіндік беретін барлық нозологиялық нысандарды сырттай-проактивті форматқа көшіру арқылы оны барынша мүмкін көлемде қолдану перспективасын қарастыру.
Бұл ретте сараптамалық шешімдердің сапасы мен негізділігін бақылаудың тиімді тетіктерін қамтамасыз ету қажет.
2.3. Сырттай-проактивті куәландыру кезінде мүгедектікті негізсіз белгілеу немесе ауырлату тәуекелі
Сырттай-проактивті форматта құжаттарды қарау кезінде медициналық ұйымдар пациенттің денсаулық жағдайы туралы толық емес, дұрыс емес немесе объективті емес мәліметтер ұсынған жағдайда негізсіз сараптамалық шешім қабылдау тәуекелі бар.
031/у нысанында қамтылған медициналық деректердің дұрыстығы ерекше маңызға ие, өйткені аталған мәліметтер медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің негіздерінің бірі болып табылады.
Ұсынылады:
031/у нысанын ресімдейтін және оған қол қоятын медицина қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және өз құзыреті шегінде ұсынылатын медициналық мәліметтердің дұрыстығы, толықтығы және объективтілігі үшін дербес жауапкершілігін күшейту мәселесін қарастыру.
Сондай-ақ медициналық ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді АЦС «ЦБДИ» деректерімен автоматтандырылған түрде салыстыру мүмкіндігін қамтамасыз ету орынды.
2.4. Мүдделер қақтығысының туындау тәуекелі
Жекелеген ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелі – МӘС қызметкерлерін, сондай-ақ олардың жақын туыстарын сол бөлім мамандарының куәландыруы.
Мұндай жағдайлар мүдделер қақтығысының туындауына немесе қабылданатын сараптамалық шешімнің объективтілігіне негізді күмән келтіруге алғышарттар қалыптастыруы мүмкін.
Ұсынылады:
-АЦС «ЦБДИ-де» «Цифрлық отбасы картасы» цифрлық жүйесімен интеграциялау арқылы ықтимал мүдделер қақтығысын анықтаудың автоматтандырылған тетігін қарастыру;
-анықталған сәйкестік туралы басшыға немесе уәкілетті тұлғаға автоматты түрде хабарлау мүмкіндігін қарастыру;
-МӘС қызметкерлері мен олардың жақын туыстарын куәландыруды басқа өңірлердің МӘС бөлімдерінде жүргізу үшін жолдау мүмкіндігін қарастыру.
Аталған шараларды іске асыру жеке мүдделіліктің сараптамалық шешімге ықпал ету тәуекелін жоюға немесе едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
МӘС қызметінің ашықтығын арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және мемлекеттік қызмет көрсетудің объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында Департаментте ұйымдастырушылық және профилактикалық іс-шаралар кешені іске асырылды.
МӘС бөлімдерінің барлық кабинеттерінде аудио және бейнежазба функциялары бар бейнебақылау камералары орнатылды. Бейнебақылау жүйесінің жалпы мониторлары Департамент басшысының кабинетінде орналастырылды.
Департамент ғимаратының екінші қабатындағы келушілерді күту холында ақпараттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бұрыш жаңартылып, орналастырылды. Онда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша материалдар, мүгедектікті белгілеу жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі туралы ақпарат орналастырылды.
Сондай-ақ ақпараттық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бейнематериалдарды көрсету үшін теледидар орнатылды.
Қызмет алушылар үшін шағымдар мен ұсыныстар жәшігі орналастырылды.
Ашықтықты қамтамасыз ету және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында облыс аудандарында МӘС бөлімдерінің көшпелі отырыстарын өткізу кезінде аудио және бейнежазба жүргізіледі. Сонымен қатар мамандар денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері мен облыс аудандарының тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Облыс халқының әлеуметтік саладағы заңнамалық өзгерістер туралы хабардарлығын арттыру және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында МӘС бөлімдерінің мамандары 2025 жыл ішінде бірқатар іс-шаралар өткізді.
Атап айтқанда:
Ақмола облысының «Бірлік» мүгедектігі бар адамдар одағы» ЗТБ базасында азаматтарды қабылдауға қатысу – 4 іс-шара;
МӘС базасында ЗПО және МӘС-тің өзекті мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізу – 1;
мемлекеттік органдар өкілдерімен, оның ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ақмола облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментімен, денсаулық сақтау басқармасымен және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Ақмола облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің департаментімен кеңес өткізу – 1;
Ақмола облысы әкімдігі жанындағы үйлестіру кеңесінің отырыстарына қатысу – 2;
жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының базасында Ашық есік күндері шеңберінде МӘС мәселелері бойынша азаматтарды қабылдауға қатысу – 1;
«Amanat» партиясының жергілікті филиалының базасында азаматтарды қабылдауға қатысу – 2;
денсаулық сақтау басқармасының базасында медициналық ұйымдардың пациенттерді МӘС-ке дайындауы кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мәселелері бойынша оқыту семинарларын өткізу – 3;
Департаменттің әдеп жөніндегі уәкілі тарапынан МӘС қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу – 5;
Департамент басшылығы тарапынан мемлекеттік қызметшілердің қоғамдық орындардағы әдеп нормаларын сақтау мәселелері бойынша семинар өткізу – 1.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына жол бермеу, әкімшілік кедергілерді азайту және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында 2025 жылы мынадай нормативтік және ұйымдастырушылық шаралар іске асырылды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 5 маусымдағы № 168, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2025 жылғы 9 маусымдағы № 292/НҚ және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 11 маусымдағы № 56г бірлескен бұйрықтарымен жекелеген нозологиялық нысандар бойынша, оның ішінде балалардағы мукополисахаридоз, Даун синдромы (ауруы), туа біткен және жүре пайда болған ақаулар – аяқ-қолдардың болмауы және/немесе ампутациясы кезінде куәландыруды сырттай-проактивті форматта жүргізудің ерекше тетігі енгізілді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 4 қарашадағы № 347, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2025 жылғы 11 қарашадағы № 571/НҚ және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 5 қарашадағы № 136 бірлескен бұйрықтарымен көзбе-көз куәландыру кезінде электрондық кезек енгізілді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 2 мамырдағы № 131 бұйрығымен 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа және 2023 жылғы 29 маусымдағы № 263 «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Нәтижесінде сырттай-проактивті куәландыруға жататын нозологиялық нысандардың тізбесі кеңейтілді.
Электрондық кезек жобасын іске асыру мақсатында МӘС әдіснамасы және жетілдіру департаментінің басшысы А. Дюсенов пен бас сарапшысы М. Ашетованың қатысуымен, Департамент басшысы Н. Шерьяздановтың және МӘС мамандарының қатысуымен 2025 жылғы 28 қарашада Департамент пен денсаулық сақтау басқармасының базасында семинар-кеңес өткізілді.
Сонымен қатар 2025 жылғы 3 желтоқсанда МӘС әдіснамасы және жетілдіру департаментінің бас сарапшысы М. Бектурованың қатысуымен онлайн-кеңес өткізілді.
Сырттай-проактивті куәландыруға жататын аурулар тізбесін кеңейту аталған форматтағы куәландыру үлесін куәландыруға жататын адамдардың жалпы санының 45 %-ына дейін жеткізуге бағытталды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысында 10 235 адам куәландырылды, оның ішінде 4 705 адам немесе 45,96 %-ы сырттай-проактивті форматта қаралды.
Осылайша, Ақмола облысы бойынша белгіленген көрсеткіш орындалып, 45,96 %-ды құрады, бұл Қазақстан Республикасы бойынша 42,5 % көрсеткіштен жоғары.
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 156-бабына сәйкес мүгедектікті белгілеу жөніндегі мемлекеттік қызметті сырттай-проактивті форматта көрсетуге тәуелсіз сарапшыларды тарту көзделген.
Осыған байланысты сырттай-проактивті медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу кезінде АЦС «ЦБДИ»-дегі материалдарды қарауға тәуелсіз сарапшыларды барынша, перспективада 100 пайыздық көлемде тарту мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.
Денсаулық сақтау ұйымдарының жоғары білікті мамандары қатарынан бейінді дәрігерлерді сараптамаға тарту:
-бейінді мамандардың білімі мен тәжірибесін пайдалануға;
-сараптамалық шешімдердің сапасы мен негізділігін арттыруға;
-күрделі және даулы жағдайларға қосымша тәуелсіз бағалау жүргізуге;
-медициналық-әлеуметтік сараптама рәсімінің ашықтығын арттыруға;
-сараптамалық шешім қабылдау кезінде субъективті ықпал ету тәуекелін төмендетуге;
-азаматтардың мүгедектікті белгілеу рәсіміне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
МӘС әдіснамасы және бақылау бөлімі МӘС бөлімдері қабылдаған сараптамалық шешімдердің негізділігіне бақылау жүргізеді, бақылау тәртібімен қайта куәландыру жүргізеді, сондай-ақ сараптамалық шешімдерге қатысты өтініштер мен шағымдарды қарайды.
2025 жылы бақылау және шағымдарды қарау шеңберінде барлығы 275 қайта куәландыру жүргізілді, бұл куәландырылған адамдардың жалпы санының 2,9 %-ын құрайды.
Оның ішінде:
Бақылау тәртібімен қайта куәландыру – 58:
сырттай – 6;
көзбе-көз – 52;
сараптамалық шешім 11 жағдайда, яғни 18,9 %-да өзгертілді.
Шағымға байланысты қайта куәландыру – 198:
сырттай – 105;
көзбе-көз – 93;
сараптамалық шешім 37 жағдайда, яғни 18,8 %-да өзгертілді.
Сонымен қатар МӘС әдіснамасы және бақылау бөлімі 2025 жылы 1 917 МӘС актісін тексерді, бұл актілердің жалпы санының 18,9 %-ын құрайды.
Тексеру барысында анықталған ескертулер бақылау іс-шаралары барысында жойылды.
Алынған көрсеткіштер ішкі бақылауды одан әрі жетілдіру қажеттілігін, оның ішінде автоматтандырылған бақылау тетіктерін кеңейту және тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану арқылы жетілдіру қажеттілігін көрсетеді.
Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша мынадай шараларды іске асыру ұсынылады.
Сараптамалық бағалауды объективті түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін барлық нозологиялық нысандар бойынша мүгедектікті белгілеу жөніндегі мемлекеттік қызметті негізінен сырттай-проактивті форматта көрсетуге кезең-кезеңімен көшу мүмкіндігін қарастыру.
Ол үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің АИС «ЦБДИ»-мен одан әрі интеграциялауды қамтамасыз ету қажет.
Бұл ретте материалдарды бастапқы қарау кезінде, техникалық және заңдық тұрғыдан мүмкін болған жағдайда, дербестендірілмеген деректерді пайдалану субъективті фактордың ықпалын қосымша төмендетуге мүмкіндік береді.
Күтілетін нәтиже: МӘС мамандары мен қызмет алушылар арасындағы тікелей байланысты қысқарту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, рәсімнің объективтілігі мен ашықтығын арттыру.
МӘС материалдарын, ең алдымен күрделі, даулы және біржақты бағалауға келмейтін жағдайлар бойынша қарауға тәуелсіз бейінді медициналық сарапшыларды тарту мүмкіндігін қарастыру және олардың қатысуын барынша мүмкін деңгейге дейін кеңейту перспективасын қарау.
Күтілетін нәтиже: сараптамалық шешімдердің объективтілігін, сапасы мен тәуелсіздігін арттыру.
Ақпараттық жүйеде автоматты түрде мынадай тексерулерді көздеу:
-жеке басын куәландыратын құжаттың қолданылу мерзімін;
-медициналық құжаттаманың белгіленген талаптарға сәйкестігін;
-тіркеу туралы мәліметтерді;
-қажетті медициналық құжаттардың болуын;
-медициналық ақпараттық жүйелерден келіп түсетін мәліметтердің сәйкестігін.
Сәйкессіздіктер анықталған кезде жүйе пайдаланушыға автоматты түрде хабарлауы және тиісті құқықтық негіздер болған жағдайда бұзушылық жойылғанға дейін қызметті одан әрі көрсетуді бұғаттауы тиіс.
АЦС «ЦБДИ»-ні «Цифрлық отбасы картасы» жүйесімен интеграциялау арқылы қызмет алушы МӘС қызметкері немесе оның жақын туысы болып табылатын жағдайларды автоматты түрде анықтауды көздеу.
Мұндай жағдайларда материалдарды басқа аумақтық МӘС бөлімшесіне қарауға автоматты түрде жолдауды қарастыру.
Медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижелері бойынша қалыптастырылатын мүгедектік туралы анықтаманы, АОЖБ-ны және өзге де құжаттарды қағаз жеткізгіште міндетті түрде алуды алып тастау ұсынылады.
Сараптамалық шешім қабылданғаннан кейін тиісті құжаттарды электрондық түрде автоматты түрде қалыптастырып, азаматтың тиісті мемлекеттік электрондық порталының немесе мемлекеттік қызметтерді көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйенің жеке кабинетіне орналастыру орынды.
Азаматқа:
-сараптамалық шешімнің нәтижелерімен өз бетінше танысуға;
-электрондық құжаттарды жүктеп алуға;
-оларды электрондық түрде сақтауға;
-қажет болған жағдайда құжаттарды өз бетінше басып шығаруға;
-оларды мемлекеттік органдар мен ұйымдарға электрондық түрде ұсынуға мүмкіндік берілуі тиіс.
Құжаттарды қағаз жеткізгіште алу мүмкіндігін сақтау орынды, алайда оны міндетті шарт ретінде белгілемеу қажет.
Мұндай тәсіл сараптамалық шешім қабылданғаннан кейін мүгедектігі бар адамдардың аумақтық департаменттерге қосымша жүгіну қажеттілігін жоюға және әкімшілік кедергілерді төмендетуге ықпал етеді.
МӘС рәсімі аяқталғаннан кейін азаматқа қатысты құжаттар мен мәліметтердің толық жиынтығы бірыңғай жеке кабинет арқылы электрондық түрде қолжетімді болуын қамтамасыз ету орынды.
Бұл:
- азаматтардың қайталап жүгінуін болдырмауға;
-аумақтық бөлімшелерге жеке бару санын азайтуға;
-кезектер мен әкімшілік жүктемені азайтуға;
-қағаз құжат айналымын қысқартуға;
-тұрғылықты жеріне қарамастан құжаттарға қашықтан қолжетімділікті қамтамасыз етуге;
-мүгедектігі бар адамдар үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға;
-әлеуметтік шиеленісті төмендетуге;
-МӘС қызметінің ашықтығын арттыруға;
-азамат пен лауазымды тұлғаның тікелей өзара іс-қимылына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Куәландыру нәтижелерін МӘС әдіснамасы және бақылау бөлімі жүргізетін тексерулер кезінде біркелкі түсіндіруді қамтамасыз ету, куәландыру нәтижелерін бағалау кезінде объективтілік пен тәуелсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында бастапқы МӘС бөлімдері мен МӘС әдіснамасы және бақылау бөлімін ұйымдастырушылық тұрғыдан бөлу мәселесін қарастыру ұсынылады.
Мүмкін болатын нұсқалар ретінде:
Бұл ретте куәландыруды тікелей жүзеге асыратын органның оның қызметінің нәтижелеріне әдіснамалық бақылау мен тексеру жүргізетін органнан тәуелсіздігін қамтамасыз ету орынды.
Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес 2025 жылға Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің (бұдан әрі – Бөлім) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Бөлімнің штаттық саны 10 адамды (бөлім басшысы – 1, бас мамандар – 9) құрады.
Талдау жүргізудің мақсаты – Бөлімнің өз функционалдық міндеттерін жүзеге асыруы барысында, оның ішінде Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласында 17 мемлекеттік қызмет көрсету кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық факторлары мен ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, сондай-ақ анықталған тәуекелдердің алдын алуға және оларды барынша азайтуға бағытталған шараларды айқындау.
Талдау объектісі – Бөлімнің құжаттарды қабылдау және қарау, электрондық істерді қалыптастыру және өңдеу, зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау және қайта есептеу, азаматтардың өтініштерін қарау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша шешімдер қабылдау, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді пайдалану жөніндегі қызметі.
Талдау шеңберінде Бөлім көрсететін 17 мемлекеттік қызмет қаралды, олардың көрсетілу тәртібі мен шарттары, әкімшілік рәсімдердің реттілігі, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде әрбір кезеңдегі лауазымды тұлғалардың өкілеттіктері, тиісті шешімдерді қабылдау үшін негіздер, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушылармен өзара іс-қимыл мәселелері зерделенді.
Талдау барысында 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Ақмола облысындағы зейнетақы және жәрдемақы алушылардың саны 306 429 адамды құрағаны анықталды.
2025 жылдың 12 айында Бөліммен 92 966 шешім бекітілді, оның ішінде жаңадан тағайындау бойынша – 47 882 шешім, қайта қаралған істер бойынша – 45 084 шешім.
Тағайындаудан 74 іс макеті бойынша бас тартылды (жаңадан тағайындау бойынша – 59, қайта қаралған істер бойынша – 15).
Басқа мемлекеттік органдардан еңбек өтілі мен жалақыны растау мәселелері бойынша келіп түскен 10 089 сұрау салу орындалды.
Нормативтік-құқықтық актілердегі қайшылықтар
Әкімшілік және сот практикасы
2025 жылға сот істерінің жалпы саны 476 істі құрады, оның ішінде азаматтық – 469 іс, әкімшілік – 1 іс.
Ақпараттық процестер. Құжат айналымы. Есепке алу және есептілік
Кіріс және шығыс хат-хабарларды қабылдау, өңдеу, тіркеу және жіберу жөніндегі міндеттер құжат айналымын ұйымдастыруға жауапты мамандарға жүктелген.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау және қарау «Құжаттар» және «е-Өтініш» жүйелері арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау
Талданатын кезеңде «Е-Өтініш» қабылдау және өңдеу бірыңғай платформасы арқылы 1 535 өтініш келіп түсті. Оның ішінде шағымдар – 22, өтініштер – 531, басқалары – 982. 9 өтінішке шағым жасалды. Оның ішінде Бөліммен 1 135 өтініш қаралды. 545 азаматты қабылдау (консультация беру) жүргізілді.
Өтініштерді және оларға берілген жауаптарды зерделеу барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.
Барлық өтініштер белгіленген мерзімдерде қаралды. Талданатын кезеңде азаматтардың өтініштерін қарау нәтижелері бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылған Бөлім қызметкерлері жоқ.
Бөлімде өтініштерді қарау жұмысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Бөлім қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында мамандар күнделікті негізде Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша азаматтарға консультациялар береді.
Ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету
Халық арасында мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жандандыру мақсатында интернет-ресурстарда, сондай-ақ Facebook, Instagram, TikTok, Telegram әлеуметтік желілерінде Департаменттің жүргізіп отырған жұмысы туралы өзекті ақпарат орналастырылады, мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және ішкі бақылау бойынша өткізілетін іс-шаралар жарияланады.
Нормативтік-құқықтық актілердегі қайшылықтар
Талдау барысында оқу-өндірістік комбинатта (бұдан әрі – ОӨК) оқу кезеңін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде есепке алуға қатысты әртүрлі тәсілдердің қайшылығы анықталды.
Оқу-өндірістік комбинаттың мәртебесін айқындау және оқу кезеңін еңбек өтіліне есепке алу мүмкіндігі бойынша нормативтік-құқықтық актілерде қайшылықтардың (екіұштылықтың) болуы анықталды.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде мектептерде оқу кезеңін еңбек өтіліне қосу көзделген.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 726 «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 50 «Білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік номенклатурасын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығына сәйкес оқу-өндірістік комбинат негізгі, жалпы орта, жалпы орта білім беру ұйымдарын қоса алғанда, орта білім берудің құрамдастырылған ұйымдарына жатқызылған.
Бұл ОӨК-тегі оқу кезеңінің тікелей мектептегі оқуға жататыны немесе кәсіптік даярлықтың дербес түрі болып табылатынын анықтау кезінде екіұштылық туындатуы мүмкін.
Көрсетілген нормаларды әртүрлі түсіндіруге байланысты құжаттарды қарау кезінде әртүрлі шешімдер қабылдануы мүмкін: ОӨК-де оқу кезеңі еңбек өтіліне енгізілуі немесе енгізілмеуі мүмкін.
Ұсынылатын шешу жолы: Жоғары тұрған мемлекеттік органға Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 208-бабы 1-тармағының 14) тармақшасына оқу кезеңіне қатысты нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу мәселесін қарау туралы ұсыныс жолдау, атап айтқанда, «мектептерде» деген сөздерден кейін «орта білім беру ұйымдарын қоспағанда» деген сөздермен толықтыру.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы бақылау
Бөлім мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету салаларында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады, оның ішінде Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарының сақталуы мәселелері бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
Мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бекіткен және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен келісілген жартыжылдық кесте шеңберінде бару арқылы профилактикалық бақылауға жататын бақылау субъектілерінің тізіміне сәйкес жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, бөлім Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша бақылау субъектілеріне жоспардан тыс тексерулер жүргізеді.
Тексерулер тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде, ал бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау - бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындау туралы актінің негізінде жүргізіледі.
Тексерулер мен профилактикалық бақылауды тағайындау туралы актілер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелуге жатады.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бақылау бөлімінің штат саны 3 бірлікті құрайды, оның ішінде 1 бөлім басшысы және 2 бас маман.
2025 жылы бөлім халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманың сақталуы мәселелері бойынша 42 бақылау іс-шарасын жүргізді, оның ішінде 37 - бақылау субъектілеріне бару арқылы профилактикалық бақылау және 5 - жоспардан тыс тексеру.
Жүргізілген бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша 153 бұзушылық анықталып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 24 нұсқама берілді. Заңды тұлғаларға қатысты жалпы сомасы 1 454 840 (бір миллион төрт жүз елу төрт мың сегіз жүз қырық) теңге мөлшерінде 4 әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылық шаралары қолданылды. 4 әкімшілік айыппұлдың барлығы толық көлемде орындалды.
2025 жылы Ақмола облысында 41 ұйым лицензия алды, оның ішінде:
стационарлық үлгідегі — 10 (10 мемлекеттік);
жартылай стационарлық үлгідегі — 9 (9 ҮЕҰ);
уақытша болу үлгісіндегі — 5 (1 мемлекеттік, 4 ҮЕҰ);
үйде қызмет көрсету үлгісіндегі — 18 (18 мемлекеттік).
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 230 «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы бұйрығына сәйкес, осы саладағы уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті болып табылады.
Бөлімнің қызметіндегі ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдері
Бақылау бөлімі тексерулер жүргізу кезінде негізгі кезеңдердің бірі анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беру болып табылады.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 152-бабының 7-тармағына сәйкес нұсқаманы орындау мерзімдері оны орындау мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайларды ескере отырып айқындалады, бірақ нұсқама табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кем болмауға тиіс.
Бұл ретте қолданыстағы заңнамада анықталған бұзушылықтарды жоюдың нақты белгіленген мерзімдері (мысалы, 3 ай, 6 ай немесе 1 жыл) көзделмеген. Нұсқаманы орындау мерзімі әрбір бақылау субъектісіне қатысты нақты мән-жайларды ескере отырып, жеке тәртіппен айқындалады.
Нұсқамаларды орындау мерзімдерін айқындау бойынша нақты белгіленген критерийлер мен бірыңғай тәсілдердің болмауы оларды белгілеу кезінде субъективті көзқарас таныту мүмкіндігін туғызады, бұл бақылау субъектілеріне қатысты заңнама талаптарының әртүрлі қолданылуына әкелуі мүмкін және тиісінше қосымша сыбайлас жемқорлық тәуекелін туындатады.
Сонымен қатар, нұсқамалардың орындалуын бақылау бойынша жоспардан тыс тексерулерді тағайындау және жүргізу мерзімдерінің нақты регламенттелмеуі, сондай-ақ оларды тағайындау негіздерінің біркелкі қолданылмауы ұқсас жағдайларда әртүрлі шешімдер қабылдау тәуекелін туындатады. Бұл жекелеген бақылау субъектілеріне қатысты жоспардан тыс тексеруді негізсіз тағайындауға, мерзімдерін ауыстыруға немесе жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы шешім қабылдамауға әкелуі мүмкін.
Бөлім қызметіндегі проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстар
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 152-бабына анықталған бұзушылықтардың сипаты мен дәрежесіне қарай нақты мерзімдерді немесе оларды айқындау критерийлерін белгілеу бөлігінде тиісті өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру.
Ықтимал тәсіл ретінде мынадай мерзімдерді белгілеу ұсынылады: өрескел бұзушылықтар бойынша - 6 айға дейін; елеулі бұзушылықтар бойынша - 3 айға дейін.
Бұл ретте нақты мерзімдерді бұзушылықтың сипатын, қажетті іс-шаралардың көлемін және оны жоюдың объективті мүмкіндігін ескере отырып белгілеу орынды.
Бірыңғай критерийлерді белгілеу құқық қолдану практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік бақылау органдары қызметінің ашықтығын арттыруға және нұсқамаларды орындау мерзімдерін айқындау кезінде субъективті көзқарас таныту мүмкіндігін төмендетуге мүмкіндік береді.
Жоспардан тыс тексерулерді тағайындау мен жүргізудің бірыңғай тәртібін белгілеу - нұсқамалардың орындалуын бақылау бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізу туралы шешімдер қабылдаудың бірыңғай тәртібін, критерийлері мен мерзімдерін нормативтік тұрғыдан бекіту. Бұл заңнаманы біркелкі қолдануды қамтамасыз етуге және жекелеген бақылау субъектілеріне негізсіз артықшылықтар берілу тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бөлім қызметкерлерінің штат санын ұлғайту - жүктеменің артуына, мемлекеттік бақылау саласының кеңеюіне және бөлімге қосымша функциялардың жүктелуіне байланысты қызметкерлердің штат санын ұлғайту мәселесін қарастыру.
Бөлім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру - қызметкерлерді мемлекеттік бақылау мәселелері, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманы қолдану, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, сондай-ақ әкімшілік жауаптылық шараларын қолдану мәселелері бойынша қосымша оқытуды ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру.